Шаруасы келіскен фермер
Ұлытау тауларының бір сілеміне жататын Арғанаты тауының етегінде айтулы шаруа қожалығының бірі – Жалын ЕСКЕНОВТЫҢ қыстағы бар. Бұл жер бұрын «Шонтық» деп аталатын. Қазір «Төрехан» шаруа қожалығы деп аталып жүр. Оның да өзіндік себебі бар. Жалынның арғы атасы Төрехан қажы дəулетті, бай адам болған деседі. Осыған ырымдап шаруа қожалығының атауын «Төрехан» деп атапты.
Ал, Жалынның əкесі Əмірəлі Ескенов Кеңес Одағы тұсында Шеңбер ауылдық кеңесін басқарып, агроном қызметінде атқарған. Анасы Сара Оңдыбаева №2 Қорғасын орта мектебінде математика пəнінен сабақ берді. Бұл отбасындағы сегіз баланың ішінде Жалын төртіншісі еді. Ол жастайынан ауылдың қоңыр тірлігіне ерте араласты. Мал-жай, қора-қопсы шаруаларын айтқызбай орындап тастайтын əдеті бала жасынан қалыптасқан. Кішкене күнінен ол ауыл шаруашылығы саласының маманы болуды армандады. Ақыры, сол ниетін іс жүзінде жүзеге асырды. Талап кеңшарындағы ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, зоотехник мамандығын алып шықты. Техникумның жолдамасымен туған жері – Шеңбер кеңшарына келіп, өз мамандығы бойынша №1 фермада еңбек етті. Жұмыс барысында Жалынның білікті қабілеттілігіне ауыл халқы риза болатын. Зоотехник бола жүріп, мал емдеу, егу жұмыстарымен де қоса айналысты. Оның өз ісіне тиянақтылығымен ерекшеленуі əрдайым өзін биікке көтеретін. Мұндай қасиет – салмақты мінез, алдына қойған міндетті тыңғылықты орындау оған əкесінің қанымен дарып, анасының ақ сүтімен берілген. Өйткені, əкесі Əмірəлі балаларын жастайынан еңбекке баулыды. Балалары да əке тəлімін үлгі-өнеге етіп, ақылын тыңдап өсті.
Жекешелендіру саясаты басталған бетте Жалын «Шонтық» қыстағын жекешелендіріп алды. Сол маңдағы жайылымдар мен шабындықтарды иелігіне алып, жеке шаруа қожалығын құрды. Бұл – 1994 жыл болатын. Ол кез халықтың жекешелендіруді əлі толық түсініп бола қоймаған кезі еді. Ал, Жалын болса, бұл іске батыл кірісті. «Болар бала бесігінде бұлқынар, болар құлын желісінде жұлқынар» демекші, ол бала күнінен еңбекқор еді. Малға жақын жүретін. Əрі екі-үш жылдай ауыл шаруашылығында жинақтаған тəжірибесі бар болғандықтан ең бірінші өзіне сенді. Көп ойланбастан мал шаруашылығымен айналысуды бірден қалағаны сондықтан. Қазақта «Көргені жақсы – көш бастайды» дегендей, Жалынның да көргені мен көкейіне түйгені аз емес еді. Оның əкесі Əмірəлі кешегі Кеңес заманында кеңшардың экономикалық тұрғыдан дамуына сүбелі үлес қосқан жандардың бірі. Өмірінің соңына дейін ардагерлер ұйымын басқарды. Ел алдында сыйлы кісі болды. Осындай ортадан тəрбие алған Жалын əкесінің ұйымдастырушылық қабілетін көзбен көріп, көкейіне тоқып өсті. Жеке шаруа қожалығын құрған кезде жұмысты неден бастап, қалай жүргізерін білмей дағдарып тұрған шақта əке ақылына сүйенді. Өйткені, ол кезде Жалын небəрі 24 жаста тұғын. Алдындағы мал саны да аздау болатын. Бар болғаны 8 бас жылқы, 6 бас ірі қара, 70 бас қой еді. 1995 жылы кеңшар тарағанда əкесі мен бауырларына азын-аулақ үлес тиді. Онысы «К-700» тракторы мен «Енисей» комбайны болатын. Сол жылы комбайнмен шөп шапты. Сөйтіп жүріп, қиындыққа мойымай маңдай терімен келер табыстың ащы да, тəтті де дəмін татты. Нағыз еңбек адамына лайықты табандылық Жалынның бойында сол кезде қалыптасты. Бозбала кезінен басталған еңбек жолдары оны шымыр да, шыныққан жігерлі азамат болып шығуына ықпалын тигізді. Сондай күйбең тірліктің арасында жүріп ауылдас қызы Айкүміске үйленді. Ауыл тірлігін жақсы білетін Айкүміс ата-енесіне қалтқысыз қызмет етіп, тілін таба білді. Келген қонақты да күтіп, үйдің шырайын кіргізіп отырды. Табиғатынан еңбекқор ол сырттағы шаруаларды да ерімен бірдей атқарды. Жалынның ең басты қолдаушысы да, көмекшісі де Айкүміс болды. Жұбайы мал соңында жүргенде үй шаруасын дөңгелетіп, балаларына қарап, сиырын сауып, қаймағы мен құрт-майын дайындады. Жаз айында бал қымызды баптау, оның маусымдық жұмысына айналды.
Міне, осылай мал бағудың бейнеті мен зейнетін зайыбымен қатар көріп, тірліктің кедергілерінен сүрінбей өткен Жалын азаматқа тəн шыдамдылық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Жылдан-жылға шаруа қожалығының жұмысын жақсы жолға қоя білді. Төрт түлік мал басын едəуір көбейтті. Қазір шаруа қожалығында екі үйір жылқы, 90 бас ірі қара, 500 бас қой бар. Техникалары да жеткілікті. МТЗ-82 маркалы төрт тракторы, «КДП»-4 шөп шалғысы мен тырнауыштары бар. Қыстан қысылмай шыға алады. Жем-шөп қоры биылғы қысқа жетерлік.
Бүгінде мал өнімдерін қала базарларына шығарып, Ұлытау ауданының ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік үлес қосып келе жатқан шаруа қожалығының бірі. Отыз жыл ішінде Жалын отарлап қой, табындап ірі қара, үйірлеп жылқы өсіріп, шаруашылығын қарқынды дамытты. Аудандағы алдыңғы қатардағы шаруа қожалықтарының бірі ғана емес, бірегейі десек артық айтпағанымыз болар…
Қайрат ЖҰМАБАЙ.