Штабтың басты мақсаты сөз болды
АЭС. Референдум. Осы екі мəселе бүгінде елдің аузында жүр. Бірі қолдау білдіруде. Енді бір тарап оның зиянды тұстарына алаңдаулы. Осындай алмағайып тұста елді үрейге емес үмітке үндеу қажет-ақ. Осы мақсатта жер-жерлерде АЭС салуды қолдау жөніндегі арнайы штабтар құрылып, АЭС-тің мүмкіндіктерін түсіндіруде. Сондай бір алқалы жиынды Ұлытау облыстық халықтық штабы да өткізді.
Штабтың алғашқы отырысын ашқан оның төрағасы Бауыржан Шыңғысов Қазақстанның бүгінгі таңда электр энергиясының тапшылығын сезініп отырғанын атап өтті, сондықтан осының бір шешімі ретінде АЭС құрылысын қолдау маңызды екеніне тоқталды.
– АЭС салудағы ең басты қажеттілік – электр энергиясы тапшылығын шешуден болып отырғаны белгілі. Алайда, оны салу – бір күннің мəселесі емес. Жобаны іске асыру он жылды, тіпті одан да көп уақытты алады. Бəріңіз де экономикасы дамыған, болашағы зор, қуатты да тəуелсіз Қазақстанда өмір сүргілеріңіз келетіні сөзсіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көздегені – осы. Қазіргі қолға алынып жатқан істер, ең алдымен, сіздер үшін жасалып жатыр. Ендеше, батыл шешім қабылдайтын уақыт жетті. Олай болса, алдағы референдумда АЭС салуға қолдау көрсетіп, өз болашағымыз үшін дұрыс таңдау жасауымыз қажет. Біз елге осыны түсіндіруіміз керек, – деді Бауыржан Қабденұлы.
Жиында штабтың басты мақсаты егжей-тегжейлі сөз болды. Бауыржан Қабденұлы штабтың құрамында 6 саяси партияның жəне 20-ға жуық қоғамдық ұйымдардың өкілдері, барлығын қосқанда 65 мүшесі бар екенін айтып өтті. Аталған ұйымдар 6 қазанда өтетін атом электр стансасын салу бойынша референдумға дейін АЭС салу қажеттігін қолдай отырып, өңірлерде халықпен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Бұндай штаб облыс бойынша барлық қала, аудандарда құрылуда. Алдағы референдумға дайындық барысында халыққа атом электр станциясын салудың маңыздылығын түсіндіруді басты мақсат еткен штаб алдағы уақытта өңіріміздің барлық аймақтарында тұрғындармен кездесіп, атом энергетикасының артықшылықтары мен қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Орайы келгенде айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы бар, осы уақытқа дейін оны көрші елдерден импорттауға мəжбүр. АЭС құрылысы бұл мəселені шешіп, елдің энергетикалық тəуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу бойынша референдум 6 қазанға белгіленген.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.