Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, Ұлытау ауданының əкімі: «Ұлытау — құт-береке дарыған, өрісті өңір»
Биыл Ұлытау ауданы үшін мерейлі жыл. 1939 жылы 16 қазанда Ұлытау ауданының өз алдына дербес аудан болып құрылғанын айқындайтын тарихи құжат жарық көрген еді. Ол Қазақ ССР Жоғарғы Қеңесінің Жарлығы болатын. Ал бұл Жарлыққа қол қойған Ұлытаудың тумасы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, жерлесіміз Əбдісамат ҚАЗАҚБАЕВ. Содан бері де міне 85 жыл болды. Бұл – тарих үшін қас-қағым сəт болғанымен, осынау кезеңде аудан ғасырларға пара-пар жолдан өтті, жақсыны да, жаманды да көрді. Мерейтой қарсаңында біз аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВКЕ хабарласып, ауданның кешегісі мен бүгінгісі жайлы əңгімелескен едік.
– Аманжол Батырбекұлы, мерейтой құтты болсын!
– Рахмет. Бұл біздің аудан халқының ғана емес, тұтас өңірдің мерейлі мерекесі деп түсінем. Өйткені Ұлытау исі қазақтың қасиетті кіндік мекені болса, сол таудың баурайында шаңырақ көтерген шағын ауылдың аудан болып керегесін кергені бүгінгі Ұлытау облысы үшін айтулы күн деп түсінеміз. Ендеше, той да ортақ, қуаныш та ортақ.
– Жөн айтасыз. Ұлытау – ұлт ұясы. Ал, Ұлытау ауданы соның өзегі ғой. Əйтсе де, аудан өз тарихында небір аумалы-төкпелі кезеңдерді көп көрді. Əңгімені осыдан бастасақ.
– Иə, кешегі кеңестік заманның қасаң саясаты Ұлытау ауданының өсіп-өркендеуіне өз салқынын тигізгені тарихтан мəлім. Олай дейтінім, біздің аудан бірнеше рет біресе Қарсақбай ауданының, біресе Жезді ауданының құрамына кіріп, өз бетінше өрісін жая алмады. Бір-бірімен тіркес келген ашаршылық пен саяси репрессиялардан зардап шеккен қазақ елі еңсесін енді тіктей бастаған шақта жеке шаңырақ көтеру Ұлытау ауданы үшін оңайға түскен жоқ. Батыста соғыс өрті тұтанып, елең-алаң шақ туғанда Ұлытау ауданы өзінің экономикалық жəне əлеуметтік саладағы жаңа өмірін бастады. Сол кезде қаншалықты қиын жағдай болса да, партия мен үкімет халықты отырықшылыққа айналдырудың барлық шараларын жасады. Мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығы да қолға алынды.
«Жыртық үйге тамшы ауыр» демекші, небір зұлматтардан əупірімдеп шығып келе жатқан кезде төрт жылға созылған соғыс басталды. Бүкіл елдегідей, ұлытаулықтар да майдандағы жауынгерлерге азық-түлік пен киім-кешектен қолдарынан келгенінше жəрдем көрсетті. Соғыс жылдары Ұлытаудан майданға жүзден астам азаматтар аттанған екен. Ел басына күн туған шақта осындай ауыртпалықты бастан кешірген ұлытаулықтар соғыстан кейін де өзінің елдігін, рухының асқақтығын, қандай қиыншылыққа да төзімді қайтпас қайсарлығын, жасампаз еңбеккерлігін көрсете білді.
