Туберкулез туралы не білу керек?
Туберкулез — ежелгі жұқпалы аурулардың бірі. Роберт КОХ 1882 жылы туберкулез қоздырғышын ашты жəне бұл жұқпалы ауру екенін дəлелдеді. XX ғасырға дейін туберкулез іс жүзінде емделмейтін болған. Туберкулез əлемдегі ең көп таралған инфекциялардың бірі. Микроскоп астындағы туберкулез микробы қатты ұлғайған кезде кішкентай таяқша тəріздес болып көрінеді, сондықтан туберкулез таяқшасы деп аталды.
Туберкулез дегеніміз не?
Туберкулез – бұл өкпе жəне лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Туберкулез – бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларының — сүйектердің, бүйректердің, мидың жəне ми қабықтарының, терінің, көздің жəне басқа ағзалардың да зақымдануы. Алайда өкпе туберкулезі жиі кездеседі.
Жұқтырудың негізгі көзі — туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микобактерияны бөлетін адам.
Туберкулез қалай тарайды?
Туберкулез адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырғанда өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерімен демалуы жеткілікті. Туберкулез қоздырғышы сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады. Науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлеген кезде қоршаған ортаға миллиондаған микобактерияларды бөледі, олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады жəне көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін.
Туберкулез ауруына тек адамдар ғана емес, сонымен қатар малдар да шалдығады: сиыр, ешкі, түйелер. Адамдар ауру жануардың сүті, немесе етін қолданғанда жұқтыруы мүмкін.
Науқас өмір сүретін жерде санитариялық жағдайлар мен сақтық шараларын сақтау өте маңызды. Егер өкпе туберкулезімен ауыратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, онда ол айналадағыларға қауіпсіз. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды. Туберкулез ауруымен ауыратын ата-аналардың балалары сау болып туады. Алайда, барлық сақтық шараларын сақтамаған жағдайда бала туберкулезді жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін.
Туберкулез микобактериялары адам ағзасына түскен кезде ауру жұқтырылады, бірақ туберкулез ауруының дамуы əр жағдайда болмайды. Өкпе туберкулезінің ауруы иммунитет төмендеген, жеткіліксіз тамақтанған, санитариялық-гигиеналық жағдайларды сақтамаған жағдайда орын алады. Негізінен иммунитеті нашар жас балалар, жыныстық жетілу кезеңіндегі жасөспірімдер жəне иммунитеті төмен қарт адамдар ауырады.
Туберкулез ауруына ықпал ететін факторлар
1. Толыққанды тамақтанудың болмауы.
2. Туберкулезбен ауыратындармен тығыз, ұзақ қарым-қатынас жасау (кішкентай балаларға қысқа мерзімді қарым-қатынастың өзі жеткілікті).
3. Маскүнемдік.
4. Темекі шегу.
5. Нашақорлық.
6. Ілеспе аурулардың болуы (диабет, асқазан жарасы, өкпенің созылмалы аурулары).
Туберкулез белгілері?
1. Ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел.
2. Шаршау жəне əлсіздік.
3. Дене салмағының төмендеуі.
4. Температураның ұзақ көтерілуі.
5. Түнде тершеңдік.
6. Кеуде қуысындағы ауырсыну.
7. Қан түкіру
Туберкулезді қалай анықтауға болады?
1. Тері туберкулин сынамасы (Манту) адамның жұқтырғанын көрсетеді.
2. Рентгенологиялық тексеру (флюорография) өкпенің зақымданғанын көрсетеді.
3. Қақырықты зерттеу жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды.
Туберкулездің алдын алу шаралары
1. Салауатты өмір салты. Бұл мақсатқа жету үшін ең жақсы жолы — күн тəртібін құру жəне ағзаны шынықтыру.
2. Таза ауада серуендеу, күн жəне су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу, демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі, толыққанды, дəрумендерге бай тамақтану, жеткілікті жəне уақтылы ұйқы, яғни дұрыс гигиеналық тəртіп адам ағзасының нығаюына ықпал етеді жəне оны туберкулез ауруынан қорғайды.
3. Жыл мезгіліне қарамастан, таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу қажет, өйткені таза ауа ағзаға жақсы əсер етеді жəне шынығудың тамаша жолы болып табылады.
4. Жеке гигиена ережелерін сақтау: жуу құралдарын жəне ағынды суды пайдалана отырып, қолды, ыдыстарды жуу, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау жəне желдету, ет пен сүтті міндетті термалық өңдеу, жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану.
5. Жөтел этикетін сақтау.
6. Гигиеналық тəртіптің маңызды бөлімі дұрыс тамақтану болып табылады. Адам тəбетінің жоғарылауына ықпал ететін жəне ағзамен жақсы сіңіретін түрлі тағамдарды жеу керек. Тағам құрамына ақуыздар, майлар мен көмірсулардан басқа, міндетті түрде витаминдер мен минералды тұздар кіруі тиіс. Ақуыздар ет, сүт, сүзбе, жұмыртқада болады; көмірсулар — қант, нан, картоп, жармада. Витаминдер мен минералды тұздар негізінен жаңа піскен көкөністер мен жемістерде болады.
7. Туған кезде БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау .
8. Туберкулезді дер кезінде диагностикалау.
Батырхан ИВАНТАЙ,
Ұлытау аудандық
Ұлттық Сараптама
Орталығының басшысы.