МЫСТЫ ӨЛКЕ және Өкітай Әлиханұлы Бөкейханов

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Жезқазғанның мыс кенінде, Қарсақбайдың темір рудасында, Байқоңыр-Қияқты көмір кендерінде жүргізілген алғашқы тұрақты геологиялық барлау жұмыстары Ұлытау-Жезқазған аймағында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша қазба байлықтардың өндірістік қорын жоспарлы түрде зерттеудің жəне ашудың бастамасы болды. Нəтижесінде республикада алып минералды-шикізат базасы құрылды, Жезқазған өңірі қысқа уақытта мыс алыбына айналды.

Қ.И.Сəтбаевтың ұйымдастырушылық қабілеті осы жерде ерекше байқалды. Қаныш Имантайұлының басқаруымен филиал қысқа мерзімде Қазақстан ғылымының нағыз орталығына айналды. Иə, Қ.Сəтбаев осынау игі істердің ұйытқысы жəне ұйымдастырушысы болды. Онымен бірге Жезқазған мыс кендерін ашуда ерен еңбек еткен ғалым, геологтардың бірі – Өкітай (орыстардың арасында өскендіктен Сергей деп атап кеткен) Əлиханұлы Бөкейханов (1910-1957 жж.). Ол – қазақтан шыққан алғашқы, санаулы ғана геологтардың бірегейі.
Жезқазған мыс кенді ауданы Орталық Қазақстан өңірінде орналасқан, сұр ізбесті құмдақ пен қызыл-сұр құмды-сазды қабаттар, əрі пермо-тас көмірлі конглометрден тұратын аймақ екенін 1934 жылы Қ.Сəтбаев «Үлкен Жезқазғанды игеру үшін» деген мақаласында жазады. «Үлкен Жезқазған мыс алыбы» атты мақаласында Қаныш Имантайұлы Бетпақдаланың шөлінде қазір де Одақта бірінші орын алып отырған Жезқазған мыс кені барын, ерте уақытта Жезқазғаннан 1 млн тонна мыс алынғанын, 1847 жылы бұған дейін мəлім болмаған Жезқазғанды Ушаков дейтін көпес басқа капиталистерге алыпсатарлық жолмен маңындағы қазақ елінен сатып алғанын айта келіп, 1904 жылы Жезқазғанды ағылшын капиталистері 260 мың сомға сатып алып, зерттеу жұмысын жүргізгенін, алайда Жезқазған кенінен жылына 5 мың тонна мыс шығармақ болып, құрылысы басталған Қарсақбай зауытын Қазан революциясының басталуына орай аяқтай алмай кеткенін жазған. Яғни Жезқазған алыбында 3 млн. 500 мың тонна мыс бар екені анықталды дей келе, бүкіл Оралдағы зерттелген мыстың шамасы 2 млн. 500 мың тоннадай болса, Жезқазған алыбының қоры бүкіл Оралдан 1 млн тоннаға асқанын, алдағы уақыттағы зерттеу жұмыстары Жезқазған байлығын бұдан да өсіріп отыратынын тағы да көрсетеді. «Ұлы Жезқазғандай ірі зауыт əлемде жоқ екенін, Американың ең үлкен мыс зауыттары жылына 125 мың тонна мыс берсе, қазіргі салынып жатқан Балқаш мыс зауыты жылына 100 мың тонна мыс береді, ал Ұлы Жезқазған комбинаты Балқаштан өндіріс жағынан 2 есе артық береді» дейді.
