“Өрт шығады” деп от жақпасақ, не болады?

АЭС тақырыбы ешкімнің ел ертеңіне бейжай қарамайтындығын көрсетті. Соған қуандық. Азаматтардың қоғамдық белсенділігі еліміздің даму бағдарын бағамдайтын өлшемге айналған екен. Құба-құп!

АЭС құрылысын қолдайтындар да, наразы топ та өз уәждерін көлденең тартып, өз ұстанымдары мен пікірлерін дәлелдеуге тырысып бағуда.

Бұдан қорқатын да, түңілетін де ештеңе жоқ. Әсіресе, наразы топты түсінуге болады. «Күйген ауызбен үрлеп ішуге» негіз болған бір ғана Семей полигонының зардабы жетіп-артылады. Шайлыққан жүрек, қаймыққан бет «Атомы құрысын!» деген пікір айтқызып отыр. Орынды делік. Алайда, кейбір белсенділеріміздің қатты кетіп жатқаны да жасырын емес.

Мінберге шыққан маманды беттен алып қажеті жоқ еді. Әлеуметтік желіде қолдау пікірін қалдырған замандасты күстаналап қайтеміз… АЭС құрылысына қарсы пікір білдіруші топтың айтуынша, бұлардың барлығы – биліктің сойылын соғушылар. Солай-ақ, болсын. Ал, сонау 90-шы жылдардың өзінде АЭС-тің тиімділігі мен қажеттілігін нақты деректерге сүйене отырып жазып, осыдан 21 жыл бұрын өмірден өтіп кеткен қазақ журналистикасының корифейі, жазушы-публицист, қажырлы қайраткер Камал Сейтжанұлы Смайыловтың пікіріне не айтамыз? Бірге салмақтап көрелік…

«Атом күшін ақырына дейін пайдалану керек»

Камал Смайылов – қазақ журналистикасында өзіндік мектеп қалыптастырған дара тұлға. Ол кісінің ғылыми-танымдық публицистикадағы қадау-қадау еңбегі қазақ көсемсөзінің «Алтын қорына» айналған. Не жазса да, мәселені тамырынан талдап, нақты дәлелдер мен дерекке сүйене отырып жазған Камал Сейтжанұлынан асқан публицисті мен әлі оқыған жоқпын. Қазіргідей ақпарат көзі (интернет) тапшы заманның өзінде деректерді байлап-матап, цифрларды ойнатып жазудағы шеберлігі, салыстырмалы статистикаға жүйріктігі – Камал ағаның мойындалған «қамалы».

Бір ғана ұлы қаламгер Шерхан Мұртаза екеуінің «Егемен Қазақстан» газетінде «Елім, саған айтамын, Елбасы, сен тыңда!» айдарымен жарияланған хаттарының өзі неге тұрады?! Ұлт руханиятының қос алыбы кезек-кезек елдік мәселені өткір көтеріп, қоғамның дертін дөп басқан тамыршыдай болғандығын қалай ұмытайық?! Камал Сейтжанұлы қай тақырыпты қаузаса да, ақиқаттан айналып өткен кезі болмаған екен. Атом тақырыбын да кәнігі ядролық физика маманындайтерең толғап, бүгінгі жер планетасындағы энергия тапшылығын да осыдан отыз жылдан астам уақытбұрын болжап кетіпті.

Атом тақырыбына жазылған «Атом – ауыздықталған апат», «Термоядролық қуат қашан бағынады?», «Атом полигоны неге бізге орнады?», «Қазақстанға ядролық қару қажет пе?», «Адамзат апат алдында тұр ма?», «Қаржыны қаруға емес, дамуға…», «Атом айбар ма, ажал ма?», «Өзгеше технология бәрін өзгертеді», «Ел қуатын энергиямен өлшейді» атты мақалаларында біз бүгінгі күні үстірт айтып, үрей шақырып жатқан мәселенің баршасы дәйекті дәлел, тұғырлы тұжырымдарға негізделіп, атом қуатының қажеттігі егжей-тегжейлі түсіндіріледі.

