АТБЕГІ Кеңес Нұраевпен сыр-сұхбат
Жүйрік атты танып-біліп, оны күтіп-баптай алатын ерекше дарынды адамдар болады. Сондай адамның бірі, шеңберлік Кеңес НҰРАЕВ. Оның есімі атбегі ретінде елге жақсы таныс болатын. Талай рет ат жарысқа барған кезімізде жұрттың аузына Кеңеспен оның баптаған жүйріктері қатар ілігетін. Тіпті бәйге басталмай-ақ, көмбеге жиналған жұрт оның сәйгүліктерін көруге асығатын. Ал, қазір ше? Бұрын есімі жұртқа таныс бұл кісіні кейінгі жастар білмеуі де мүмкін. Білмейтін реті де бар. Кенекең денсаулығы сыр бергелі аламан бәйгеге ат қоспағанына да біраз жылдың жүзі болды. Сонда да Кеңес Нұраұлына жолығып, ат баптаудың қыр-сырын білу мақсатында аз-кем әңгімелескен едік…
– Кенеке, Сіздің атбегі болғаныңызды бүгінгі күні біреу білсе, біреу білмес. Бірақ өз замандастарыңызға ат бапкері ретінде есіміңіз жақсы таныс. Ендеше, сөз басын әуелі жылқыдан бастасақ. Сіздің жылқыға деген қызығушылығыңыз қалай басталды?
– Кеңес Үкіметі тұсында Шеңбер кеңшарында жекеменшіктікі емес, кеңшардың үйір-үйір жылқысы болды. Былай айтқанда, сол кездегі совхоздікі. Бастапқыда мен жылқы бағумен айналысқан жоқпын. Ағам Хамзе аға шопан болды. Сол кісіге көмекші болдым. Жылқы бағуға қадам жасатқан әкем – Нұра. Бірде әкем жанына шақырып алып: «Балам саған жылқы баққан жарасады, қойшының таяғын емес, жылқышының құрығын ұстап» деп кесіп айтты. «Әке балаға – сыншы» дейді ғой. Ол рас екен. Осы кезде-ақ, әкем менің жылқыға қызығушылығымды байқаса керек. Мен де бірден келісе кеттім. Бұл – 1967 жылдың күзі еді. Сол жылы жылқы бағуға шықтым. Жасым небәрі 21 жаста болатын. Жалындаған жастық шағым еді. Ештеңеден қайтпайтын. Жаздың аптаған ыстығына да, қыстың бет қаратпаған боранына да, үскірік аязына да қарамай қасқайып қарсы тұрып, жылқының соңында жүрдім. Шынын айтқанда, жылқы бағу оңай шаруа емес. Аса төзімділікті, қайраттылықты, қажырлылықты қажет етеді. Ол кезде біз жылқының соңында жүреміз. Көзден таса қылмаймыз. Көкбөрілер де көп болатын. Түні бойы мылтық асынып ұзақ түнді кірпік ілмей ұйқысыз өткізген күндерім де болды. Бірақ, одан жасыған жоқпын. Қайта өзімді қайрай түстім. Осылай жылқы баға жүріп құшақ құйрық қаба жал айғырларды көріп, соларды үйретуге бел будым. Әсіресе, шу асауларды үйрету мен үшін өте қызық болатын. Олардың аспанға шапшығанына қарамастан құрықтап, асауларды дегеніме көндіретінмін. Қасымдағы жылқышылардың менен жасы үлкен болғасын ба, сол кезде шу асауларды үйретуді маған тапсыратын. Менің жанымда Қайырбек, Тұрсынбек деген аға жылқышылар болды. Түнгі күзетке үнемі мені шығаратын. Бұған менің еңсем түскен жоқ, қайта аға жылқышылардың сеніп тапсырған жұмысын адал атқаруға тырыстым. Бұл мен үшін үлкен тәрбие мектебі болды. Осындай жақтары жылқыға деген қызығушылығымды одан әрі еселей түсті.
– Түсінікті, Кенеке! Сіз мынаны айтыңызшы, бірнеше жыл дүлдүл аттарды баптап, бәйгеге қостыңыз. Оған халқыңыз куә. Біле білсек, ат жарыс та спорттың бір түрі ғой. Бәйгеде аты озып келіп жатса, бапкердің де бағы жанады емес пе?! Ал, Сіз ат жаратып баптауды қай жылдан бері өзіңізге кәсіп еттіңіз? Ат баптауыңызға не түрткі болды?