Ғалым «Үлкен Жезқазғанның болашағы» атты мақаласында еліміздегі мыс кені шығатын аудандардың ең үлкені, ең кенге бай жері Жезқазған, мұндағы 3510 мың тонна мыс қорының 1330 мың тоннасы жоғары сапалы мыс екенін, мұндай сападағы мыс бүкіл Кеңестер Одағындағы мыс өндірістерінде əлі де айқындалмағаны, Жезқазғанның мыс қоры бүкіл Жер жүзіндегі мыс қорының 3,2%-ы, ал Кеңес Одағындағы мыс қорының 20,5%-ы екені, мыс кенінің зерттелуі арзанға түсумен қатар, тереңдігі небары 200 метр жерден табылатынын айтады. Жезқазған комбинатынан шығатын өнім Американың солтүстік штатынан шығатын өнімнің 55%-ындай болатыны жəне шет елдердегі мыс қорытатын зауыттардың қайсынан болса да, Жезқазған мыс қорыту комбинаты асып түсетіні, Үлкен Жезқазғанда жылына 14 600 тонна мыс кенін шығаратын кеніш, күніне 45 мың тонна кен қорытатын байыту фабрикасы жəне 6 пеші бар, жыл сайын 1120 тонна мыс қорытатын металлургия зауыты салынатыны жайлы сөз қозғайды. Жезқазғанды Үкіметтің бекіткен мерзімінде бітіруге бүкіл Қазақстан болып кірісу керектігін айтып, Жезқазғанның байтақ даласындағы кенді зерттеуде көп еңбек сіңірген азаматтарды көрсетеді. Өкінішке орай, Жезқазғанның кен орындарын зерттеуде елеулі еңбек сіңірген саусақпен санарлық геологтардың бірі Өкітай (Сергей) Əлиханұлы Бөкейхановтың есімі жазылмайды. «Бөкейхановты Қарсақбайға баруға біржола көндірген сияқтымын…» депті Қ.И.Сəтбаев 1929 жылы 25 желтоқсанда Мəскеуден жұбайы Т.А.Кошкинаға жолдаған хатында. Бұл Сəтбаевтың Жезқазғанда кен барлауды дербес жүргізуге қам жасап, жер-жерден инженер-техниктер, бұрғылау мамандарын іздеген қысылтаяң кез еді. Өкітай (Сергей) Бөкейханов 1930 жылдың басында Ұлытауға келіп, Қарсақбай комбинатының геология бөлімінде аудандық геолог болып жұмысқа кіріседі. «Байырғы жезқазғандықтар оны Ақтай деп атаған. Жас геолог өз міндетін тиянақты атқарған. КСРО Ғылым Академиясының Үлкен Жезқазған мəселесін жан-жақты талқылаған 1934 жылдың қараша айындағы төтенше ғылыми сессиясында мінбеге көтеріліп, баяндама жасаған (1935 жылы Мəскеуде жарық көрген «Большой Джезказған» жинағында жарияланған)». «Өкітай (Сергей) Бөкейханов бірнеше жыл Қаныш Сəтбаевпен бірге оның кешенді геологиялық-барлау тобында еңбек етіп, Үлкен Жезқазғанды ашуға белсене қатысқан. Кейіннен Оңтүстік Оралда, Хакасияда геологиялық экспедицияларды басқарған. Түсті металдарды барлау мəселелері жайында тау-кен өнеркəсібі қызметкерлерінің Бүкілодақтық мəжілісінде əзірлеген баяндамасы қазіргі күнге дейін өте құнды саналады. Алайда сол кездегі солақай саясаттың салдарынан «халық жауының баласы» ретінде өзіне тиесілі марапаттарды алуға құқығы болмайтын».

Жезқазғанның кен байлығын зерттеуде үлкен еңбек сіңірген Өкітай (Сергей) Əлиханұлы тарихтан лайықты бағасын алуға тиісті. Ол – Орталық Қазақстанның елі сирек даласындағы Жезқазған маңы Совет үкіметі тұсында геологиялық зерттеу жүргізуі нəтижесінде жер қойнауындағы байлығының саны жəне неше алуандығы жағынан Советтер Одағындағы ең алдыңғы қатарлы ауданның бірі болуы, мұндағы дүниежүзіндегі ең ірі мыс кенінің бірі Жезқазғанның атын шығарған ірі тұлға.
XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы, Ұлт көсемі Əлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның баласы. «Ол жылдары Əлихан Бөкейхан өкімет сескенетін саяси серке болып қалыптасты. Самарада Жер банкінде жұмыс істеп жүргенде 1910ж. Əлихан Бөкейханның отбасында мұрагер дүниеге келді. Ол бертін келе орыс тілділердің ортасында болып, тағы бір есімге ие болып, Өкітай (Сергей) атанды. 1929 жылы Мəскеудегі Кен академиясын геолог мамандығымен бітіріп, еңбек жолын Қарсақбай, Жезқазған өңірін зерттеуден бастаған ірі ғалым.
1929 жылы «Атбасцветмет» тресінде геологиялық барлау бөлімшесі ашылып, сол жылдың соңында Жезқазғанда тұрақты барлау жұмыстары жүргізілді. Геологиялық комитет қызметкерлері мен білімдар жас инженерлердің арасында үлкен тартыс болғаны тарихтан белгілі. Олар Жезқазғанды ұсақ қана кен орны бар, онда көп қор жоқ деп тұжырымдаса, Қ.И.Сəтбаев пен С.Ə.Бөкейханов Жезқазғанда үлкен қор жатыр деп жазды. Яғни ғылыми айтыс-тартыс мəселесі Жезқазғанды индустрияландыру жоспарына кіргізбей, үлкен мыс комбинатының құрылысына жол бермеу болатын. Осындай кедергілерге қарамастан Жезқазған 1931 жылдың аяғында мыс қоры жағынан Одақ бойынша 1-орынға шықты. 1934 жылы деректер бойынша Американың мыс провинцияларын басып озды. «Қ.И.Сəтбаевтың қарсыластары 1938 жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарына кедергі жасаумен болды. 1938 жылдың 10 ақпанында жаңа Жезқазған комбинатының құрылысын бастау туралы №50 тарихи бұйрық келді».
Бұл жерде Қаныш Сəтбаевпен бірге Өкітай (Сергей) Бөкейхановтың да еңбегі зор. Əкесі «халық жауы» деп репрессияға ұшырағандықтан, Бөкейхановтың фамилиясы жүйеден қысым көріп, үнемі көлеңкеде атаусыз қалып отырды. Еңбегі бағаланбады, аты аталмады. Өкітай (Сергей) Əлиханұлының Қазақстанның жер асты, жер үсті пайдалы кен қазбалары, түрлі-түсті металдар туралы бірнеше ғылыми мақаласы белгілі. Мақалалары геология ғылымында үлкен қызығушылық туғызып, осы күнге дейін маңызын жойған жоқ. Өмірінің кейінгі жылдары жайында дерек өте аз, өйткені ол кездері мемлекеттік тапсырмамен жабық жəне құпия болып келген уран рудниктерін ашып, сол жерде басқару жұмыстарын ұйымдастырған. «Соңғы жұмысы – Хакасия автономиялық облысының Сор қаласындағы геологиялық барлау экспедициясының бас инженері қызметін атқарды. Мыс жəне уран кендерінің сипаты жөнінде бірнеше ғылыми еңбектер жариялаған».
КСРО Ғылым Академиясының Үлкен Жезқазған мəселесін жанжақты талқылаған 1934 жылғы қараша айындағы төтенше ғылыми сессиясында Қаныш Сəтбаевпен бірге мінбеге көтеріліп «Жезқазғанның кен аймағы жəне структурасы» деген тақырыпта баяндама жасау құрметіне Өкітай (Сергей) Бөкейханов ие болады.
Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа 25 км қашықтықта орналасқан Жезқазған мыс кен орындары туралы Өкітай (Сергей) Əлиханұлының ең көлемді зерттеу жұмысы «Жезқазғанның құрылымдық жəне кенді аудандары» деп аталады. Монографияда Орталық Қазақстанның Жезқазған-Ұлытау аудандарының табиғи ресурстарын игеру жəне жан-жақты зерттеу мəселелеріне арналған материалдар жинақталған.
