Ұлытау – ұлтымыздың ұясы
Ұлытау – ұлтымыздың ғасырлар қойнауынан сыр шертетін шежіресі, ашық аспандағы тарихи ғажайып мұражайы. Желмаямен ел-жұртына жайлы қоныс, жерұйықты іздеген Асанқайғы бабамыз төңіректі төңкеріп, төрт бұрышын шарлап Ұлытауға келіп тоқтап, жердің сарқылмас байлығын көріп, «Елдің аласы, рудың таласы жоқ, бауыры құт, шөбі ет, суы сүт, жердің ортасы, елдің орда болатын мына Көктөбе мен іздеген Жерұйық осы болар» деген екен.
Бұл ел бастаған көсемдердің, сөз бастаған шешендердің, қол бастаған батырлардың ақылы терең даналардың, алыпты тапқан аналардың, құт-мекені болған. Бір сөзбен айтқанда, Тұранның тұрағы, ұлтымыздың ұраны болған жер. Тірлігінде ауасын жұтып, суын ішіп жүріп, елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтаған бабаларымыз өлгенде торқадай топырағын жамылып осында жатыр. Бұл жерде Алашахан, Жошыхан, Домбауыл батыр «Алтын Орданың» ханы Тоқтамыс, ел қамын жеген Едіге жатыр. Байлығы асқан, ырысы тасқан бұл өңірде дүниені дүр сілкіндірген Әмір-Темір екі жүз мың түнімен Тоқтамыс ханды шабуға келе жатып, осы жерге тоқпат, Ұлытаудың тамаша табиғатына қызыға қарап тұрып: «тау биік болмаса да, бауыры құт, халқы көрмейтін жұт, ғажап жер екен. Мұнда қандай ескерткіш қалдырсам екен. Алтын қойсам алып кетер, метеорит тасына атымды, осы жерде болғанымды жазып қалдырсам ұрпаққа жетер» деп екі жүз мың түменіне бір-бір тастан тастатып тау тұрғызып, басына балқыма пеш салдырып, талдан көмір жасатып, метеорит тасын балқытып, атын жазып, ескерткіш қалдырған екен. Ол жер қазір «Алтыншоқы» деп аталады. Әмір-Темірдің атын жазған тасы Сан-Петербургте Эрмитажда тұр. Ұлытаудың жиырма жеті дарасы бар, бас алған 6 өзеннің саласы бар, жиырма бір көл, тоқсан бір бұлақ аққан қазақтың ұлан байтақ даласы бар.
Ұлытауға 80-ші жылдары дүниежүзі қазақтары келіп, «Атажұртымыз» деп жерге аунап, бабалар аруағына дұға бағыштап, тауға тағзым етіп, бір уыс топырағын тұмар етіп тағып қайтты.
Ұлытаудың қасиеті солақай саясаттың ықпалымен көп жылдар бойы көмескіленіп қалды. Бұл жердің қайта түлеп, атағының асқақтауы еліміз егемендік алып, еңсемізді көтеріп, еркін көсілген кезден басталды. Осы кезде қазақ өзінің тарихын іздей бастағанда Ұлытау мен Ордабасына келіп тоқтады. Сөйтіп, 91-ші жылдардан бастап, Ұлытаудың тарихында жаңа өрлеу кезеңі болды. Ғасырлар қаптарында, тастарының тасасында, топырағының астында жатқан құпия сырлары ашылды. Бұл өңір мәдениет пен ғылым, білімнің ордасы, өнер ошағы болған. Бұған бабаларымыздың шексіз шеберлікпен, тамаша талғампаздықпен салған мәдени-тарихи ескерткіштер, жер астынан табылған қала құрылыстары дәлел бола алады. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, осыдан үш мың жыл бұрын салынған Басқамырдан табылған шаһарға қыш тұрбамен су құбыры тартылған. Онда кітапхана, мәдени ошақтар, керуен сарайлары болған, алғашқы мыс балқымасы осы жерден алынған. Яғни, сонау бізге беймәлім заманның өзінде бұл жерде өнер, білім, мәдениеті дамыған отралық болған деп айтуға әбден болған. Ал осы өңірдегі «Орта қамыр», «Аяқ қамыр», Сарыкеңгір өзенінің жағасындағы «Ордабазар», Арғанаты бауырындағы «Домбығұл сарайы» ашылса талай құпия сырларды ақтарары даусыз.