– Ат баптасам, бәйгеге ат қоссам деген ой жылқы бағып жүрген кезімде ойға оралды. Жылқылардың арасынан өзін-өзі жаратып, мейіздей қатырып, бабын сақтап жүретін сәйгүліктерді көрдім. Соларға сырттай қарап қызығушы едім. Кейіннен ат баптауыма себепші болған Хамзе ағамның «Қаралаяқ» деген аты болды. Тұрпаты бөлек, аз оттап, көп жусайтын ерекше жануар еді. Соны баптасам деген ой келді. Ойлана келе, Шеңбер орталығына барып, белгілі атбегі Қыпшақбай Құлахметовпен тілдестім. Ол кісіге ат баптағым келетінін айттым. Бұл ұсынысымды Қыпекең бірден құптап, ақыл-кеңесін берді. Ол кезде Қыпшақбай марқұмның «Қоянкөгі» Жезқазған-Ұлытау өңірлеріне аты-шулы сәйгүлік еді. Одан озған жүйрікті көрген емеспін. Тек кейінгі жылдары аяғы ақсап, бәйгеге қосыла алмай қалғаны болмаса, әйтпесе нағыз өрен жүйріктің нақ өзі еді. Айтпақшы, сол кезде Шеңбер кеңшарында Құлмырза Сүлеев деген ат сыншысы болды. Ол кісінің айтқаны мүлт кетпейтін. Осы күнге дейін бұл кісілерді өзіме ұстаз санаймын. Қазір екеуі де өмірден өтті ғой. Марқұмдардың жаны жәннатта болсын – дегеннен басқа айтарым жоқ. Кейіннен өзім де 1980 жылдан бастап, ат баптауды кәсіп еттім. Ол кезде Шеңбердің қарамағында кеңшардың жылқылары жоқ, бұрынғы біз баққан жылқылар түгелдей Алғабас кеңшарының иелігіне беріліп кеткен. Ал менің баптаған сәйгүліктерім өзімнің жекеменшік жылқыларым болды. Соларды баптап бірте-бірте бәйгеге қоса бастадым. Қаншама тер төктім, бірақ еңбегім зая кеткен жоқ. «Наркескен», «Алапан», «Қаражон», «Айкүрең» сияқты жүйріктерім бәйгенің алдын бермеді. Қостанай, Жезқазған, Ұлытау аймақтарында өткен аламан бәйгелерде сан рет мәре сызығын бірінші болып осы жүйріктерім кесті. Осындай сәйгүліктерім мені аймақ жұртшылығына танытып, есімімді елге әйгілі етті. Бапкер ретінде елге таныла бастадым.
Ал, өткен шаққа көз салсам, 1992 жылдың қыркүйегінде Алматыда қазақтардың Дүниежүзілік Құрылтайы өтіп, оған Әлемнің 47 елінен бауырлас-қандастарымыз келді. Солардың келу құрметіне Ұлытауда үлкен ат жарыс болды. Сол жарысқа Наркескенімді дөненін де қостым. Сонда бәйгенің алдын бермей, мәре сызығын бірінші болып кесті. Сондағы Мұстафа Өзтүріктің шабандоз балам Думанға 100 доллар бергені әлі күнге дейін көз алдымда. Бастапқыда ол кісінің кім екенін білмегенім рас. Кейін адамдардың айтуымен таэквондашы Мұстафа Өзтүрік екенін білдім. Сол кезде ол маған бұрылып: «Атыңыз шапқан сайын үдей түсетін құйынның құйыны екен» деп арқамнан қаққаны есімде қалды.
Шынында да «Наркескен» тұлпарым атына заты сай текті жануар еді. Талай аламан бәйгеде алдаспандай жарқырап, бәйгенің алдын бермейтін өрен жүйріктің бірі еді. Күзендей бүктетіліп шапқанда, тұрқы қысқа бұзау тұлып аттардың екі-үш рет аттағанын бір-ақ алатын қарышты жануар болатын. Қаны қызып, денесі бусана келе ағындайтын нағыз ұзақ шабыстың өрен жүйрігі «Наркескен» еді. Оның шабысын бірге ат қосқанда өзің де бірнеше рет көрдің ғой. Осындай жүйріктерді баптай жүріп өзім де ат баптаудың қыр-сырын меңгердім.
