Той өтті Ұлытауда дүбірлеген
Қазақ үшін Ұлт ұясы атанған Ұлытаудың орны – бөлек, маңызы – ерек. Ұлытау қазақ жерінің кіндігі, ту тіккен байтақ ордасы, хандыққа қазық болған, жалпақ жұртқа азық болған қасиетті мекені. Бүгінде Ұлытау ұлы бабалар ұстанымдарын ұмытпаған, ұлағат ұстынын ұлықтаған іргелі аудан. Сүйем жері – сүйкімді, қарыс жері – қасиетті, бірлігі бекем, түтіні түзу ұшқан ынтымағы келіскен өлке.
Ұлытау ауданы Қазақ КСР Жоғары кеңесінің төрағасы Əбдісəмет Қазақбаевтың қол қойған Жарлығымен 1939 жылы 16 қазанда құрылған. Биыл ауданның құрылғанына 85 жыл толып отыр. Қазір бақуатты мекен Ұлытау ауданының құрамында 12 ауылдық округ, 3 кент бар. Ауданның жер көлемі 12 293 105 гектарды құрайды. Халық саны 13 мыңға жуық. Өңірде 800-ге тарта тарихи-археологиялық жəне архитектуралық-мəдени ескерткіштер бар. Оның 386-ы мемлекет қорғауында 13 ескерткішке республикалық мəртебе берілген. Табиғаты да көркем, өсімдігі де мол. Өлкеде 90 түрлі емдік қасиеті бар жəне реликті өсімдіктер өседі. Тек Ұлытауда ғана өсетін 3 өсімдік «Улытауские эндомики» деген атпен Қызыл кітапқа енген. Қасиетті мекеннің қадір-қасиетін қазақ елі əлдеқашан мойындаған.
Бүгінгі Ұлытаудың 85 жылдық тойы халқымыздың тойы. Үш жүздің басын қосқан киелі өлкедегі елдіктің тойы. Өйткені, адамзат тарихының өсіп-өркендеуі, дамуы сатысы Ұлытау тарихымен тікелей байланысты. Ұлытаудың тойы бүкіл қазаққа ортақ той.
Ауданның 85 жылдығына арналған той түске дейін аудандық мəдениет үйінде, түс ауа орталық алаңда өтті. Той шымылдығы «Жігіттер» триосы орындаған «Ұлытау» əнімен түрілді. Содан кейін тойға арнайы келген меймандарға сөз берілді. Алғашқы құттықтау сөз Ұлытау облысының əкімі Дастан Рыспековке беріліп, облыс басшысы аудан жұртшылығын мерейтойымен құттықтады.
– Ұлытаудың мерейтойы баршамызға ортақ дүбір. Жер көлемі жағынан еліміздегі ең үлкен аудан саналатын Ұлытаудың даму тарихы əлі де тереңдей түседі деген сенім мол. Олай деуге толық негіз болатыны – өңірдің климаты да, жерінің құнарлығы да туризм, ауыл шаруашылығы, агроөнеркəсіп салаларын дамытуға мүмкіндік береді, – деді Дастан Адайұлы.
Сөз соңында облыс басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сəйкес, Ұлытау ауылдық округінің тұрғындары, көпбалалы ана Гүлім Нұрахметова мен Ақнұр Сартаеваға «Күміс алқа» белгісін табыс етті. Сонымен қатар, Ұлытау ауданының тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары жəне тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Батырлан Сəбденовке, Қоскөл ауылының тұрғыны Мешітбай Рахметовке, аудан əкімі аппаратының қызметкері Шолпан Үсенбаеваға облыс əкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Құттықтау тілектер одан кейін де жалғасып, облыстық мəслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов Қазақстан Республикасының Сенат төрағасы Мəулен Əшімбаевтың Ұлытау халқына жолдаған Құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті ұлытаулықтар! Сіздерді Ұлытау облысының күретамырына айналған Ұлытау ауданының құрылғанына 85 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлытау – құт дарып, кие қонған қастерлі мекен. Ұлт тарихы мен руханияты үшін өңірдің алар орны бөлек. Бұл өлке – қазақтың ұлы хандарының, билерінің жəне батырларының басын қосқан, өз заманында нағыз саяси өмірдің орталығы болған жер. Сондықтан Ұлытау ауданының облыс көлемінде ғана емес, еліміз бойынша маңызы жоғары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Ұлытау облысы құрылғаннан бері ауданның да даму қарқыны айтарлықтай арта түсті.