Бір ғажабы, ол әңгіменің әлқиссасын атом элементінің өзінен бастап, оның химиялық құрамы, атом бөлшектерінің қозғалысына дейін тәптіштеп береді ғой. Зер салып, зерделеп көріңіз…

«…Ядроның кіндігі протон да, оны айналып қоршаған нейтрондар бар. Оң зарядты (электрондар теріс зарядты ғой) протонды заряды жоқ нейтрондар қоршайды, сөйтіп, ядро түзіледі. Ал, қазір ядролық реакциялар жүргізгенде, ядроны протондармен (олар электрондардан салмақты, ауыр болады, сондықтан, нысанаға соққанда көп энергия туғызады) атқылайды», деп бастайды да, (Үш томдық шығармалар жинағы, ІІ том, 228 бет)сараптама сарынын атом қуатының тиімділігі мен артықшылықтарына ауыстырады.

«Қазір елімізде (Кеңес Одағын айтып отыр, Е.М) жеті алып АЭС жұмыс істеп тұр. Олар бір жылда 50 миллиард Кватт/сағаттан аса қуат өндіреді. Осынша энергияны алу үшін 17 миллион тонна органикалық отын жағуға тура келер еді. Ал, оларда бірнеше килограмм ураннан басқа ештеңе жоқ, ештеңе керек емес!

…Демек бір грамм уран 1,5 тонна антрацит көмірдің берген энергиясындай қуат беретін болса, бұл адамзат үшін аз байлық емес», – деп дәйектейді «Атом – ауыздықталған апат» (Үш томдық шығармалар жинағы, ІІ том, 230-231 беттер) атты мақаласында. Әрине, бүгінгі цифрлар өзгерген шығар. Бірақ, Камал Смайылов осы мысалдары арқылы емеурін еткен мақсат өзгерген жоқ. Біз барынша үнемшілдікке дағдыланып, аз шығынмен көп қуат өндіретін мүмкіндікке қол жеткізуіміз керек. Оның жолы – АЭС салу.

Ядролық дәуірдің артықшылығын бұлжымас ғылыми тұжырымдар арқылы тәпсірлеген Камал ағаға таң қалғаннан басқа қайраның қалмайдыау.

АЭС құрылысына қарсы дау айтып жүрген топтың уәжі бар болғаны 3-4 сұрақтың айналасында. Мәселен, олар атом станциясының экологиялық тұрғыдан зияндылығын айтады.Маман тапшылығын тілге тиек етеді. Ядролық қалдықтарды көметін «мүрдехана» (Камал аға осылай жазған екен) жоқ деп зар қағады. Олардың ойынша, мемлекеттің, сол мемлекетті құрушы халықтың қауіпсіздігі билік ойыншық көретін секілді.

Осы және басқа да күмән арқалап, күдік жетектеген сұрақтарға Камал көкем тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындаақ жауап беріп кетіпті.

АЭС бомба емес, болашақтың қуаты

Иә, атом электр станциясы мен атом бомбасының арасы жер мен көктей екенін айтып та, жазып та жатырмыз. Мамандар тарқатып жазды. Ғалымдар жіліктеп берді. Уранның қандай жағдайда бомба, қандай жағдайда болашақтың энергиясы болатынын баршамыз жақсы біліпақ отырмыз. Бейбіт мақсаттағы атомның берекелі болатынын физиканы оқыған әр оқушы біледі. Сонда да АЭС жобасына қасқайып қарсы тұрып алдық. Неге? Үрей бар. Қорқыныш бар.