– Әрине, Сіз ат баптаудың қыр-сырын жақсы білетініңіз рас. Дегенмен, кейде көбінесе адамдар аттың сыртқы бітіміне қарап айтып жатады. Ол да дұрыс шығар. Бірақ аттың бітімі қанша керемет болғанымен жүйрік баптаусыз шаппайтыны белгілі ғой. Осы Сіз бәйге атын қалай баптайсыз? Соны толығырақ әңгімелеп берсеңіз…
– Әр ат әртүрлі бапталады. Соның ішінде негізгілеріне тоқталайын. Жүйрік атты жаздыгүні түнде қоя беріп, күндіз жабулап қаңтарып қоясың. Әсіресе, қыста ақ сұлыға бағып, сүйегін ағартып, семіртесің. Бәйге атты жүдетіп, арықтатып алуға болмайды. Бір күйі түсіп кетсе оңалту өте қиын. Көктемде қар суымен жіберіп, біраз күн өрісте жайылтып, сары шөпке әбден тойдырсаң, сонда тіпті жақсы болады. Өйткені, сары шөп іш майын азайтып, қазысын жұқартады. Тек қара еті ғана толық күйінде қалады. Себебі, күш – майда емес, етте болады. Әрі іш майы мен қазысы жеңілдеген соң шапқан кезде аттың іші қызбайды. Ал, жүйріктің ащы терін алар кезде ауаның тымық кезін пайдаланған жөн. Тағы бір айтарым, бәйге атты таза ауада еркін тыныстату керек. Сонда тынысы кеңірек ашылады. Турасын айтқанда, ат баптаудың ең бастысы аттың ащы терін алу ғой. Ащы терін алу бірақ оңай емес. Бірқатар жұмыс жасау керек. Ол үшін сауырынан құлақ түбіне дейін тұмшалап, әбден ащы тері шыққанша, желе жорытып жүрген дұрыс. Әйтпесе оңайлықпен ащы тері алына қоймайды. Ал, таң асырарда суға бөрттірілген екі-үш қос уыс ақ сұлы беріп қойған дұрыс. Аздап қана тым көп сұлы беруге болмайды. Содан кейін таң бозамықтанып атып келе жатқанда ашық алаңға алып шығып, жетелеп жүріп жаясың. Бірақ суды көп ішкізуге болмайды. Егерде шөлі қанбаса, жағадағы көк құрақты орып жіберіп, шөлін сонымен басуға болады. Біраз жайылғаннан кейін шамалы желе жортып, күн көтеріле бергенде көлеңкеге байлап қоясың. Негізінде бәйге атты баптағанда топпен жарыстырып, үйрету керек. Сонда топтан шығып кетпеуге ат дағдыланады. Бір байқағаным жүйрік ат өте сезімтал келеді. Сондықтан ат баптаған кезде оны үркітіп алмай абайлаған жөн.
– Кенеке, қазақта мынандай жақсы сөз бар ғой. «Тұлпар болар құлынды тұяғынан танисың» деген осы жүйрік болатын сәйгүлікті құлын күнінде тани аласыз ба? Осыған да қысқаша тоқтала кетсеңіз…
– Жүйрік болатын құлын оқшауланып, алға қарай ұмтылып тұрады. Кеудесі құлын күнінен кең келеді. Тай кезінде төбешіктердің басына шығып алып, төрт аяғын серпіп тастап ұзақ уақыт жатумен болады. Басқа да ерекшеліктері жетерлік. Ең бастысы осындай.
– Олай болса, әңгімемізді қорытындылайық. Тоқсан ауыз сөздің түйінін өзіңіз айтыңыз…
–Біздің қазақ жүйрік атты жеті қазынаның бірі деп ежелден санаған ғой. Сал серілеріміз де жақсы атты жанына серік еткен. Жүйрік аттарыңыз болса әркез бабында ұстағандарыңыз жөн деп айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қайрат ЖҰМАБАЙ.