Ел жобалардың жемісін көріп отыр

«Ауылға барам, жол жүрем бүгін ел жаққа», деп темір тұлпарларының тізгінін ауылға бұратындар көбейді бүгінде. Өйткені, ана бір жылдардағыдай емес, ауылдың ахуалы жақсарып, елдің еңсесі көтерілген. Қазір ауылдағы тұрмыс қаладағыдан кем емес. Шүкір…

Мұның бəрі əрине, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан түрлі бағдарламалар мен жобалардың жемісі. Оны Қаракеңгір ауылынан да айқын аңғаруға болады. Кешегідей емес, шағын ауылдың шаруасы түзеліп, ауылды өркендетуге, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар, мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, өзінің оң нəтижесін беріп жатыр. Бір ғана «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы ауылдың əлеуетін көтеруге үлкен септігін тигізді. Ауыл əкімі Жалғас Төренің айтуынша, аталмыш бағдарламасы аясында ауылішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көшелердің сəні кіріп қалған.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша облыстық жəне аудандық бюджеттерден 104 млн. 642 мың теңге бөлінді. Бұл қаржыға Аманат көшесіндегі 1,085 шақырым жəне Жерұйық көшесіндегі 1,645 шақырым жол орташа жөндеуден өтуде. Оның ішінде облыстық бюджеттен 94 млн. 178,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 10 млн. 464,0 мың теңге қаралған. Аталған жұмысқа ашық конкурс жарияланып, «Торгово-производственная компания Арша» ЖШС мердігер болып анықталды. Аталмыш компания 2024 жылдың қыркүйек айында жөндеу жұмыстарын бастап, Аманат жəне Жерұйық көшелеріндегі жолды тегістеп, суағар құбырларын орнату жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта Аманат көшесіне асфальт төсеу жəне жол белгілерін орнату жұмыстарын жүргізіп, жұмысты толық аяқтау жоспарлануда. Бұл ауылда атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана, – дейді Жалғас Төре.
Ауыл туралы тозып барады, халқы қалаға босып жатыр, жұмыс жоқ деген əңгіме бүгінде көп айтыла бермейтін болған. Рас, шешімін күткен мəселелер жоқ емес, десек те, жоғарыда айтып өткеніміздей елдің тұрмыс-тіршілігі қаладан бір мысқал кем емес. Газ жоқ демесеңіз тұрғындарға қажетті инжинерлік инфрақұрылымдар ауылда да жолға қойылып келеді. Жолдар жөнделіп, əлеуметтік маңызы бар нысандар алыстан менмұндалап тұрады. Мұндай игілікті істер Қаракеңгір ауылында да атқарылып жатыр. Ол жайында ауыл əкімі Жалғас Төре ағынан жарыла əңгімеледі.
– Аудан əкімінің қолдауымен Қаракеңгір ауылдық округінің Мəдениет үйі ғимаратына модулді қазандық орнату жұмыстарына 12 млн 623 мың теңге қаржы қаралып, 9 млн 999 мың 999 теңгеге «NSO group» ЖШС-гі жеңімпаз ретінде анықталды. Қазіргі уақытта аталған мердігер модулді жылу қазандығын орнату жұмыстарын жүргізуде. Мектеп ғимаратының екінші қабатының жылу жүйесін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 5 млн 573 мың 120 теңгеге «Диар» жеке кəсіпкерлігі жеңіп алып, оны ойдағыдай жүргізді. 7 млн 268 мың 700 теңгеге спорт залы ағымдағы жөндеуден өтті. Оны «МегаГаз» жеке кəсіпкерлігі жүргізді, – дейді ауыл əкімі.
Ауыл əкімі округте орын табиғи жағдайда жəне техногендік əсермен орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алуда да ауқымды жұмыстар жасалынып жатқанын тілге тиек етті. Əсіресе дала өртінің алдын алу бойынша село əкімінің өкіміне сəйкес жедел топ күш құрамы құрылған. Сонымен қатар селолық округ бойынша 10 адамнан тұратын еріктілер тобы жұмыс істейді. Жыл басынан бастап селолық округ бойынша 3 дала өрті тіркеліп, аудандық өрт сөндіру бөлімі, құрылған ерікті өрт сөндірушілер құрамы жəне өрт сөндіру бекеті қызметкерлерінің қатысуымен төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары жүргізіліп, апаттың беті қайтарылған.
Əкім айтқан əңгімеге қарағанда округте мал басының өсімі де байқалады. 2024 жылдың 1 шілдесінедегі есеп бойынша ірі қара – 5093 бас, жылқы – 6330 бас, ұсақ мал – 7631 бас болған. Осы мал басын қыстан шығынсыз шығару үшін қажетті жем-шөп қоры да жасалыпты. Атап айтқанда, ауылдық округ бойынша 16161 тонна мал азығы дайындалған.