Қазіргі таңда да Ұлытау ауданы республикалық деңгейдегі маңызды оқиғалардың куəгері болып келеді. Оған ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны осы ауданда өтуі айқын дəлел. Бұл іс-шара Ұлытаудың стратегиялық жəне тарихи маңыздылығын тағы да бір мəрте айшықтай түскені анық. Алдағы уақытта да өңірдің жеңістері мен жетістіктері еселене берсін!
Ауданның 85 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, барша ұлытаулықтарға зор денсаулық, бақ-береке жəне амандық тілеймін!
Ұлт ұясы болған мекеннің абыройы асқақтап, мерейі үстем болсын! Елдігіміз – еңселі, Тəуелсіздігіміз баянды болып, қастерлі Ұлытау жасай берсін!» – делінген ҚР Сенат төрағасы Мəулен Əшімбаевтың Құттықтау хатында.
Бұдан кейін облыстық мəслихат төрағасы Ұлытау облысының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны жəне əлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен – Мибұлақ ауылдық округінің əкімі Сағындық Дəндібаев пен аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің қызметкері Жангүл Өмірбаеваны марапаттады.
Ал, өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін ұсынылатын «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағы Қаражігіт Əбдірахмановқа, Қамариден Есназаровқа, Тілеген Рахымбековке, Бейсенбек Əбілдинге берілді. Бұл қуаныш иелеріне Ұлытау ауданының əкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов құттықтау лебізін білдіріп, арнайы куəлік пен төсбелгілерін тапсырды. Сондай-ақ, бір топ азаматқа Ұлытау ауданының 85 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар тапсырылды.
Марапатталғандардың қатарында Ұлытау ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Құрманғали Тобашев, Жезді кентінің тұрғыны, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қадыр Құлахметов, Ұлытау ауданының бұрынғы əкімі Жаңбырбай Дəрібаев, Қаракеңгір ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Мақсұт Əленов, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Майра Серкебаева, Ұлытау ауданының экономика жəне қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин, Ұлытау ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Қияқбай Сəрсенов, Шеңбер ауылдық округінің əкімі Сағат Сұлтанов, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, білім саласының ардагері Шəрипа Сағадиева, Қарсақбай металлургиялық зауытының директоры Мұрат Мəткенов бар.
Телегей тілек құттықтаулардан кейін концерттік бағдарлама жалғасын тауып, той-думанның көрігін қыздырды. Келісті шараның ажарын Гүлмира Сыздықова мен Мəдина Жұмабаева кіргізді. Əншілер Жадыра Тілеубаеваның «Ұлытауым» əнін нақышына келтіре орындап, көрерменді əн бесігінде тербелтті. Тағы да тыңдарманның көңілін жадыратқан тұс «Асыл əжелер» ансамблінің репертуарларында орындалған «Тойға шашу», «Ақ əжелер» əндері. Өмірлерін əнмен өрнектеп жүрген əнші əжелер көрерменнің құлақ құрышын қандырып, тыңдарманға ерекше лəззат сыйлады. Одан кейін де «Шұғыла» би тобының бишілері мың бұралған ырғақты билерімен сахнаның сəнін кіргізді. Көрерменді таңғалдырған тағы бір кезі. Бексұлтан Барақбай мен Ақжол Əмірхан орындаған «Ұлытауым» əні болды. Олар да тыңдарманның жүрегін баурап, рухани қанағаттың қазығын шиырлата түсті. Осы тұста, облыстық II Ұлы Дала өнері байқауының