Шетелден бақыт іздеме…

«Қыз бала – жат жұрттық» дейді атам қазақ. Бір ғажабы, бүгінгі қаракөздер осы сөзді тура мағынасында қабылдап, шетел азаматтарына тұрмысқа шығуды дағдыға айналдырып алғандай. Ең сорақысы, бұған құлақ та, көз де үйреніп кетті. Тіпті, арланбайтын да болып барамыз…

Соңғы кезде ұлттық намыстан гөрі жеке бастың мүддесі мен махаббатты биік қоятын бойжеткендер түрік пен орысты былай қойып, африкалықтарға да «адал жар» болуда. Сөйтіп, талай қаракөз қыздарымыз басқа ұлт иесіне үзіле ғашық болып, өзге халықтың «шамын жағып», басқа елдің халқының санын көбейтіп, азаматын «бақытқа кенелтіп», шаңырақ көтергенін көріп жүрміз.

Осы тақырыпта әңгіме қозғала қалса, кінәліні іздей бастаймыз. Біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ал, демократиялық мемлекетте еркіндік әркімге берілген дегенді айтатындар да аз емес. Тіпті осының алдындағы бір шақырылымдағы Мәжіліс депутатының «Қазақ қыздарының шетелдіктерге шығу-шықпауы өз еркі. Елімізде – демократия. Мәселен, Тәжікстанда, Өзбекстанда қыздары басқа елдердің азаматтарына тұрмысқа шықса, онда олардан қосымша төлемақы талап етіледі. Біз қаржы талап ететін ондай кедей мемлекет емеспіз ғой…» дегенін оқып жағамды ұстадым. Сонда, әркімнің өз еркі өзінде деп, қаракөздерді шетелдіктерге ұзатып жіберсек, ұлтымыздың болашағы не болмақ? Бұл деген масқара ғой! Онсыз да, арамызда түрік, тәжік азаматтарына тұрмысқа шығып, хиджаб киіп, солардың салтын сақтаған қыздарымыз қаншама..

Иә, «Қыз – жат жұрттық», бірақ жат елдік емес. Тұрмыс құрған соң өзге ұлт емес, өзге отбасына сіңіп кетудің өзі де оңай шаруа емес. Сондықтан, қазақтың келіні атанып, барған жеріңнің байлығын емес, сол әулетке ие болатын ана атануды армандаған жөн шығар. Шет елден бақыт іздеме, шырағым дегім келеді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.