АҚШ елшісі келді
Өткен аптада өңірімізге АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Даниэль РОЗЕНБЛУМ келді. Құрметті мейманды Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ қарсы алып, елшіге жаңадан құрылған облыста жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Алдымен аймақ басшысы Ұлытау облысының құрылуы жайлы мəлімет берді. Облыс экономикасы өнеркəсіппен байланысты екенін жеткізді. 2027 жылға дейін металлургия, өңдеу өнеркəсібі, агроөнеркəсіптік кешен саласында жалпы құны 1.6 миллиард долларды құрайтын 27 инвестициялық жобаны іске қосудың жоспарда тұрғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, заманауи өнеркəсіп кешендерін құру, өңдеу өнеркəсібі мен жеке бизнесті дамыту үшін инвесторларды қосымша тартуға мүмкіндіктер бар екенін айтты.
– Ізеттілік кездесуімізді оңтайлы пайдаланып, сіздердің кəсіпкерлерді біздің облысқа инвестор болуға шақырамыз. Бұндай қадам өңірге өз септігін тигізіп қана қоймай, өңіраралық байланыстарды одан əрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Берік Əбдіғалиұлы өз сөзінде.
Кездесуде өңір басшысы американдық инвестор Global Chemicals Industries демеуімен қуаттылығы жылына 200 мың тонна барит кенін өндіретін «Қаражал Оперейтинг» инвест жобасының (құны 13.3 млн.доллар) сəтті жүзеге асып жатқандығын үлгі етті.
Жүздесу барысында білім беру саласы да кеңінен сөз болды. Берік Əбдіғалиұлы осы орайда шешімін күтіп тұрған мəселелерді де əңгімеге өзек етті.
– Біздің өңірде сапалы білім беретін жоғары оқу орны жоқ. Көптеген жастар үлкен қалаларға кетіп жатады. Бізге олардың кеткені емес, тіпті басқа өңірлерден келгені керек. «Қазақмыс» корпорациясының бұл ретте Астанадағы Канадалық мектебі бар. Қазір біз «Қазақмыс» корпорациясымен меморандумға отырдық. 30 гектар жер бөлінді. Сол жерде жаңа оқу орнының ғимараты салынбақ. Енді құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін проект дайындалып жатыр, – деді облыс əкімі.
Кездесуде елші біздің өңірге алғаш келгенін, 2 күн ішінде тарихи жерлерге баратынын айтты. Сонымен қатар ағылшын тілінде білім алам деген жандарға жəне əріптестік орнатуға көптеген бағдарламалар бар екенін жеткізді.
– Мен сіздердің өңірлеріңізді танып, білу үшін келдім. Қазақстан мен АҚШ-тың əріптестігі дамып келеді. Білім беру саласы жайлы жобаларыңыз ұнады. Болашақта АҚШ-пен осындай əріптестік орнаса деймін. Сол үшін жұмыс жасауымыз қажет, – деді Даниэль Розенблум.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Даниэль Розенблум екі күн ішінде аймақтың кейбір кəсіпорындарына барып, жұмыс барысымен, алдағы жоспарларымен танысты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.