Кейкі үңгірі

Ел басына күн туған шақта ұлт бостандығы үшін басын бəйгеге тіккен есіл ер Кейкі еді. Ол Қызыл империя тұсында өз орнын еншілеп алмаса да ұлт шежіресіне өшпестей із қалдырған тұлға. Оның азан шақырып қойған есімі – Нұрмағанбет, руы Құлан Қыпшақ. 1871 жылы «Байтума» қопасында (қазіргі Қостанай облысы, Аманкелді ауданы аумағы) кіндік қаны тамған ол аймақтың ауқатты адамы Рахмет Шашанбайұлының малын қорып, барымтаға аттандыратын білекті де жүректі адамы болған.

Жастайынан аңшылығы, мергендігі, өжеттігімен өңірге ерте танылған. Осылайша елге есімі белгілі болған Кейкі Көкембайұлы 1916 жылғы «Маусым жарлығына» қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып, ұйымдастырушы қатарында болған. «Мергендер жасағын» басқарған.
Қайран, есіл ер! Соқтықпалы, соқпақты заманның шырмауына іліксе де азаттықты аңсаумен өтті. Қылышынан қан тамған Қызыл империяның бұғауына түспей аласұрды. Сөйтіп жүріп, өз дəуірінің «көкжалы» атанды. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне байланысты «Аманкелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама ел аузында осы күнге дейін сақталып қалған. Ол «Күйік» қопасындағы көтерілісте Торғай қаласын қоршау кезінде жəне патшаның жазалаушы отрядына қарсы соңғы ұрыс – «Доғал шайқасында» ерекше ерлік көрсеткен батыр. Бертінге дейін Қорғасын өңірінде Кейкінің көзін көрген көне қариялар оның өжеттігі мен мергендігі жайлы сыр шертетін. Оның дəлелі 1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Аманкелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі қудалауға ұшырап, Қызылқұмға, Қорғасынға бой тасалауға мəжбүр болады. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Əскери далалық сот құрылып, осы құрыққа «Аманкелдінің жақтасы» ретінде Кейкі бірден ілігеді. Сөйтіп, іс насырға шауып, 1922 жылы көктемде Кейкі комиссар Александр Токаревты атып өлтіреді. Бұл суыт хабар шұғыл түрде Торғайға жетіп, ол жақтан взвод командирі Стукан бастаған ЧОН-ның əскері шығып, Кейкіні іздестіруге кіріседі. Ақыры, Жыланшық өзені бойындағы «Жалаулы» деген жердегі қыстаққа түнеуге тоқтағанда Кейкіні қолға түсіреді. Сол жолы есіл ер қызылдармен болған атыста 1922 жылы 29 наурызда қаза табады. Қызыл жендеттер батырды айуандықпен өлтіріп, оның екі қолын, басын кесіп алады.
Бұл кезең Кейкінің есімін естігенде «сары орыс» селк етіп, «қызылдың» қаны басына шапқан кезі еді. Сол қуғын-сүргінде Кейкі Шеңбердегі Қараторғай өзенінің бойындағы шатқалда бой тасалаған көрінеді. Өзі тастан өріп жасаған бұл қорған сырттан қорғануға, жасырынуға, дұшпандарына қарсы оқ атуға өте ыңғайлы болған деседі. Үңгірдің іші төртбес адам сиятындай көлемде. Тастардың арасынан мылтық атуға арнайы орын жасалған. Бүгінгі Қорғасын ауылынан 8 шақырым жердегі екі бөлмелі үңгір Кейкі дəуірінің жанды айғағы іспеттес.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.