– Дұрыс айтасыз, небір тар жол, тайғақ кешуден өткен аудан ғой Ұлытау. Десек те Тəуелсіздік алғаннан кейін өңірде көптеген өзгерістер болды емес пе…
– Менің сəл шегініс жасап отырған себебім, өткенсіз бүгін жоқ, ал бүгінсіз ертең жоқ. Қазақ елі Тəуелсіздік алғанға дейін жетпіс жылдан астам уақытын Кеңес Одағының құрамында өткізді. Ол кезеңнің де өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері жеткілікті болды. Бұл – диалектика заңы, өмір заңы. Қоғам үшін де, адам үшін де өмірде тақтайдай тегіс жол жоқ. Тəуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы қиыншылықтар да көз алдымызда. Кеңес үкіметіне арқа сүйеп қалған қарапайым халық егемендікпен үзеңгілес келген нарық заңын əу баста түсіне алмады. Ауыл шаруашылығы – ауыр шаруашылыққа айналды. Кеңшарлар таратылып, оның бар мүлкі орынсыз талан-таражға түсті. Ел ішіндегі жұмыссыздық, еңбекақының, зейнетақының уақытында төленбеуі, кəсіпорындардың бірінен соң бірінің жабылуы аудан халқын əбден күйзелтті. Халық арасында іссапарларда болған аудан жəне барлық бөлім басшылары халықпен кездесу өткізді, тұтастай республика көлемінде осындай қиындық орын алып отырғаны, мұның уақытша жағдай екені, алда Тəуелсіздіктің үлкен нəтижелері күтіп тұрғаны халықтың санасына жеткізіле берді. Сол жылдары аудан шаруашылықтарында алғашқы жеке шаруа қожалықтары құрылып, шағын кəсіпорындар ірге көтерді, яғни, жаңа қоғамның талабына халық бейімделе бастады.
Адамзат үш мыңыншы жылдықты қарсы алуға дайындалған 2000 жылға қарай аудан экономикасы мен халықтың əл-ауқаты жақсара бастады. Өткен ғасыр халықтың қабырғасын қайыстырар небір қиындық кезеңдер əкелумен бірге, біз үшін ең қымбат сый – ата-бабамыз аңсаған Тəуелсіздікті тарту етті.
Тəуелсіздікті жаңа ғасырда баянды етіп, еліміздің экономикасының қуатты, əлемге танымал мемлекетке айналуына атсалысу – аудан халқының ең негізгі де басты міндеті болды. Еліміздің тарихи жолын ой елегінен өткізген адам Тəуелсіздік алған алғашқы тоғыз жыл ішінде қиындықтармен бірге қаншама жарқын істерге қол жеткізілгенін де түсінеді. Ауыр кезеңдерді артқа тастап, дамыған елдермен түрлі қарым-қатынастар орнатып, экономикамыз өрге басып келеді. Ең бастысы, жиырма бірінші ғасырға аяқ басар жылда біздің халқымыз қиыншылықтардың уақытша екенін, ең қымбат дүние – Тəуелсіздік екенін бар жанымен түсінді. Жер байлығы бар жерде ел байлығы болмай қоймайды. Жаңа ғасырға бүкіл еліміздегідей аудан халқы да зор намыспен, қажымас қайрат-жігермен, ұлттық биік рухпен қадам басты.
– Тығырықтан шығу қай кезеңдерде басталды. Қалай өрістеді? Сол кездер жайлы да бірер ауыз айта кетсеңіз. Ол да аудан тарихының бір жарқын беттері ғой. Солай емес пе?
– Əрине, тура солай. Əлігінде айтып өттім ғой, тəуелсіздіктің алғашқы жылдары өңіріміз үшін ауыр кезеңдер болды. Ел жаңаны бірден қабылдап кете алмады. Бұрынғының буыны əбден босаған еді. Осындай, əрі-сəрі күйде тұрғанда 2003-2005 жылдар «Ауыл жылы» деп аталып, осыған байланысты біздің ауданымызда да бизнес-инкубатор, жастар кəсіпкерлігін қолдау орталықтарының желісін дамыту, жас маман дəрігерлер мен педагогтерді ауылдық жерлерге жұмысқа орналастыру, оларға жағдай жасау, шығармашыл жастардың ауылдарға барып əртүрлі шаралар өткізуіне, балалар мен жастар арасындағы патриоттық тəрбиені күшейту саласында көптеген жұмыстар атқарылды. Қысқасы, ел Тəуелсіздігінің əрбір жылы Ұлытау ауданының халқы үшін айтарлықтай жаңалықтарға толы болды.