– Биыл шабындықтарда шөптің шығуы мол болды. Бозтұмсық ауылындағы үй шаруашылықтарын жəне біршама шаруа қожалықтарын мал азығымен «Бекетай-Баба» шаруа қожалығы қамтамасыз етті, – дейді Жалғас Төре.
Округте шаруа қожалықтары ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту жұмыстарын да ұмыт қалдырып отырған жоқ. Биылдың өзінде округ бойынша жаңадан 7 ауылшаруашылық техникасын жəне қосалқы техникалар алыныпты. Мəселен, «Бекетай-Баба» шаруа қожалығы – 2 трактор жəне пресс-подборщик алса, «Амантөбе» шаруа қожалығы – 1 трактор қосалқы жабдығымен жəне қосалқы техникалар алған. Сондай-ақ, «Азиз» жəне «Қазыбек» шаруа қожалықтары да өздерінің техникалық парктерін жаңғыртыпты. Мұндай игі істен «Махат», «Құлмағамбет.Д» шаруа қожалықтары да қалыс қалып отырған жоқ.
Ауылдың ахуалын көтеруге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы да Қаракеңгір ауылында сəтімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін аталмыш жоба бойынша 2,5 % жеңілдетілген несие алуға 5 азамат құжат өткізген. 4 азамат (М.Кенгирбаев, Ж.Тусупбеков, Б.Бокенов, Д.Мамбетбаев) 28,7 млн.теңге несие алып, кəсіптерін жүргізуде.
Сол сияқты, «Агронесиелік корпорациясы» АҚ арқылы 8 шаруа қожалық жалпы көлемі 200,8 млн. теңгеге болатын несиесін алған. Оның ішінде «АгроБизнес» бағдарламасымен 5 шаруа қожалығы («Құлмағамбет.Д», «Азиз», «Бекетай-Баба», «Уткелбаев.Б», «Бекен Ерден») 110,8 млн.теңге, «Іскер» бағдарламасы арқылы 2 шаруа қожалығы («Құлмағамбет.Д», «Азиз») 41,4 млн.теңге, «Кеңдала» арқылы 1 шаруа қожалығы («Исмайл») 48,5 млн.теңге несие алыпты.
Қаракеңгір ауылы мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығы да қатар дамып келе жатқан бірден бір ауыл. Қазір ауылда 9 шаруа қожалығы осы сала бойынша жемісті еңбек етіп келеді. Биыл ауыл диқандары 10250 гектар жерге дəнді-дақылдар еккен еді. Оның 9630 гектары бидай, 620 гектары арпа. Күзгі жиын-терін де ойдағыдай өтті. Диқандар əр гектардан 10-11 центнерден өнім алып, 11275 тонна астық бастырды.
Ауыл əкімі əңгіме барысында шешімін күткен мəселелерді де бүгіп қалмады.
– Бозтұмсық ауылындағы электр жүйесінің тозуынан авариялық жағдайлар жиі болып тұрады. Трансформаторлар істен шығу алдында тұр. Екінші бір өзекті мəселе «Қаракеңгір» өзенінің үстінен өтетін көпірдің техникалық жағдайы. Көпір қазір апаттық жағдайда. Плиталарының арасы ашылып, мүжілуде. Көпірдің жиегіндегі қоршаулары түгел емес. Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. «Қаракеңгір-Ұлытау» бағытындағы облыстық дəрежедегі 40 км көтерме жолдың да жағдайы мəз емес. Бұл жолға 2020-2023 жылдары асфальттау жұмыстары жүргізілген болатын. Сапасыз жүргізілген жұмыстардың кесірінен облыстық дəрежедегі автокөлік жолы қайыра жөндеуді қажет етеді. Жол тегіс емес, тесілген, жол бойында шұңқырлар (яма), ұсақ толқындар (гормошка) пайда болған, жаңбыр жауған кезде жол бойындағы шұңқырларға су жиналады. Ол су қыста мұз болып, жолды одан сайын бүлдіреді.
Біз осы мəселені аудандық, облыстық сала мамандарына, тиісті мекемелерге айтып, мəселелерді шешу жолдарын ұсындық. Осы орайда жобалау-сметалық құжатын əзірлеуге бюджеттік өтінімді уақытылы қараса дейміз, – дейді Жалғас Төре əңгімесін түйіндей келе.
Ауыл – қазақтың күретамыры. Бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің, ұлт руханиятының, қазақы тəрбиенің қайнар көзі. Салт-дəстүр, мəдениеттің сарқылмас мол қоры да ауылда сақталған. Қазақты ауылсыз елестету қиын. Ендеше, ауылдың жақсаруы мен өркендеуі – бүкіл елдің дамуы. Сондықтан төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауылдағы кез-келген іске ірі, ұсақ деп қарамай жауапкершілікпен мəн беру керек…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.