Өзінің «Қаржы қаруға емес, дамуға…» атты мақаласында Камал Смайылов КСРО деген даңғой державаның 1949-1990 жылдары ядролық қаруға жұмсаған қаржысын шотқа салып, сол қыруар қаражатты бейбіт мақсатқа жұмсаса, қандай игілікті жобаларға қол жеткізетінімізді «соқырға таяқ ұстатқандай» түсіндіріп береді. Қалам қайраткері:

«…Қазір жыл сайын болашақ ядролық соғыстың қажетқамына бар әлемде жұмсалатын қаржыны бейбітшілік мақсатына жұмсаса, оған қанша, қандай материалдық игіліктер жасауға, алуға болар еді? Және нақты деректермен салыстырып көрелікші.

Бұған жалпы қуаты 120 миллион киловаттанасатын жылу электр станцияларын салуға болар еді. Бұл басқаша айтқанда, бізде орнатылып жатқан Екібастұз энергия ордасы секілді 6 алыпты бір жылда тұрғызу деген сөз!

Бұған тағы да бір жылда 4 миллиард тонна мұнай өңдейтін мыңнан астам жаңа зауыт салуға болар еді. Бұл қазір дүние жүзінде жылына өндірілетін бар мұнайға қоса тағы да содан бір жарым есе көп мұнайды өңдеу деген сөз!

Бұған егістікке сонша қажет минералдық тыңайтқыштар өндіретін төрт мың химиялық зауыт салуға болады. Бұл бар тыңайтқыш көлемін қазіргіден төрт есе көбейту.

Айға адамның ұшып баруы, сонда болып, қайта оралуы 25 миллиард долларға түскені мәлім. Ендеше, бір жылғы соғыс шығындарын ғарыштық іске жұмсаса, бір жылдың ішінде Айға 13-15 рет ұшып барып келуге болады екен», деп, өкініш білдіреді (Үш томдық шығармалар жинағы, ІІ том, 278-бет). Неткен математика?! Не қылған шеберлік?!

Камал ағаның шығармашылық шеберлігіне тамсанып отырып, негізгі тақырыптан ауытқып кетпейін... Соғыс шығындарын тиынтебеніне дейін есептей отырып, Камал көкем атасы бір атомның ыдыраған түрінен жаппай қырыпжоятын қару жасағаннан, жалпақ әлемді жылуға бөлеп, жердің бетін өзі «жасанды күн» деп атаған АЭС қуаты арқылы жапжарық қылудың әлдеқайда тиімді әрі бомбаға қарағанда қауіпсіз екеніндәлелдейді.

Қараңызшы, Камал ағаның: «Қазір дүние жүзінде бір миллиард адам электр энергиясының игілігін көре алмай отыр. Ал, қазіргі мүмкіндікті жұмылдырып, барлық адамзатты электр энергиясымен түгел қамтамасыз етуге осы ядролық қаруға жұмсап жатқан қыруар қаржының бір аптадағы мөлшері ғана жетеді екен», деген салыстырмалы мысалының (Үш томдық шығармалар жинағы, ІІ том, 276-бет) өзіэнергияның маңыздылығын меңзеп тұр емес пе?!Ендеше, атом бомбасы қатерін, атом қуатының игілігін тани білетін таным керек бізге! Өйткені,АЭС болашақтан да арғы болашаққа баратын қуат көзі!

Оны Камал аға осыдан 35 жыл бұрын айтып, жазып кеткен…

Камал Сейтжанұлының тағы бір емеурініне назар аудара кетелік. Бұл емеуріні бүгінгі наразы топтың «АЭС салынса, орасан радиацияға душар боламыз», деген үрейіне нақты жауап. Камал аға айтады: «Әрине, реактордың ішіндегі радиация күші ғаламат. Ал, сырттағы әсері әлсіз. Теледидардан шығатын рентген сәулесінен, кәдімгі ауадағы үйреншікті (фоновая) мөлшерденартпайды. Қазіргі АЭСтерден бөлінетін радиация мөлшері нормадағы қалпының бір пайызына жетпейді. Суға да, ауаға да радиоактивті қалдықтар жіберілмейді», деп.