бас жүлде иегері Ұлытау аудандық мəдениет үйі жанынан құрылған «Ұлытау сазы» этно-фольклорлық ансамблінің ұлттық аспаптарынан төгілген Нүриден Оспановтың «Жолбарыстың жортуы» күйі Ұлы Даланың үнін ғана емес, Алаш ұранды жұртымыздың жаны мен болмысын көрсеткендей болды. Ансамбль мүшелері қазақтың саф алтындай күй өнерін асқан шеберлікпен əсерлі жеткізді. Осындай əсер құшағында отырған шағымызда Нұржан Сүйінбаев орындаған Жақсыгелді Сейіловтің «Ұлытауым» əні тыңдарманды рухтандырып, көңілін асқақтатып əкетті. Əншінің көңіл сергітер əдемі əуені көрерменді өзіне тартып, жақындастыра түсті. Құлағымызға рухты саз, əуезді үні естілді. Жалпы, сол күні тақырыпқа сай əншілердің шырқаған əндері өнерсүйер қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Түс ауа іс-шара орталық алаңда ұлттық спорт ойындарымен жалғасты. Бабалардан қалған бəсекелердің бірі – «Жілік сындыруды» тамашалаушылардың қарасы да тым қалың болды. Бұл сайыста бірінші орынды Ғабиден Мырзабек, екінші орынды Рахат Ханафин, үшінші орынды Шəмшиден Мырзабек иеленді. Ал, садақ ату ойынында сайыскерлер өз мергендіктерін көрсетті. Бірінші орынға Əмірхан Махмұт, екінші орынға Руслан Мұқанов, үшінші орынға Болатбек Мұқанов қол жеткізді.
Бұдан кейін апайтөс, сом білекті жігіттер сынға түскен «Желке тартыс» ойынында да аптал азамат Бекзат Ермековтің бағы жанып, мерейі өсті. Ал, екінші орынға Рахат Ханафин ие болды. Үшінші орын жүлдесі Жамбұл Əлкеевке бұйырды. Мерейтойдың қызыққа толы тағы бір сайысы – «Қошқар көтеру» болды. Бұл жарыста қошқарды желкесіне көтеріп, бірнеше рет отырып-тұрған Ғабиден есімді жігіт басқалардан анағұрлым мықты екенін танытты. Ол жеңімпаз атанып, бəйгеге тігілген семіз қошқарды олжалады. Сондай-ақ, арқан тартыста да бір топ сайыпқырандар күш сынасты.
Келесі кезекте балуандар белдесіп, жұрттың делебесін қоздырды. Боз кілемде 24 балуан белдесті. Нəтижесінде 60 келі салмақ дəрежесінде үшінші орынды М.Еділбаев, А.Жақанов, екінші орынды О.Əліпов, бірінші орынды Е.Ізтілеуов жеңіп алды. 82 келіде үшінші орынды Қ.Жəкенов, Қ.Махмұт, екінші орынды Т.Кенжеғалиев, бірінші орынды Е.Төлеш иеленді.
Жеке салмақ категориялары аяқталған соң, түйе палуанға үміткерлер белдесті. Жанкүйерлердің күткені де осы сəт еді. Бұл тартыстың бəсі басқаларға қарағанда анағұрлым жоғары болды. Балуандар жеңісті оңайлықпен қолдан бере қойсын ба?! Бірін-бірі біраз діңкелетті. Боз кілемнің астан-кестеңін шығарып, шаңын қақты. Шешуші сəтте, сəтбаевтық балуан Ерасыл Нұғымат қарсыластарын қирата жеңіп, түйе балуан атанды. Жалпы, бұл жолы спорттық жарыстарға аудан төңірегінен ғана емес, облысымыздың түкпір-түкпірінен спортшылар келіп қатысты. Сонысымен ұлттық спорттық ойындар есте қаларлықтай қызықты өтті. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге заттай, ақшалай сыйлықтар берілді.
Кеш ауа той бағдарламасы облыстық Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармонияның əншілері мен эстрада жұлдыздары Нұржан Керменбаев бастаған өнер иелерінің Гала-концертіне ұласты. Той көрігі осы кезде де қызды. Эстрада əншілері інжу-маржандай əсем əндерін өнерсүйер қауымның назарына ұсынып, ғажайып рухани əсер сыйлады. Той соңы отшашумен тəмамдалды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.