Кен орнында энеолит заманында (б.з.б. 6000-5000) сақтар кен өндіріп, мыс пен қоланы балқытқан. «1927 жылы геолог Қ.И.Сəтбаев «Жезқазған ауданындағы мыс кендері» мақаласында «Жезқазған кендерін орыстардың бірінші рет ашық түрде 1837-38 жылдардағы Кенесары жорығының кезінде көруі ықтимал екендігін тарихи жағынан да анықтай түскен» – деп жазады.
«Қазіргі заманғы алғашқы мыс кəсіпшілігін 1847 ж. Н.А.Ушаков ашқан. 1904 ж. кен орны ағылшындардың «Атбасар мыс кентасы» қоғамына концессияға берілді».
Жас ғалым Сəтбаев мақаласында ағылшын кен барлаушысы С.Х.Боллдың өз қолымен жазып кеткен кітапшасындағы деректерді келтіре отырып «ағылшындар 1915 жылға дейін Жезқазғанда 234 ұңғыма жүргізген, 19 жерден шахта қазған, бұрғы мен шахталар арқылы Жезқазған кен орындарының жалпы шамасы мен жобалы реттері қазірде аз да болсын ашылып, анықталып отыр», – деп жазды.
Жете барлау жұмыстары 1926 жылдан басталады. Ең алғашқы отандық мыс 1928ж. Қарсақбай комбинатында балқытылды. Сол кездегі мықты геологтар Қ.И.Сəтбаев пен С.Ə.Бөкейхановтың 1929ж. қолға алуымен басталған геологиялық барлау жұмыстарын 1931 жылдан Жезқазған экспедициясы үздіксіз жүргізіп келеді. «Жезқазған мыс кендерінің геологиялық құрылысы тас көмір, пермь жəне кайнозой шөгінділерінен құралған. Тас көмір жүйесінің орта жəне жоғары бөлімдерін қамтитын кен қабаттары Тасқұдық, Жезқазған свиталарына жіктеледі. Қалыңдығы 250-300м. Тасқұдық свитасы 3 кенді горизонт құрайтын қызыл жəне сұр түсті 16 қабаттан тұрады. Қалыңдығы 350-400м. Жезқазған свитасы 7 кенді горизонт түзетін қызыл жəне сұр түсті 36 қабаттан тұрады. Бұл қабаттар литологиялық құрамы бойынша қызыл жəне сұр түсі аргиллит, алевролит құмтастан жəне аз мөлшерде жұмыртас, жентектас, əктас қабаттарынан тұрады. Кен сұр түсті құмтас қабаттарында шоғырланған.
Тектоникалық құрылымына шығыс жағын шектейтін меридиан бағыттағы Шыңғыс-Ұлытау оңтүстігінен Теректі терең жарылымдары кіреді. Жезқазған синклиналі аумағында орналасқан кенді алаң Спасск мульдасы, Ақши күмбезі, Златоуст мульдасы, Кресто күмбезі, Анненск мульдасы жəне Анненск күмбезі атты бірінен бірі флексуралармен бөлінген құрылымдардан тұрады.

«Жезқазғанның құрылымдық жəне кенді аудандары» – С.Бөкейхановтың ғылыми еңбегі. Ғалым Жезқазғандағы барлау тарихын баяндап, оның зор мүмкіндігін атап өтіп, сол істі жүзеге асыратын мəселелерді көрсетеді. «Геологиялық-тектоникалық ерекшелігіне негіздей отырып, Жезқазғанның барлық мыс-кенді ауданын құрылымды ауданға бөліп зерттейді.
1. Орталық кенді аудан
2. Спасск опырмалы ойысының батыс қанаты
3. Спасск опырмалы ойысының шығыс қанаты (Спасск тектоникалық опырылу аймағы)
4. Кеңгір антиклиналының Оңтүстік жəне Оңтүстік-батыс қанаты
5. Кеңгір антиклиналының Солтүстік- батыс қанаты Жезқазғанның барлық 13 кенді аудандары осы жоғарыда аталған 5 құрылымдық аудандарына кіреді» – деп жазады.