Қазақ тарихы алты облыспен шектесіп, 12,293105 гектар жерді алып жатқан ұлан-байтақ Ұлытау өңірімен тығыз байланысты. Осы қасиетті жерге егемен еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1993 жылы келіп, ата-баба рухына тағзым етіп, халықпен жүздескен сапарында «Ұлытау — ұлттың ұясы, оның мәртебесін көтеру керек» деп осы жерге мемлекеттің тұтастығы мен халықтар бірлігінің монументі қойылсын деп «Белгітас» қойылған. Қазіргі сол «Белгітас» орнына зәулім монумент Ұлытаудың «пирамидасы» орнатылды. Оның ашылуына мемлекеттің хатшысы Оралбай Әбдікәрімов, Әбіш Кекілбаев, атақты ақын Фариза Оңғарсынова, композитор Еркеғали Рахмадиев, ғалым Ақселеу Сейдімбеков, т.б. да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сонау бір бағзы заманда халықтың жауынан қорғанар қамалы, баспанасы, ашыққандардың тойынар асханасы, даналарымыз бас қосып, алқалы жиындар өткізіп, ақыл қорытар Астанасы болған Ұлытау – ұлтымыздың қасиетті қара шаңырағы, алтын ұясы.
Қаншама кең болса да аспан асты,
Бірліктің басталған жер бастамасы.
Көктөбе жер ортасы – осы Ұлытау,
Қазақтың болған бір кез Астанасы —
автордан.
Иә, ел арасында «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген көнермей, көнеден келе жатқан көркем сөз бар. Бұл халықтың осы жерге деген шексіз сүйіспеншілігін, алыста жүргендердің сарқылмас сағынышын, көрмегендердің көруге деген ынта-ықыласын айқын көрсетіп тұрғандай. Ежелден ел бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар халық алдында ант берген. Сол ант беру салтанаты тек осы Ұлытауда өтеді екен. Ант берудің басты шарты – атпай, тор құрып ұстаған ұлардың етін бір түйірден жеп, жиналғандарға бір түйірден тарататын болыпты. Егер олай болмаса ант берген болып есептелмейтін болған. Яғни, ұлардың етін жеу сенімнің символы болған. Ант қабылдау кезінде ұлар етінен ауыз тигендер өзін үлкен бақытты жан санайды екен. Мұны жоғарыдағы мақалдың өзі айтып тұрғандай. Ел аузындағы аңызға құлық салып, құлақ қойсақ, Дала пайғамбары Жаратушыдан (Зердеш) осы тауды мекендеп, басына шығып Алла
Тағаламен сөйлесіп тұрған дейді. Адамзаттың өсіп-өркендеуі, отырықшылық мәдениетінің қалыптасуы, өнердің өрістеуі осы жерден басталған. Әрине, бұл аңыз, аңыз түбінде ақиқат жатады. Бұл жер халықтың алғашқы тұрағы болғандығын, осы таудың «Елтұрағы», «Ертағы» деп аталуынан да аңғару қиын емес. Осы атын біздің білімділеріміз «Ертағы», «Кертағы» деп айтып жүр. Бұл аталғандардың да дәлелі бар шығар. Ал біздің көнекөз қариялардың аузынан естігеніміз «Елтұрағы», «Ертағы» деген ат. Мұны анықтауды ғалымдардың үлесіне қалдырайық.
Қия шыңдарында қыраны мен ұлары мекендеген, асқарында арқары мен тау текесі асыр салған, жазығында аңдары малмен бірге өрген, алқабында алтын астық жайқалған, өзен-көлдерінде балығы тайдай тулаған, құстары базар шулаған Ұлытау 8 өңірінде талай-талай тарихи оқиғалар өткен. Ғасырлар қаптарында қалып қоймай солардан бізге жеткен ұлы оқиғалардың бірі Үш Жүздің ел қамын жеген даналары осы жерде бас қосып, тарыдай пытырап, сыныптай сырғанап жүрген көшпелі елдің басын біріктіріп, іргелі, мықты елге айналдыру, ойына келгенді істеп ойран салып жүрген жауға бірігіп соққы беріп, елді, жерді қорғауда, тұтас күшке айналып, ел тұтқасын берік ұстау жөнінде алқалы мәжіліс болған. Сөйтіп, бұл жерде қазақ біртұтас болып, бірігіп, ақбоз ат шалып, ақ киізге салып, Абылайды хан сайлап, елдік пен ерліктің туы көтерілген. Сол мәжілісте ұлы іс тындырылып, ұлы мақсаттары жүзеге асқан дуалы халық даналары бұрын «Елтұрағы», «Мұзбел», «Кәрітау», «Көктөбе» аталып келген бұл тауға «Сенде ұлы іс тындырылды, енді сенің атың Ұлытау болсын» деген екен. Содан бері Көктөбе Ұлытау атанып, атағы асқақтап, исі қазақтың бас иіп, тағзым етер қасиетті жеріне айналған.
…Жоқ ешкім бірлік туын құлата алған,
Тау емес қалған мұра бұл атамнан.
Үш Жүздің бауырында басын қосып,
Көктөбе содан бері ұлы атанған…-автордан.
