Барымызды бағалай білейік
Ер-азаматтардың басы қосылып, еркін көсілетін орынның бірі – монша. Иә, кәдімгі көпшілік жиналып жуынатын жер. Осы жерде сыраны сіміріп отырып, әңгіменің де тиегі ағытылады. Сондай бір әңгіменің еріксіз куәсі болғаным бар еді…
Шеткері столда қырықтың қырқасынан асып қалған үш жігіт отыр. Бірі сыра, бірі шай ішіп, гөй-гөйге кіріскендері сол еді, бірінің телефоны безілдеп қоя берді. Иесі телефонға бір қарады да дауысын басып, етпетінен қоя салды. Дыбысы басылғанымен «дызылы» басылмаған телефон әңгіменің шырқын бұзып тұр.
– Көтерсейші мынаны, ызыңдатпай, – деді серіктерінің бірі.
– Кім ызбандап жатқан, – деді екіншісі әңгімеге араласып.
– Әйелім ғой… Ночьтан келсем, тамақ дайын емес, сосын сойып салып едім… – деді орнынан ырғалып-ырғалып қойып.
– Сен де жындысың-ей! Тамақ дайын болмағаны үшін ұрғансың ба?.. Мүмкін оның бір себебі болған шығар, – деді телефонды неге көтермейсің деген жігіт…
Айтып тұрған сөзінің жаны бар. Шынында да бір себебі болған шығар. Неге біз осы сабыр сақтай алмаймыз. Қит етсе жұдырық ала жүгіреміз. Әй-шайға қаратпай, әйелді төпелей жөнелеміз. Рас, өмір болған соң, отбасы-ошақ қасында ұсақ-түйек реніштердің болуы заңдылық. Бірақ, кешірімді де болу керек қой!
Мына бескүндік жалған дүниеде анаңнан кейінгі қасыңдағы жарыңнан асқан қамқоршы да, жанашыр да болмайтынын көбіміз ескермейміз-ау! Оны тек, басына түскендер ғана біледі. Мына әңгіме – соның дәлелі. Осыдан төрт-бес жылдай бұрын бір танысымның зайыбы қан қысымы көтеріліп қайтыс болған еді. Үйелмелі-сүйелмелі үш баласымен төртеуі ғана қалған. Қазір, шүкір, балалары жетілді. Бірін-бірі жетелеп жүріп жеткізді. Сол танысымнан сұраймын ғой, «Ол кезде жастау едің, неге үйленбедің?» деп. Сондағы айтқаны: «Тағдырдың басқа салғанын көреді екенсің. Туыстарым да сен айтқандай, «жалғыздық Құдайға ғана жарасады, үйленсеңші» деді. Бірақ, «кім біледі, қандай адам кездеседі. Алғаным балаларыма өз анасындай бола ала ма?!» деген күдік жібермеді. Ақыры, балаларым жәудіремесін деп жеке басымның бақытынан бас тарттым. Үйлен-беймін деп шештім. Мен жұмыста болғанда балаларыма бауырларым қарайласты. Кешкісін өзім тамақ әзірледім, сабақтарын оқыттым. Сөйтіп жүргенде түн болады. Сондайда ойлайтынмын, «бәлкім, анасы қасымызда болса, мен мұның біреуін де істемес пе едім» деп. Әйелімнің арқасында балаларыммен еш алаңсыз отырып ас ішуші едік. Қара шай мен қара нан жесек те, сол тамақтың дәмі таңдайымнан кетер емес…» дейтін. Бұл – оның риясыз шын сөзі.
Әйелді сыйлау – иманнан. Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғам-барымыздың бір хадисінде: «Сендердің ең қайырлыларың – әйелдеріңе, апа-қарындастарыңа қайырлы болғандарың» делінген ғой. Қысқасы, мен ер-азаматтарға қамшының сабындай ғана мына қысқа ғұмырда біз бір-бірімізге керек екенімізді ешқашан ұмытпайық. Жарымызды, барымызды көзі тірісінде бағалап, шамамыз келгенше сыйласып өтейік деп айтқым келеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.