– Ауданмен аттас жаңа облыстың құрылуы ауданға не берді, қалай əсер етті?
– Біздің өңіріміз үшін 2022 жылдың үлкен серпіліс əкелгені белгілі. Ұлытау облысы өз алдына дербес шаңырақ көтерді. Облысқа ұлт ұясы — Ұлытаудың есімі берілді. Бұл да біз үшін үлкен мəртебе. Осы екі жылдың ішінде ауданымыз шынайы дамудың даңғыл жолына түсті. Ауданның экономикалық-əлеуметтік əлеуеті айтарлықтай көтерілді. Аудан орталығында заманауи əлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілді. Мұндай үрдістер шалғайдағы ауылдардан да көрініс тапты. Ауылдарда дəрігерлік-акушерлік пункттер салынып, ел оның игілігін көре бастады. Көп жылдардан бері жөндемді жөндеу көрмеген жолдар жаппайы жаңғыртылып жатыр. Аудан өзінің 85 жылдық мерейтойын осындай жетістіктермен қарсы алып отыр.
– Аудан өзінің мерейтойына қандай толайым табыстар əзірлей алды? Енді сол жайлы сөз етсеңіз.
– Ұлытау ауданының ағымдағы жылғы əлеуметтік-экономикалық дамуы да айтарлықтай. Статистикалық көрсеткіштері көрсеткеніндей, өсімнің оң динамикасы тұрақты байқалуда жəне ол аудан экономикасының елеулі даму үрдісі қалыптасқандығын дəлелдейді.
Атап айтқанда, Ұлытау ауданында 2024 жылғы қаңтар-тамыз айларында өнеркəсіп өнімін өндіру көлемі 3 827,0 млн.теңгені құрап отыр. Жоспар жыл соңына дейін толық орындалады. Негізгі капиталға инвестициялар салу 4 800,0 млн.теңге болды. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 2 701,5 млн.теңге болған еді.
Ауданда жұмыс істеп тұрған шағын бизнес субъектілерінің саны 1 894 бірлікті немесе өткен жылдың сегіз айымен салыстырғанда 99,0% көрсетіп отыр. Осы сегіз айдағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі де айтарлықтай өсті. 2524,0 шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беру жоспарланған, ол жыл соңына дейін орындалады.
Ауданның жетекші саласы – ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 25 537,0 млн. теңге, өсім 102,0%. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі ет 2,0%-ға, сүт 1,5%-ға, жұмыртқа алу 1,0%- ға өсті. Ауданда биылғы егін орағы да қарқынды өтіп, қамбаға мол астық құйылды. Дəнді дақылдардың əрбір гектарынан түсімі гектарына 9-12 центнер аралығын құрады.
Қысқы мал азығын дайындау барысында да ауыз толтырып айтарлықтай нəтиже бар. 2024 жылға 205 мың тонна шөп дайындау жоспары бекітілген. Бүгінгі күнге 260 мың тонна дайындалды (126,8%). Мал азығын дайындау жұмыстарына 262 трактор, 144 шөп орағы, 149 тырнауыш, 35 шөп тайлағыш, 100 дана шөп тиегіш ауыл шаруашылығы техникалары қатысты. Аудан халқына шөптің 1 бумасы 800 — 1000 теңге арасында, кебектің 1 тоннасы 70000 теңгеден сатылуда. Биылғы көктемгі ылғалдың мол болуынан шөптің түсімі өткен жылға қарағанда жоғары болуда.