Осылардың ішіндегі ең ірісі аумағы жəне қоры бойынша Орталық кенді аудан. Орталық кенді ауданға батыстан Петропавл опырығы қосылады. Бұл ауданның өндірістік-барлау қорлары 1544,4 мың тонна мысты құрайды. Категория бойынша барлық Жезқазғанның жалпы қорының 89% құрайды екен. Жезқазғандағы кен минералды кварц дала шпаты мол сұр құмтастың тоғыз қабатқа дейін қатталып теңбілденген шұбар түрде кездесіп, жарықшақтарды толтырған құмтастардың құрамында кейде жер қыртысының тереңдегі қалпында ұшырасатыны жайында айта келіп, соған орай, мынандай тұжырым жасайды: кенді құмтастар Жезқазғанда берік жəне тұтқыр түрде кездеседі, жерастының қазындылары ешқашанда опырылмайды, яғни ұңғуды тіреусіз жүргізуге болады, тіреу ағаштары мүлдем қажет емес, кеніш ішінде су болмаса, секундына литрдің небары оннан бір бөлшегін құрайды; кен қабаттарының қалыңдығы 20-30м біртекті кендер қалпында кездеседі, демек кенді шығарғанда өндірудің тиімді əдісін пайдалануға мүмкіндік береді, кеніштің кейбір кен шоғырлары бірінің үстіне бірі дестеленіп жатады, бұл жағдайда кейде қабаттасқан, бір ғана шахта оқпанынан қазуға мүмкіндік береді; Жезқазғанда ашық карьерлік жұмыстарды кеңінен жүргізуге мүмкіндік бар. Осының барлығы Жезқазған мыс кендерінің ерекшелігін (əлем бойынша 3 орын) жəне кендерді шығару мен өндіру технологиясы өте тиімді екенін аңғартады» дейді ғалым.
«Орталық кенді ауданға келесі аудандарды кіргізеді: 1) Кресто, 2) Покровский, 3) Петро, 4) Златоуст, 5) Беловский, 6) Тасқұдық. Осылардың ішіндегі ең ірілері Кресто жəне Златоуст» – деп көрсетеді ғалым. Оның ішінде Кресто кен ауданы – 45%, Златоуст кенді ауданы – 25%, барлық Жезқазғанның қорларын құрайды екен.
Жалпы Жезқазған мыс кендері алты геологиялық-өндірістік аудандарға бөлінген: Ақши-Спасск, Оңтүстік-Батыс Покро, Солтүстік Покро, Златоуст, Кресто жəне Анненск. Бұл аудандардағы кеннің минералдық құрамы: борний, халькозин, халькопирит, галенит, бегехтинит, сфалерит, пирит, арсенопирит, альгондит, домейкит. Тереңдігі 10-60м. тотығу белдемінде азурит, малахит, хризоколла, куприт, элит жəне таза мыс түзіледі. Бұл туралы С.Бөкейханов мақаласында атап көрсетеді.
Ғалым Кресто ауданын жанжақты зерттеген. Ауданның ерекшелігін атап көрсетеді. Жезқазғанның барлық кенді аудандарының ішінде «Кресто көбінесе бөлшектенген, төбешікті рельефтерге ие. Құрылымдық жəне территориялық белгілеріне байланысты Кресто ауданының кенді аумағы 3 участокке бөлінеді.
Покров ауданы, Жезқазғанның басқа кенді аудандарына қарағанда орталыққа қарай оңтүстік бөлігінде Тасқұдық-Покров брахиантиклиналында орналасқан.