Камал Сейтжанұлы осыдан 30 жыл бұрынғы реакторлар туралы айтып отыр. Ғарыштық жылдамдықпен дамыған ғылыми технология атом реакторларының ІІІ+, IV буынын өндіріске енгізіп жатыр.

Сонда біз неге даурығып жүрміз?

«Бас тарту оңай, жол табу қиын»

АЭС құрылысы туралы бастама сонау 90-шы жылдары көтеріліп, ол кезде аяғынан енді ғана қаз тұрған Қазақстанның қаржылық мүмкіндігі болмағаны туралы газетіміздің өткен санындағы«Атомның алтын дәуірі» атты мақаламда жазған болатынмын. Ол кезде де бұл мәселе қызу талқыланған.

Әйтпесе, Камал Смайылов: «Иә, атом апатынан зәрелері ұшып, қорқып қалған халық, ядро табиғаты жөнінде білімтүсінігі аз белсенділер байбалам жасап, ядролық энергетикаға қарсы шығып отыр. Жұртқа түсіндіру, ұғындыру қажет. Бас тарту оңай, жол табу қиын! АЭС салмайақ, Қазақстанда қазір радиация ошақтары 30 мыңнан асады. Олардың қатарында көмірмен, газбен жылытылатын жылу электр станциялары бар. Бүгінгі мәселе атом өнеркәсібін тежеу, тоқтатуда емес, соны қорғана отырып пайдалануда», деп жазбас (Үш томдық шығармалар жинағы, ІІ том, 254-бет) еді. Камал ағаның бұл пікірі тура бүгін айтылған секілді. Бұл дегеніміз қаламгердің әулиелігі! Яғни, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінің өзінде АЭС жобасы қызу талқыға түсіп, таразыға тартылған.

Атом қуатының үнемділігі мен тиімділігі туралы, экологиялық қауіпсіздігі туралы бүгін де айтылып жатыр. Мамандар дәлелдеп бағуда. Бірақ,біздің қоғам, әсіресе, әлеуметтік желідегі белсенділер мойындар емес. Сөз басында айтқанымдай, олар үшін АЭС құрылысын жақтаушылар жағымпаздар шығар. Бірақ, аруақпен арпалыса қоймас. Ендеше, тағы да Камал ағаға жүгінейік…

«Көмір жағатын жылу электр станцияларына қарағанда, АЭС әлдеқайда таза. Қоршаған айналасына зиянды деген радиоактивті заттар 500-1000 еседей аз шығарылады екен. АЭС-тер ауаға ешқандай көмірқышқыл газы мен күкірт тотығыншығармайды. Ал, қазір жер бетіндегі барлық жылу электр станциялары жылына 200-250 миллион тонна күл шығарып, 60 миллион тонна күкірт ангидридін ауаға жібереді екен. Ал, алдағы жылдары күлдің көлемі 1,5 миллиард (қазіргіден 6-8 есе көбейіп), ауаға кететін күкірт тотығы 400 миллион тоннаға жететін көрінеді», деп жазды (Үш томдық шығармалар жинағы, ІІ том, 231-бет)«Атом ауыздықталған апат» атты мақаласында.

Осылай дәлелді сөз, дәйекті пікір айта отырып, «Дүниеде қауіпқатерсіз атом станциясы, атом реакторы болуы мүмкін деген ғалымдардың сөзіне қазір жұрт сенбейді», деп қынжылады. Сенімсіздікке серпін беретіндей себептердің бар екенін өзі де мойындайды. Алайда, атом станцияларында болған апаттардың көбі техникалықтехнологиялық кемістікақаулардан ғана емес, адами фактордың салдарынан болғанын дәлелдейді. Яғни, ХХ ғасырдың ең ауыр қасіреті болған 1986 жылғы Чернобыль апаты сол АЭСте жұмыс істейтін адамдардың салғырттықсауатсыздығынан болған дегенді шегелеп айтады. Ойланып қаласың…

Осы пікірін қорытындылай келе: «Ендігі міндет сол басқарыпбақылап отыратын адамдар көрмейбілмей қалғанда да, аңғалдықаңқаулық танытқанда да, соған қарамастан, реактордың қауіпқатерлі бөліктері өздігінен тоқтап, суынып, апатты болдырмай тастайтын жағдай жасау», деп түйіндейді. Бүгінгі атом саласы мамандарының айтуынша, қазіргі АЭСтерде Камал аға талап еткен қауіпсіздік ерекшеліктерінің барлығы бар.

