Мал ұрлығы – қоғамдық мәселе
Мал ұрлығы – Қазақстанның ауылдық өңірлерінде кең тараған жəне ауыл шаруашылығына үлкен зиян келтіретін қылмыстардың бірі. Бұл тек жекеменшікке зиян тигізіп қана қоймай, ауыл тұрғындарының əлеуметтік тұрақтылығына да қауіп төндіреді. Соңғы жылдары құқық қорғау органдары бұл мəселені шешу үшін нақты қадамдар жасауда. Мал ұрлығы Қазақстанда ауылдық жерлердегі өзекті мəселелердің бірі болып қалып отыр.
Мал ұрлығы бұрыннан келе жатқан қылмыстардың бірі. Тек ежелгі кезде мал ұрлауды қазақтар қылмыс деп есептемеген. Себебі ол кезде малды рұқсатсыз айдап əкетуді «Барымта» деп санаған. Ал «Барымта» байырғы қазақ қоғамындағы құндауына, жесір дауына, жер дауына, басқа да даулы мəселелерге байланысты билер кескен құн мөлшерін айыпты жақ өтей алмағанда құндаулаушылардың қарсы жақтан өрістегі жылқыларды шауып, айдап əкетуі деп түсіндірілген. Кейде барымтаның əділеттілікті қалпына келтіруге септескен жайлары да кездесіп отырған. Сондықтан рулы елдің есесін жібермей, тиісті құнды амалсыздан осындай жолмен қайтаратын намысты, қарулы жігіттерді барымташы деп дəріптеп қоятыны да болған.
Кейіннен Қазақ елі Ресейдің қол астына өткеннен кейін көптеген əдет-ғұрып қағидалары өзінің бастапқы мəн-мағынасын жоғалтты. Əсіресе, құн өтеу амалы — Барымта мал ұрлау мен талан-тараж, шапқыншылық ретінде есептелген.
2019 жылдың 27 желтоқсанына дейін мал ұрлығына арналған арнайы бап Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде болған жоқ. Ол қылмысты 188-баппен, яғни жай ұрлық бабымен осы уақытқа дейін қарап келген. Заман талабына орай қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілгеннен кейін ҚР ҚК-де мал ұрлау 188-1-бабы пайда болды.
Мал ұрлығы бойынша заң қаталдандырылды, бұл бап бойынша ең ауыр жаза он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру болып табылады. Мал ұрлығы бабының қатаңдығының тағы бір көрінісі, ол қылмыс түрін жасаған адамдарға «Рақымшылық актісі» туралы Заңның нормаларының қолданылмауы.
Жалпы қылмыстың бұл түрімен күресу үшін не істеу керек деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, халықтың құқықтық мəдениетін жоғарылату керек, құқықтық тəрбиені, құқықтық оқытуды жастар арасында жүргізу қажет жəне құқық қорғау органдарына халық болып осы қылмыс түрін жасаған адамдар туралы ақпарат жинауға көмек көрсету қажет жəне де халықтың əлеуметтік жағдайын жақсартуға аса назар аудару керек. Міне сол кезде мал ұрлығы бəсеңдеуі мүмкін.
Қорытындылай келе, мал ұрлығының азаюы ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл мəселені шешу үшін құқық қорғау органдары мен қоғам бірлесіп, жұмыс істеуі қажет.
Ұлытау ауданының прокуратурасы.