Елді елеңдеткен 1 жыл
Қарапайым халық «Тәжтажал» деп айдар таққан коронавирус инфекциясының Қазақстанға келгеніне, міне, тура бір жыл һәм бір апта болды. 16 наурыз күні елімізде ресми түрде карантин жарияланып, коронавируспен күрес басталған болатын. Содан бері тынымсыз арпалысып келеміз…
ҚАТАҢ КАРАНТИН
Қытайдың Ухань қаласында у-шу болып жатқанда бұл кесел бізге келмейтіндей көрініп еді. Бірақ, 13 наурыз күні шетелден келген бір туристен коронавирус табылып, ол іле-шала күллі Қазақстанды жайлап кетті. Қауға тиген өрттей болды. Айналасы бірер аптаның ішінде Қазақстанның барлық аймақтарынан сырқат белгілері біліне бастады. Ақыры елде қатаң карантин жарияланды. Біздің Ұлытау өңірінде де төтенше жағдай режимі енгізіліп, блок-бекеттер қойылды. Онда дәрігерлер мен полиция қызметкерлері кезекшілікке тұрды. Көптеген ұйымдар мен кәсіпорындар, білім беру мекемелері мен балабақшалар қашықтықтан жұмыс істеу форматына көшуге мәжбүр болды. Ал, ақжелеңді жандар үшін нағыз аласапыран басталды…
АРПАЛЫС
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Танабаевтың айтуынша, эпидемиялық жағдай ушыққан осы бір жылдың ішінде Ұлытау ауданында 87 адам індетке шалдығып, 2 адам қайтыс болыпты.
– Ауданда алғашқы сырқат маусым айында тіркелді. «Жомарт» кенішінде жұмыс істейтін Ұлытау селосының тұрғынынан алынған ПЦР-тест оң нәтиже берді. Жалпы, бұл кезде село орталығынан 15-ке жуық адам сырқатқа шалдықты. Мұндай жағдайлар, Жезді, Қарсақбай кенттерінде де орын алды.
Эпидемия өршіп тұрған кезде аудандық ауруханада 15 арнайы орын жабдықталды. Бірақ, сырқаттардың дені симптомсыз болғандықтан, үйлерінде емделді. Ал, ауыр және орташа жағдайдағы тұрғындар Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы емдеу мекемелеріне жіберілді.
Коронавирус індеті тудырған пневмония дертіне шалдыққандар қатары көбейгенде, қос қалада маман дәрігерлер мен өкпеге жасанды жолмен ауа беретін аппараттар жеткіліксіз болды. Қарағанды қаласынан дәрігерлер келді. Ауруханаларда қайтыс болған кісілер саны арта түсті. Міне, осындай қысылтаяң шаққа кәсіпкерлер мен іргелі кәсіпорындар көмек қолын созды. Ауруханаларға төсек-орын, құрал-жабдықтар келе бастады. Осылайша, көп болып жұмылғанда кеселдің беті қайтты, – дейді Ерлан Әлмұханұлы.
ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ
– Осы қысылтаяң кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге Үндеу жариялап, халықты сақтық шараларын сақтауға, шектеу талаптарына түсіністікпен қарауға шақырды. Жер-жердегі сияқты Ұлытау ауданында да қоғамдық орындар мен сауда орындарында санитарлық талаптардың сақталу жайын бақылайтын арнайы мобильді топтар құрылды. Олардың жұмысы күшейтілді. Сол кездері Ұлытау селосының орталығында 2 мобильді топ, ал, кенттер мен ауылдық округтердің әрқайсысында бір-бірден жұмыс тобы құрылып, олар барлық қызмет көрсету орындарында рейд жүргізді. Мобильді топтар мен жұмыс топтары барлық мекеме, ұжымдарды аралап, карантин шараларының талаптарымен таныстырды, жадынамалар таратты. Десек те, елдің бәрі айтқанды екі етпей орындады дей алмаймыз. Карантин шектеулерін бұзған нысан иелері де болды. Оларға айыппұл салынды, – дейді ауданның бас санитар дәрігері.
ВАКЦИНАЦИЯ
Әлемде пандемия басталысымен ғалымдар екпе әзірлеуге кірісіп кетті. Ең жылдам нәтижеге американдық «Pfizer» компаниясының ғалымдарымен күш біріктірген немістің «Biontech» компаниясының мамандары қол жеткізді. Дәл осы дәрі Еуропалық одаққа мүше елдер аумағында қолдануға болатын дәрі-дәрмектердің Еуропалық агенттігінің мақұлдауын бірінші болып алды.
Көрші Ресейде «Спутник-V» вакцинасы өткен жылдың жазында жасалып, тамыз айында тіркелді. Препарат адам аденовирусына негізделген векторлық вакцина болып табылады. Мұндай әзірлемелер Ресейде 90-жылдардың ортасынан бастап бар.
Ресейлік екпе мұқият сыналды. Содан кейін ғана жаппай егу басталды. Ал біздің елімізде екпе алу 1 ақпаннан басталғаны мәлім. Айта кетейік, вакцина салу біздің ауданда алдағы айда басталады деген болжам бар. Ерлан Танабаевтың айтуынша, бүгінгі күні аудандық ауруханаға арнайы мұздатқыш жеткізіліп орнатылыпты. Ендеше, көп кешікпей екпе де келері анық. Ал ол екпені биыл ауданның 311 тұрғыны алады деп жоспарланған.
ТҮЙІН
Міне, пандемия басталғалы бергі бір жыл һәм бір аптадағы жағдай – осындай. Әрине, қазір індет жұқтыру жағдайы былтырғы жылға қарағанда саябырсыған сыңайлы. Әйтсе де, тұрғындардың салғырттығынан сырқат толық сырылмай жатыр. Аудан бойынша 2021 жылдың қаңтар-наурыз айларында 6 науқас тіркелген (Ұлытау – 4, Қоскөл – 1, Қарсақбай – 1).
Олардың 2-уі – жұмыссыз, 2-уі – қызметкер, 1-уі – кенші және 1-уі – 9 айлық нәресте.
Бүгінгі күні Жезқазғандағы инфекциялық ауруханада 1 науқас емделуде. Жоғарыда аталған науқастармен тығыз қарым-қатынаста болған барлығы 44 адам анықталып, үй жағдайында оқшаулауға жіберілді. Қазір 33 адам – үй жағдайында карантинде. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай емес. Мұның бәрі халықтың бейқамдығынан, шектеу шараларына, санитарлық талаптарға жүрдім-бардым қарауынан орын алып отыр.
«Сақтансаң, сау боласың» деген қағиданы ұмытпайық, ағайын!
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