Шабындықта қызу еңбек
Ұлытау ауданы ауыл шаруашылығы дамыған өңір. Халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші диқандармен қатар, мал өсірушілердің де ел экономикасына қосып жүрген үлесі зор. Дала төсін мыңғырған малға толтырып, мал басын көбейтуде жылдың төрт мезгілінде де тыным таппайтын шаруалар қауымы нағыз дала ерлері.
Қазір ауылдықтар қысқа жемшөп дайындаудың қам-қарекетімен шабындықта жүр. Әркім өз шамашарқынша шөп дайындауда. Бұл мезгіл шаруалар қауымының қысқа қапысыз қамдануға кіріскен қарбалас шағы. Таң атқаннан күн батқанға шейін тыным таппайтын кезі. Өйткені, шабындыққа шалғы түсті. Көкмайса шөп шабыла бастады.
Бұл жолы айтпағымыз, Аманкелді ауылдық округінің қысқа қамданысы. Бұл өңірде мал шаруашылығымен айналысатын ауыл. Соңғы есеп бойынша округте 3218 бас ірі қара, 5906 ұсақ мал, 3304 бас жылқы тіркелген. Халқының қазіргі саны 424 адам. Жалпы, округ аумағы 126 579 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы жері 2278 гектар, шаруа қожалықтарының иелігінде 2858 гектар шабындық жер бар. Биыл ауыл бойынша 15523 тонна шөп дайындау қажет болса, оның 8 тоннасын дайындап үлгерді. Шөп науқанына 60 трактор, 45 шалғы тартылған. Бүгінгі күні 32 шаруа қожалығы шөп дайындау жұмысымен айналысуда. Олар тек өздеріне ғана емес, Аманкелді тұрғындарына да қолғабысын тигізуде. Ауыл орталығындағы мал ұстайтын адамдарды шөппен қамтамасыз етіп келе жатыр. Бұл жылдағы қалыптасқан дәстүр. Әсіресе, шөп шабуға, тасуға мүмкіндігі келмейтін жандарға бұл көмек көп демеу. Бір жақсы жері, биыл шөптің шығымы жақсы. Жауын-шашын мөлшері мол болғандықтан шөп те бітік шыққан. Сәтін салса, малшылар қауымы алдағы қысқа қажетті жем-шөп қорын жеткілікті мөлшерде дайындап алатын түрі бар.
– «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, шаруа қожалықтарының шөп қорын мол дайындағаны ауыл тұрғындарына да тиімді. Қожалық иелері өздерінен артылған шөпті қолжетімді бағамен ауыл ағайындарына сатады. Қазір орталықтағы тұрғындарға фермерлер келісілген бағамен шабылған шөптерді жеткізіп беруде. Жалпы, мал азығын дайындау науқаны ойдағыдай өтіп жатыр. Ауыл жастары да шаруа қожалықтарында еңбек етіп, өз нәпақасын тауып жүр. Тек кездейсоқ дала өртінен сақтасын дейік! Көптің тілеген тілегі де осы, – дейді Аманкелді ауылдық округінің әкімі Бұқар Байжантаев.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.