Сапалы ауыз су. 18 жоба
Өңірімізде халықты сапалы ауыз сумен жабдықтау мəселесі оң шешімін табатын болды. Бұл бағытта облыс көлемінде 18 жоба биыл аяқталады деп күтілуде. Солардың қатарында Ұлытау ауданы да бар. Бұл жайындағы əңгіме облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ төрағалығымен өткен жиында айтылды.
– Бұл – облыс құрылған уақыттағы халықтың алғашқы тілегі, сонымен қатар, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Осы мақсатта бұрын қолға алынғаны жəне жаңадан іске қосылғаны бар, бас аяғы 18 жобаны біз биыл аяқтауды алдымызға міндет еттік. Бұл бағытта қаражатты да, қажыр-қайратты да аяп жатқан жоқпыз. Ол үшін əртүрлі бюджет көздерінен 15 миллиардқа жуық қаражат бөлінді, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Берік Əбдіғалиұлы су сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды шаралардың Жезқазған қаласында ғана емес, облыс көлемінде атқарылып жатқандығын жеткізді. Белгілі болғандай, биыл аяқталу сатысында тұрған 18 жобаның жалпы ұзындығы 338 шақырымды құрайды. Осылайша, келесі жылы облыста ауыз су мəселесі шешімін табуы тиіс. Ол жобалар Жезқазғандағы су құбырларын, шаруашылық ауыз-су тазарту құрылыстарын, Үйтас-Айдос стансасын қайта жаңарту, Есқұла су құбырының құрылысы, Кеңгір ауылында блок-модуль іске қосу, Сəтбаев қаласында су бұру желілерін салу жəне кəріз коллекторларының құрылысы, Қаражал мен Жəйремде кəріз желілерін жаңарту, Жаңаарқа ауданында Ақтүбек ауылы мен Кенжебай-Самай ауылында су құбыры желілерін салу, сондай-ақ Ұлытау ауылының су құбыры желілерін қайта жаңарту, Сарысу ауылын сумен қамтамасыз ету үшін іздеу-барлау жүргізу сынды ауқымды жұмыстарды қамтиды.
Кеңесте ауыз судан бөлек, суаруға арналған тіршілік көзінің мəселесі де көтерілді. Қазіргі таңда облыс орталығының өзінде суару желілері 155 шақырымды құрайды, алайда оның да өз дəрежесінде тозығы жеткен. Мəселенің шешімін табу үшін өңір басшысы қала əкіміне «Қазақмыс» корпорациясымен бірлескен түрде жаңа жобаға ұсыныс білдіруді тапсырды.
Сондай-ақ облыс əкімі тозығы жеткен құбырларды толық ауыстыру да күн тəртібіндегі өзекті мəселе екенін жеткізді. Өңір басшысының айтуынша, ол күрделі жұмыс аяқталмай, су қоймалары мен бұлақтардан таза су жеткізу нəтиже бермейді. Айта кетейік, облыс бойынша құбырларды ауыстыру қажеттілігі 336 шақырымды құраса, бүгінгі таңда оның 269 шақырымы салынған.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.