Қаламгер болашақ тақырыптарын таптұйнақтай игеріп шығу үшін көп ізденген. Деректерді аспаннан алмай, атом өнеркәсібі нысандарын көзімен көріп, қолымен ұстап, ой түйген. Атом қуатының тиімділігіне көзі жеткен соң ғана, «кешегі күні арман, бүгінгі күні қорған» болған ядролық отынның болашақтың энергиясы болатынын дөп болжайды:

«…Біз Ақтаудағы шапшаң нейтронмен жұмыс істейтін реактордың басықасында (реакция жүріпжатқан от ортасынан жеті метр жерде тұрдық) болып, оның қасиетсипатын толық білдік, ұғындық. Атомдық реакторларда қуат беретін уранның бір грамы екі жарым тонна көмірге тең қуат береді. Осындай сатыкезеңдерден өткен, марқайып, қанатын жайып өскен атом энергетикасы бұл күнде энергияның басты көзіне, барған сайын тасқындай түскен бұлағына айналады».

Парасатты публицист, қажырлы қаламгер Камал Смайыловтың халық санасындағырадиофобиялық көзқарасты түбегейлі өзгертіп, атом энергетикасы туралы жаңа көзқарас қалыптастыруға септігі тиер бірталай сергек пікірлерін, тұщымды тұжырымдарын шамамыз жеткенше тәпсірлеп шықтық. Дерегі ой түюге, керегі кәдеге жарап қалар…

Атом қатері жол апатынан қауіпті емес

Камал Смайыловтың атом туралы жазбаларындағы ең құнды дерек салыстырмалы статистикасында жатыр. Ол мынадай мысал келтіреді:

«…Атом реакторлары жұмыс істей бастаған 40 жылдың ішінде осы атом реакторларының зардабынан дүние жүзінде 69 адам өліп, 25 мың адам ауыр дертке шалдыққан екен. Ал, автомобиль апаттарынан жылына бізде ғана (Кеңестер Одағын айтып отыр, Е.М) 60 мың адам өледі. Адамдардың өмірін қысқартуға ықпалы зор факторлар мен құбылыстардың ішінде АЭС 49-орында».

Енді, көлік апаты салдарынан бір жылда өлім құшатын 60 мың адамды 40 жылға көбейтіңіз. 2миллион 400 мың адам. Айту тұрмақ, ойлауға келмейтін қаралы статистика…

Уран құрамындағы электрондар мен нейтрондар секілді сапырылысқан көлігі көп қазіргі дәуірде бұл статистика қанша есеге өсті екен?! Еліміздің Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың өткен жеті айында жолкөлік оқиғалары салдарынан 1300-ге жуық адам көз жұмып, 16 мыңнан астам адам жарақат алған. Жарақат алған осынша адамның барлығы бірнеше қайталап рентген, компьютерлік томография, магниттірезонанстық томография аппараттары арқылы тексеруден өту барысында ағзаларына өте көп мөлшерде рентген, гамма сәулелерін қабылдайды. Оның соңы қатерлі ісік.

Міне, АЭС-тен бас тартқанымызбен, біздің технологиялық төңкерістер дәуіріндегі «жетістігіміз».

Міне, атомнан айналып қашқандағы шыққан ұшпағымыз…

Ойланайық! Уақытыңыз болса, Камал ағаның «ХХІ ғасырға саяхатын» бір қайталап оқып шығыңыз.

«Өрт шығады» деп, от жақпай отырамыз ба?

Ерсін МҰСАБЕК. 

ortalyq.kz сайтынан.