Қарағанды облысының әкімі мәслихат депутаттарын жастардың проблемаларына ерекше назар аударуға шақырды
Жастарды жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау. Қарағанды облыстық мәслихатының өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен кезекті сессиясында депутаттар өткен жылғы жұмыс қорытындысын шығарып, болашаққа жоспар белгіледі. Отырыс онлайн-режимде өтті.
Депутаттардың жұмысы үшін бес негізгі бағыт анықталды. Биыл ауыл шаруашылығын, денсаулық сақтау, туризмді дамытуға, педагогтардың IT-құзыреттерін жетілдіруге және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінеді.
— Бүгінгі таңда тағы бір басым міндет – ауылдық жерлерде және шағын қалаларда жаңа мамандарды тарту және жұмыс істеп жатқан мамандарды орнықтыру болып табылады. Тұрғын үй мәселесін шешпей, бұл мүмкін болмайды. Сондықтан денсаулық сақтау саласы ғана емес, білім, мәдениет, спорт саласының қызметкерлері үшін «Қызметтік тұрғын үй» бағдарламасын әзірлеу қажет, — деп есептейді Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешов.
Депутаттар ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау және ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуын бақылау, ҚТҚ-қалдықтарымен байланысты проблемаларды шешу қажеттігін атап өтті. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну, су ресурстарын пайдалану және ауыл шаруашылығы жануарларын жаю мәселелері қаралды.
Сессияда жастар саясатына көп көңіл бөлінді. Негізгі мәселелердің қатарында облыстың жас тұрғындарын жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету бар.
— Өткен жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 16 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Облыстың 1 436 жас тұрғыны жастар тәжірибесіне жіберілді. «Дипломмен — ауылға!» жобасы бойынша жаңадан бастаған 626 маман көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алды, — деді жастар саясаты басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.
Жас кәсіпкерлерге түрлі бағдарламалар бойынша гранттар бөлінді. Биылғы жылы Қарағанды облысының әкімінен өз ісін ашуға 2 мың өтеусіз грант жоспарланған.
Жұмыссыздық деңгейі 2020 жылдың төртінші тоқсанында 3,8%-ды құрады. Осыған байланысты жұмысшы жастарды және NEET-жастарды жұмысқа орналастыру және оқыту бойынша жұмыс жалғасуда. Мысалы, Саран қаласында шина шығаратын зауыт салына бастады. Компания өз есебінен жаңа кәсіпорын үшін 1 000 жас жұмысшыны оқытады.
— Бірнеше жылдың қорытындысы бойынша үлкен прогреске қарамастан, әлі күнге дейін NEET-жастардың көптеген проблемалық мәселелері қалып отыр. Көптеген жастар оқымайды және жұмыс істемейді. Болашақта олар халықтың проблемалық топтарына айналады. Сондықтан білім беруге, жаңа өндірістер құруға, компанияларға қажетті мамандарды оқыту мен қайта оқытуға барынша көп көңіл бөлу керек, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Жастар үшін тұрғын үйдің болмауы үлкен проблема болып отыр. 2022 жылға дейін «жетім балалар» және «ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаттарындағы жастарға 618 пәтер бөлу жоспарлануда. Төрт студенттік жатақхана пайдалануға беріледі. Екі жыл ішінде кемінде 300 жас маман қызметтік баспана алады.
Өңірде облыстық және 18 аймақтық жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Мұнда іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес береді. Сонымен қатар психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Бұл бағытта жол картасы да әзірленетін болады.
Көктемде облыстық IT-хаб ашу жоспарлануда. Ол 10 мың жас IT-мамандардан тұратын өңірлік команданы біріктіріп, құрылады.
Жеңіс Қасымбек балалар мен жастар қауіпсіздігі тақырыбын да көтерді. Ол депутаттарды тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге қатысты мәселелерді шешуге қосылуға шақырды.
Келесі сессияның жоспарында 2020 жылға арналған бюджеттің атқарылуы, Қарағанды облысының өткен жылғы даму бағдарламасының іске асырылу барысы және дене шынықтыру мен спортты дамыту туралы есеп беру көзделіп отыр.
— Биыл бізге өңір экономикасын тұрақтандыру, жұмыс орындарын сақтау және бизнесті қолдау, өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау бойынша барлық шараларды қабылдау үшін өзіміздің басымдықтарымызды қайта қарастыру, ағымдағы және күрделі шығыстарды қайта қарау қажет, — деп түйіндеді облыс басшысы.