Сол бабаларымыз бас қосып, ел тағдырын шешкен, шексіз қазақтың ұлы даласын жаулап алмақ болған Жоңғар қалмақтарының Бұлантыда жолын кескен, біртұтас қазақ халқының қасиетті жерінде 1939 жылы 16 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Указымен бұрын Қарсақбай ауданына қарап келген Ұлытау өз алдына аудан болып бөлініп шықты. Бұл Указға осы Ұлытаудың Алғабаста туған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметіне дейін көтерілген жерлесіміз Әбсамат Қазақбаев қол қойған екен. Сол кезде аудан 23 колхоз болған. 1940 жылы 21 февральда 48 делегаттың қатысуымен өткен аудандық бірінші партия конференциясында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Аманжол Нұрманов, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып Н.Мамаев сайланды. Ал 1940 жылдың қараша айында аудандық газет дүниеге келіп, оның редакторы болып Ж.Кетіков қол қойды.
Ауданда 8 селолық, 1 поселкелік кеңес болды. Оларда 1779 үй, 8780 адам, оның 3200-ден астамы жұмысқа жарамды деп саналды. Ал ауданда 10682 қой, 9167 ешкі, 6377 ірі қара, 508 жылқы, 32 түйе, 75 шошқа болды. Ал жекеменшікте 1088 жылқы, 4190 ірі қара, 4665 қой, 5447 ешкі, 80 түйе өсірілді. Әр колхоз 30-40 гектардан ғана егін салды. Техника дегенді көрмек түгілі құлақ естімеген. Сауын сиырын түнде сауып, күндіз күш көлікке пайдаланды. Аудан бойынша небәрі 670 гектар егістік алқап игерілді. Бір колхозда 10 шақты өгіз арба, 5-6 темір соқа болса, басқа құрал-саймандар жеткіліксіз еді. Шөпті атмашиналармен шауып, өгіз арбамен қыстақтар басына тасыды. Адамдар таң біліне жұмысқа кетіп, түн ортасына дейін еңбек етті. Осындай ауыр жұмыстар жүргенде алатын еңбек ақылары да мардымсыз еді. Бірақ соның бәріне төзіп, белгілеген істі бітіріп отыратын.
Ол кезде басшылыққа біліміне қарамай еңбекті ұйымдастыруға қабілетті, іскер адамдар қойылды. Сол кезде селолық кеңестердің төрағалары, колхоз председательдерінің, басқа да басшы қызметкерлердің көбі хат танымайтындарына қарамастан көкірек көздері ашық, ұйымдастырушылық қабілеті күшті жандар болды. Олар оқымаса да саясатқа, шаруашылықты басқарып, жүргізуге келгенде өте сауатты еді. Солардың қатарында Әбіт Байшұманов, Әбдіғаппар Малгелдин, Сұлтанбек Таубаев, Кәрібай Найманбаев, Қоныс Мыңбаев, Әбдібек Әбілханов, Кәриев Сұлтанбек, Әбсалық Құлжабаев, Әне Сағымбаев, Қасым Баймендинов, Машайық Балдуов, Әділбек Кеңгірбаев, Дүйсенбек Төлегенов, Көпей Нұржанов, Жүнісбек Тойшыбеков, Хамзе Жанжігітов, Молдабай Кеңесов, Жалмағамбет Мұқанов, Балтабай Қазыбаев, Базыл Омаров, Біләл Әбеев, Дүйсенбек Бекенбаев, Төлепберген Қодықов, Торғай Атабаев, Мәди Шопағұлов, Баттал Дауынбаев, Әжігелді Бақбергенов, Аймағанбет Әбеев, Өтепбай Рысмағанбетов, Тілеу Аманов, Құрмаш Айманов, Қалқұл Тоқболатов, Естай Дүйсенов, Мұхамбетжан Кенжеболатов, Нашкен Ыдырысов, Жантілеу Анаров, Омар Айранбаев, Күнпейіс, Нұрпейіс Асылбаевтар, Ерғали Есенғабылов, Әлжан Есенғұлов, Әбдіраш Әлібаев, Қасымбек Бейісов, Ахмет Қодаров, Кенжебек Байқадамов, Әбжаппар Сүлейменов, Құрмансейіт Баймағанбетов, Жүнісбек Смайлов, Әжібек Бақбергенов, Құдабай Бекболатов, Қаратай Сейтенов, Жұмаділда Еділбаев, Әшім Ермағамбетов, Есжан Құланбаев, Базарбек Байболов, Кәтжан Байділдин, Байзақов Қомытбай, Шахмағамбет Нұрымбетов, Ахмедия Ділманов, Есілбай Әбдіғалиев, Сұлтания Бимағанбетов, Рахымжан Базарбаев, т.б. да әкелеріміз болды. Бұлардың бәрі қазір арамызда жоқ. О, дүниелік болған марқұмдардың жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа, жандары жәннатта болсын дейік. Біздің бүгінгі атқарып жүргеніміз солардың ісінің жалғасы. Өмірден өткен әкелеріміздің қазіргі кезде ұрпақтары бар екені даусыз.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
(Жалғасы бар).