– Бүгінде елдің еңсесін көтеруге ерекше ықпал ететін бағдарлама – «Ауыл аманаты» жайлы əр өңірде ауыз толтырып айтарлық істер бар. Бұл жоба Ұлытау ауданында қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Халықтың əлеуметтік əлеуетін көтеруге негізделген бағдарламалар да ауданда ойдағыдай орындалуда. Мəселен, «Ұлытау» ƏКК арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2023-2024 жылдары аудан бойынша 122 жоба қорғалып, 1 млрд 6 млн 989 мың теңге несиеге 1374 бас жылқы, 529 бас ірі қара, 452 бас қой алынды, 7 жоба бойынша 1 мал базасы, 1 тігін цехы, 2 монша, 1 жол бойындағы дəмхана, 1 туризм, 1 шағын бизнес орталығын дамыту қолға алынды. Ауданымызда 2 ауылшаруашылығы өндірістік кооператив 52,6 млн. тг несие алды. Осылайша, барлық кенттер мен ауылдық округтер бойынша кəсіпкерлерден өтінімдер қабылданды.
– Құрылыс саласында қарқын қандай?
– Ағымдағы жылы аудан бойынша республикалық жəне жергілікті бюджет қаражаттары есебінен əлеуметтік-саяси маңызы бар нысандардың құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту барысында, ауылдық елді мекендердің инженерлік жəне абаттандыру бағытында бірқатар жобалар іске асырылуда. Мəселен, 2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жəне жалпы сипаттағы трансферт аясында Ұлытау ауданының автокөлік жолдары орташа жөндеуден өтуде.
Ұлытау облысын əлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген Ұлытау ауылында «Мемлекеттік рəміздер алаңы» 28 тамызда іске қосылды. Ал, аудан орталығында 2023 жылы басталған ауысымында 100 келушіге арналған, 20 орындық аурухана құрылысы 2024 жыл соңына дейін аяқтау жəне іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Мибұлақ, Қоскөл, Терісаққан, Байқоңыр ауылдарында 25 келушілерге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыстарын аяқтап, қолданысқа беру көзделуде. Осыған қосымша, Борсеңгір ауылында ФАП, Айыртау, Ақтас, Бетбұлақ, Егінді, Пионер, Шеңбер ауылдарында медициналық пункттер құрылыстары басталуда жəне жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
– Өңірде бұрын-соңды болмаған тың бастамалар жайлы айта кетсеңіз?
– Ауданның 85 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған айтарлықтай жоба – көкжелек өсіретін питомник салу. Бұл Ұлытау ауданының аумағын көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында қолға алынған жоба. Ағымдағы жылы «Назерке» жеке кəсіпорыны (Алматы қ.) 50 000 түп қылқан жапырақты ағаштарын, қарағай, көгілдір шырша, қырым қарағайы, қараағаш, қайың, үйеңкі, терек, ағаш жəне гүл көшеттерін отырғызып, өсіру үшін Ұлытау ауылының «Дүтбай» сайында соңғы 30 жыл бойы егістік егілмеген, тың жер алқабынан 5,0 га жер учаскесі бөлініп, питомник жұмыстары басталды. Жоба құны 450,0 млн. теңге жеке инвестиция салу арқылы жүргізілуде.
Тағы бір тың жоба – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының шеңберінде 2023-2024 жылдары ауданымызға 19 отбасының 84 мүшесі ерікті қоныс аударды. Олар Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан жəне Астана қаласынан қоныс аударып келді. Қоныстанушылар Ұлытау, Егінді, Мибұлақ, Сарысу Қарсақбай кентіне орналасты. Ауданға көшіп келген отбасылардың 39 баласы мектептерге барса, балабақшаларға 10 бала барды. Бағдарламадан тыс Терісаққан, Ұлытау ауылдарына 3 отбасы жəне жас мамандар келді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Ұлытау ауданы өзінің 85 жылдық мерейтойын осындай жақсы да жағымды жаңалықтарымен қарсы алып отыр. Ұлытау – құт-береке дарыған өрісті өңір. Оның əрбір мерейтойы аудан тарихында алтын əріптермен жазылатын мерейлі мерекелер болып қалмақ. Ежелден жеріне кие дарыған, ұлтымыздың салт-дəстүрінің қаймағы бұзылмаған Ұлытау өңірінің келешегі кемел, болашағы баянды боларына сеніміміз мол.
– Əңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.