Ауданның рельефі төбешікті. Жекелеген төбелердің салыстырмалы биіктігі 10-15 метрден аспайды. Петро ауданы Покров ауданынан батысқа қарай құлайды. Ауданның рельефі төбешікті. Ауданның шығысында Петров төбешігінде орналасқан. Құрылымдық ерекшелігіне байланысты
Петро ауданы 2 участокке бөлінеді: шығыс участок – Петро төбешігі жəне батыс участок – Петро опырығы. Ғалым ауданның минералды құрамына дейін зерттеп, тиянақты есептеп көрсетеді.
Тасқұдық ауданы Покров ауданынан солтүстікке қарай 6 км жерде орналасқан. Рельефіне байланысты кенді аумағы жазықта көрсетілген.
«Златоуст ауданы Покров ауданынан 4 км солтүстікке қарай жатыр. Бұл жерде қазір кен өндіріліп жатыр», – деп көрсетеді автор. Рельефі жағынан төбешікті, биіктігі салыстырмалы түрде метрден аспайды.
Ғалым осы аудандардың əрқайсысын тиянақты зерттеп, құрамын, ерекшелігін, құрылымын қағаз бетіне тəптіштеп түсірген. Жезқазған өңірінің жер қойнауында халық шаруашылығы үшін аса зор маңызды түсті металдар, қара металдар, сирек кездесетін, бағалы металдар, жанатын заттар, химия өнеркəсібі үшін минералдық шикізат, кен-руда шикізаты, құрылыс материалдарын тегіс көрсетіп жазады. Жезқазған өңірі мысқа бай. Оның рудасындағы қорғасынның да мөлшерін көрсетеді. Жезқазған рудасының ерекшелігі қатпарланған түрде кездесетінін жазған. Кен орындарының геологиялық құрылымына сипаттама жүргізіп, шикізаттық сапасы мен санын бағалау, оларды зерттеу мен барлау жұмыстарының болашағы мен комплексті бағдарламасында жазады.
«Ғалымның тағы бір ерекшелігі зерттеудің əртүрлі ғылыми əдістерін меңгере отырып, Қазақстанның геологиялық зерттеу жұмыстарын жоғары деңгейге көтере білгендігі».
Заманында Өкітай (Сергей) Бөкейханов Одаққа танымал ғалым, бірегей геолог-барлаушы, тұлға ретінде ортасында ерекшеленеді. Бұған дəлел – Өкітай (Сергей) Əлиханұлына берілген жоғарғы баға. Қалыптасып тұрған саяси жүйеге қарамастан, ғалымдардың Өкітай (Сергей) Əлиханұлы Бөкейханды жоғары бағалап, мойындауы. Бұл туралы белгілі ғалым, немере інісі болып келетін Сырым Бөкейханов «Мен талай жыл жұмыс істеген политехникалық институттың геологиялық барлау факультетінде Евгений Дмитриевич Шлыгин деген ғалым жұмыс істеді. Ол – Қазақстанның аймақтық геологиялық құрылымының теориясы мен моделін алғаш жасағандардың бірі. Геолог, геология ғылымдарының докторы, профессор. Бір жолы мен сөз сөйлеген жиналыстың соңында, аса қадірлі академик маған келіп: «Сіздің Өкітай (Сергей) Əлиханұлымен жақындағыңыз бар ма?» – деп сұрады. Мен біздің жақындығымызды əңгімелеп бердім. Е.Д.Шлыгин осыны естігенде жанып кетті, өзінің 40-50 жж. Қарсақпбай-Жезқазған мысты өңіріндегі экспедицияның құрамына қалай қосылғанын, онда Өкітай (Сергей) Əлиханұлымен танысқанын ерекше əңгімелеп берді. Өкітай (Сергей) Əлиханұлының кемел білімін, кəсіби деңгейінің жоғарылығын, еңбекқорлығын, адами парасаттылығын баса айтты.Академик Е.Д.Шлыгин Өкітай (Сергей)Бөкейхановтың ғылыми жəне өндірістік еңбегінің жемісті болғанын Мəскеуде КСРО Ғылым Академиясының кезекті сессиясында «Жезқазғанның құрылымдық жəне кенді аудандары» атты баяндамасы дəлелдеп отыр, ғалымның жасаған баяндамасы осы күнге дейін құндылығын жоғалтпаған ғылыми еңбек екенін айтады. Бүгінде техникалық өндіріс саласындағы ғалымдар баяндаманың құндылығын əлі де атап көрсетеді. Зерттеу жұмысының ерекшелігін, бірегейлігін, мойындайды.
Белгілі геолог Василий Иванович Штифанов «Қазақ КСР-і еңбек сіңірген геологы, Социалистік Еңбек Ері, Жезқазған кен барлау кеңсесінде геолог (1938-1941жж.), Қ.Сəтбаев Алматы қаласына қызметке ауысқан соң В.И.Штифанов Жезқазған геологиялық барлау кеңсесінің (1941-1957жж.) жəне Жезқазған геологиялық барлау экспедициясының (1957-1985жж.) бастығы болып еңбек еткен.

Жезқазған-Ұлытау өңірі жер қойнауын жан-жақты зерттеу жұмысына, осы өңірдегі кен орындарын барлауға көп еңбек сіңірген ғалым И.В.Штифанов Өкітай (Сергей) Əлиханұлының кəсіби біліктілігін өте жоғары бағалаған. «Мен Өкітай (Сергей) Бөкейхановты 1944ж. Мəскеуде КСРО Түсті Металлургияминистрлігі өткізген бір беделді кеңесте көріп, баяндамасын тыңдадым. Өкітай (Сергей) Əлиханұлы онда мазмұны терең ойлы зерттеу жұмысын ұсынып, баяндама жасады. Ол кезде Өкітай (Сергей) Бөкейханов Оңтүстік Оралдағы геологиялық экспедицияны басқаратын.
Григорий Никифорович Щерба – ғалым, геолог, профессор, академик, 1937-1948жж. Қазақ КСР ҒАГеологиялық ғылымдар институтында аға ғылыми қызметкері. Академик Қ.И.Сəтбаевпен 1948ж. əріптес болып, Орталық Қазақстан металлогендік болжау карталарын құруға қатысқан. Өкітай(Сергей) Бөкейхановтың кəсіби деңгейін жоғары бағалаған ғалымдардың бірі.
Қ.Сəтбаев та Өкітай (Сергей) Əлиханұлының еңбегін, біліктілігін, кемел білімін бағаламауы мүмкін емес. Қаныш Имантайұлы 1929 жылы Үлкен Жезқазған мəселесін жан жақты зерттеу үшін Одақтағы білікті ғалым геологтарды шақырғанда Өкітай (Сергей) Əлиханұлын да назардан тыс қалдырған жоқ. Себебі, ол Өкітай (Сергей) Бөкейхановтың кəсіби біліктілігін жете бағалады. Жезқазған мыс кен орнының геологиялық құрылысын, таскөмір жүйесінің орта жəне жоғары бөлімдерін қамтитын кен қабаттары Тасқұдық, Жезқазған свиталарын алғаш жіктеген ғалымдардың бірі – Өкітай (Сергей) Бөкейханов. Қалыңдығы 250-300м. Тасқұдық свитасының 7 кенді горизонт түзетін қызыл жəне сұр түсті 36 қабаттан тұратындығын, олардың литологиялық құрамын да тектоникалық құрылымын да алғаш зерттеген Өкітай (Сергей) Бөкейханов екені ғылыми ортада белгілі болған. Жезқазған мыс кені алты геологиялық өндірістік учаскеге бөлінгенін: Ақши-Спасск, Оңтүстік-Батыс Покро, Солтүстік Покро, Златоуст, Кресто жəне Анненск учаскілерін ғылыми зерттеп, зерделеген де Өкітай (Сергей) Бөкейханов еді.

