Жолдау жүктеген міндеттер
Президенттің жыл сайынғы халыққа Жолдауынан жұртшылық болашаққа бағдар болар, еліміздің дамуына серпін берер өзгерістерді күтеді. Бұған дейінгі жүргізілген саяси реформалардан соң, халық қымбатшылықты құрықтау бағытында экономикалық тұрғыда алға жылжытатын қадамдар күтті. Жолдаудың тақырыбы да осы мақсатқа арналған. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары». Әрине, Жолдауда айтылған бағыттардың ішінен әркім өзін толғантатын мәселелерге жауап іздейді.
Біздің өңір үшін өндірісті дамытып қана қоймай, жол, таза ауыз су, экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері өзекті.
Президенттің: «Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда», — деген сөзі біздің өңірдегі жағдайды дөп басып айтқандай болды. Экологиялық жағдай еліміздің көптеген өңірінде де өзекті күйінде, бірақ, «мыс-байлығымыз» деп отырып, басты байлығымыз – денсаулыққа зиянын тигізетін, онкологиялық ауруларды өршітетін жағдайда қол қусырып,қалай қарап отырмақпыз?! Өздеріңізге белгілі бұл мәселені шешу үшін біздің облыста арнайы комиссия құрылған, экологиялық ахуалды зерделеу мақсатында «Экосервис-С» ЖШС 1 жылдан астам уақыт ішінде судан, ауадан, топырақтан сынама алып, жылдың әр мезгілі бойынша тексеріп, бірнеше белгіленген орындарға арнайы қондырғылар қойып, жүйелі жұмыстар тізбегін орындауда. Бұл уақыт ұзақ болып көрінгенмен, заңдық тұрғыдан алғанда осындай кешенді зерттеулер арқылы ғана экологиялық ахуалды анықтауға болады.Қазіргі уақытта Жезқазған, Сәтбаев, Талаптың тұрғындарыныңденсаулығына медициналық тексеру жүргізілуде. 800-дей адамды қамтитын тексеріс тамыз айында толық аяқталады деп жоспарланған. Дәрігерлік бригада жетекшісі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті медицина факультетінің деканы, медицина ғылымдарының докторы Ықылас Молдалиев. Келесі айдан бастап, жыл бойғы алынған сынамалар негізінде зерттеулер қорытындылары шығарыла бастайды. Өткен айдағы комиссия отырысында барлық зерттеу-зерделеу жұмыстары аяқталғасын, оның қорытындысы жауапты министрліктерге берілетіндігі жайлы айтылды. Ал «Экосервис-С» ЖШС өкілдігінің қызметкерлері ол қанша уақытқа созылады деген сұраққа «бұл мәселеге бір емес, бірнеше министрліктің ортақ шешімі қабылдануы үшін белгілі мерзімді айту мүмкін емес» деп жауап берді. Облыстық бюджеттен қаржы аударылып, өңір халқын алаңдатып отырған экологиялық жағдайға қатысты мәселені облысымызда арнайы іссапармен болған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа айттым, комиссия жұмысын аяқтағасын хат жолдасаңыз, назарда ұстайтын боламын деді.
Жолдауда Мемлекет басшысы Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы, ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы қажеттігін айтып,өндірістік жарақат алудың жиілепкетуіне байланысты, Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын жыл соңына дейін қабылдауға тиістігін жеткізді. Бұл құжат жұмыс орнындағы қатерлерді болдырмау, алдын алуға көмектесері сөзсіз. Қарапайым ғана түсінікті «Жұмысыңа аман барып, сау қайту, отбасыңа оралу» деген сөз.
Сайлау кезінде біздің «Байтақ» жасылдар партиясы таза ауа, ауыз су сапасы, экологиялық жағдайды сауықтыру мәселесін көтеріп, әлі күнге дейін сол ұстанымына сәйкес жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылдың қыркүйек айында «Байтақ» партиясының Ұлытау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев бастаған құрамында осы салаға қатысты 16 адам бар, Сарысу өзенінің бойымен «Өзен – өмір өзегі» экспедициясын ұйымдастырды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Сарысу өзені Ұлытау мен Қызылорда облыстары арқылы ағады. Ұзындығы — 761 км. Бүгінгі таңда Жаңаарқа ауданының 2 кенті мен 6 ауылдық округі, Ұлытау ауданының 2 ауылдық округі осы Сарысу өзені бойында орналасқандықтан, өзен суын ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне пайдаланып отыр. 3 күн бойы экспедиция Сарысу сағасындағы жағдайды зерделеп, көкейтесті мәселелерді қағазға түсіріп, құзіретті органдарға жолдады. Ұсыныстар мен сараптамалар бойынша жаңадан құрылған ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Мұның өзі Мемлекет басшысының Жолдауда атап көрсеткен «шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет» деген тапсырмасын орындауға септігін тигізіп, судың босқа ысырап болмауына, тозығы жеткен нысандардың жай-күйін анықтап, болашақта осы бағытта атқарылатын іс-шаралар жоспарына енгізуге мүмкіндік жасалды.
Президенттің Жолдауындағы айтылған тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия.Бұл тұрғыда елімізде әлі дамымай отырған салаға назар аудартып, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажеттігін жеткізді. Жолдауда айтылған міндеттердің бәрі сөзбұйдалыққа салынбай, үш жылдың ішінде орындалуы тиіс екендігін жауаптылар қаперіне алғаны жөн. Сөзіміз бен ісіміз бір жерден шыққанда ғана, әрқайсымыз мойнымыздағы жауапкершілікті ұққанда ғана алдымызға қойған мақсат орындалады, еліміздің дамуына үлесімізді қоса аламыз.
Базаркүл ҮМБЕТОВА,
«ULYTAU» облыстық телерадиокомпаниясының креативті директоры, «Байтақ» жасылдар партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты.