Қаныш жүрген ізбенен…
Қаныш СƏТБАЕВТЫҢ өмірі Жезқазған-Ұлытау өңірімен тығыз байланысты. Саналы ғұмырында аталған өңірге айтарлықтай еңбек сіңіргені белгілі. Əсіресе, өңірі мыс кен орны Қарсақбайға 15 жылдай уақытын арнады. Сол жылдарда «Атбасцветмет» трестінің геология бөлімін басқарды. Басқару құрамына Қарағанды көмір бассейні, Успенский мыс руднигі, Спасск мыс балқыту зауыты қамтылған. Қаныш Имантайұлы тек қана ғылыммен ғана емес, тарихқа, мəдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеп, көптеген еңбектер жазған. 1935 жылы Алтыншоқының төбесінен Тұранның əйгілі билеушісі, əрі қолбасшысы Əмір Темірдің 1391 жылы араб, шағатай тілдерінде жазып қалдырған белгітасын тауып алған. Бұл құнды олжа ел үшін маңызды жаңалық болды. Ғұлама ғалымның Жезқазған-Ұлытау аймағына сіңірген еңбегі зор.
Осыған сəйкес, Сəтбаев қалалық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қ.Сəтбаевтың 125 жылдық мерейтойы аясында Ұлытау облысынан «Екі өңірге төл тұлға – Қаныш Сəтбаев» атты тарихи-танымдық экспедициясы жасақталды. Экспедиция құрамында Сəтбаев қаласының мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш, Сəтбаев қаласының «Құрметті азаматы», «Егемен Қазақстан» газетінің Ұлытау облысы бойынша жауапты тілшісі Абдолла Дастанов, Қазақстанның «Еңбек ері», «Кенші даңқы» атағының иегері Тұрсынбек Мақышев, Ұлытау облыстық ардагерлер Кеңесінің мүшесі, өлкетанушы Тонболат Мұқанұлы, сонымен бірге, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи қорық-музейі, Қ.Сəтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі, Жезді кентіндегі М.Төрегелдин музей қызметкерлері жəне «Ұлытау» телеарнасының шығармашылық тобы мен «Ұлар» əдеби клубының мүшелері болды.
Экспедиция жұмысы əуелі қара шаңырақ Қарсақбайдан бастау алды. Бұдан кейін Сəтбаев – Жезқазған – Жаңаарқа – Қарағанды – Теңдік (Мұса Шорман ауылы) – Мəшһүр Жүсіп мемориалдық кешеніне барып, Баянауылға ат басын тіреді. Экспедиция барысында Қаныш Имантайұлының тұрған үйін, балалық шағы өткен жерін көрді. Бұл жерге арнайы белгі қойылған. Қаныштың үйі мен мектебінің арасы 7 шақырым жер екен. Мектеп Теңдік ауылында орналасқан. Соған Қаныш Сəтбаев 2 жылдай атпен қатынап сабақ оқыған. Негізі осы араға келешекте абаттандыру жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
Келесі кезекте экспедиция мүшелері Қ.Сəтбаевтың ата-бабалары жерленген қорым басына барып, құран бағыштады. Оның соңы клуб үйінде ауыл тұрғындарымен кездесуге жалғасып, экспедиция мүшелері Қаныш Сəтбаев туралы естеліктерімен бөлісті.
Одан кейін экспедиция Баянауылға сапарлап, академик Қ.Сəтбаев атындағы Баянауыл мемориалдық музейінде дөңгелек үстел өткізілді. Кездесу барысында қос өңірдің азаматтары таныстырылып, экспедиция мақсаты айқындалды. Онда екі аймаққа ортақ тұлға туралы кеңірек əңгіме қозғалып, арнау,өлеңдер оқылды. Екі өңір тарапынан арнайы дайындалған кəдесыйлар тапсырылды. Музей ішіне Қаныш Сəтбаевтың қолданылған заттары, кітаптары, жеке коллекциялары қойылған.
Жалпы айтқанда, экспедиция жұмысы жоспарға сəйкес сəтті аяқталды. Нəтижесіндеқос тарап бір-бірімен тəжірибе алмасып, келешекте Қ.Сəтбаев туралы іс-шараларды бірлесіп атқаруды жоспарлады.
Жасұлан АЯШЕВ,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының экскурсия жетекшісі.