Тақырып мүлдем зерттелмеген. Тарихы ғылымдағы ақтаңдақ беттерге жатады. Ұлт көсемі Əлихан Бөкейхан «халық жауы» атанып, қуғын-сүргін құрбаны болғандықтан тұлғаның туғандары да солақай саясаттың құрбанына айналды. Өкітай (Сергей) Əлиханұлының еңбектері тарих беттерінен сызылып, көлеңкеде еленбей қалған. Осы мақаланы жазуға арқау болған Қазақстанда сақталған жалғыз ғылыми мақаласы. Ғалымның 1934 жылы КСРО Ғылым академиясының ғылыми сессиясында жасаған «Жезқазғанның құрылымдық жəне кенді аудандары» атты баяндамасы 1935 жылы 700 беттік «Үлкен Жезқазған» монографиясында жарияланды. Монография бүгінде Ұлытау облысы Жезді ауданындағы музейдің сирек қор фондысында сақталған. Белгілі ғалым, геолог, Өкітай (Сергей) Бөкейхановтың туысы Сырым Райымжанұлы Бөкейхановтың 2004 жылы Алматыда жарық көрген «Өткен күнде белгі бар» атты естелік кітабында автор қысқаша автобиографиясын жазды. Тағы да БАҚ материалдарында Өкітай (Сергей) Бөкейханов туралы заманындағы ғалым-геологтардың естеліктері туралы пікірлері кездеседі. Өкітай (Сергей) Əлиханұлы Бөкейхановтың өмір жолы, тағдыры, Қазақстанға сіңірген ерен еңбегі – зерттеуді қажет ететін ақтандақ тақырып. Ғалымның елге сіңірген адал еңбегін, ғылыми мақалаларын зерттеу Қазақстан тарихы ғылымындағы өзекті мəселе екені сөзсіз. Бұл мақаланың басты мақсаты тұлғанын өмір жолын, еңбегін бүгінгі ұрпаққа таныстыру, геология ғылымындағы лайықты бағасын беру. Үлкен Жезқазған мыс алыбын зерттеу барысындағы тұлғаның еңбегіне лайықты баға беру. Зерттеу тақырыбы ғалымның Орталық Қазақстанның кенді аудандарын барлау барысында қолданған ерекше əдістерін, кəсіби біліктілігін көрсету, бүгінгі геология ғылымын зерттеушілерге насихаттау.
Мақалада қарастырылған барлық мақсаттарға сəйкес зерттеу жұмысы аз да болса, ғалымның Орталық Қазақстанның кенді аудандарындағы барлау жұмыстарын, қолдану əдістерін, есептеулерін жарыққа шығару еді. Ғалымның шығу тегі, өскен ортасы, тұлға ретінде қалыптасу тарихымен таныстыру болды. Аталған тақырып зерттеуді қажет етеді.
Қазақ халқының біртуар перзенті, бірегей тұлғасы, көрнекті ғалым Өкітай (Сергей) Əлиханұлы Бөкейханов тарихтан лайықты бағасын алуы керек. КСРО геология ғылымының дамуына қосқан ерен еңбегі бағалану үшін еңбектері архивтен көтеріліп, зерттеуді қажет етеді. Есіл ер, асылдың сынығы, солақай саясаттың құрбаны болды.
Өкітай (Сергей) Əлиханұлы Бөкейхановтың есімі Жезқазған мыс кен орындарын зерттеуде Қаныш Имантайұлы Сəтбаевпен қатар тұратын уақыт жетті. Тектілік тек жатпайды. Тарихта көлеңкеде қалған тақырыпты, мүмкіндігінше ашуға талпыныс болды. Дегенмен де дереккөздері өте аз. Уақыт өте келе оң нəтиже болатыны сөзсіз, себебі, бұл – адами парызымыз.

Камшат АБДРАХМАНОВА,
Қарағанды медицина университеті Қазақстан тарихы жəне əлеуметтік-саяси пəндер кафедрасының ассистент-профессоры.