Ауылға кел, ағайын! немесе оңтүстіктен көшкен жұрт не ұтады?
Бір-бірін бес саусақтай танитын Ұлытау халқы қазір көшеде кезіккен сырт адамының қоныс аударушы екенін бірден аңғарады. Былтырдан бері Қаратаудан көшкен жұртқа Ұлытау ауданы да «құшағын ашты». Яғни, бағдарламаға Ұлытау облысы да енді. Күнгей жұртын теріскей мен арқаға алдырып, мұндағы тіршілік қазанын қайнатуды көздеген қоныс аудару жобасы еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінің халық саны тепе-теңдігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама екені сөзсіз.
2024 жылы бұл бағдарламаға 7 мың квота бөлініпті. Оған қатысуға ниет танытқандар үшін 7 өңір қарастырылған. Олар: Қарағанды, Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан жəне Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары. Жалпы жыл сайын солтүстікке, орталық пен шығысқа көшіп келушілердің саны ұлғайып жатыр. Ол квота жергілікті əкімдіктердің ұсынысы бойынша əзірленеді. Сандарды сөйлетейік. Аталмыш бағдарлама 2011 жылы басталды. Ол кезде ең көп дегенде бір мың адам көшетін. Соңғы жылдары 6 мыңнан асатын болды. Биыл 7 мың квота. Министрліктің дерегінше, қоныс аударушылардың арасында əдетте еңбекке қабілетті азаматтардың 80%-ы жұмысқа орналасады. Арасында өз ісін ашып жатқандары да бар.
Бағдарламаның шарты қандай? Қаратаудан Ұлытауға көшкендер үкіметтен қандай көмек алады? Саралайық. Қоныс аударуға ниет танытқандардың тез аяққа тұрып кетуі үшін биылғы қаржылай қолдаудың көлемі отбасындағы əрбір адамға 258 мың теңге болып бекітіліпті. Бұл бір рет беріледі. Ал үйді қоныс аударушы өзі сатып алуына болады. Оның 4 млн 282 мың теңгесін мемлекет өтейді. Қоныс аударушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) жəне коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін қалалық жерлерге қоныс аударғандарға 1 адам үшін 73 840 теңге, отбасы мүшелерінің саны 2-4 болса 92 300 теңге, отбасы мүшелерінің саны 5 жəне одан көп болған кезде 110 760 теңге төленеді. Ауылдық жерлерге қоныс аударғандарға 1 адам үшін 55 380 теңге, отбасы мүшелерінің саны 2-4 болған кезде 66 456 теңге, отбасы мүшелерінің саны 5 жəне одан көп болған кезде 77 532 мөлшерінде төленеді. Қажет болған кезде техникалық жəне кəсіптік білім беру ұйымына жəне қысқа мерзімді кəсіптік курстарға жіберу қарастырылған.
Біздің өңірдегі жағдай қалай? «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл Ұлытау облысына оңтүстік өңірлерден 125 адамды, яғни шамамен 28 отбасыны көшіру жоспарлануда. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 103 210,0 мың.теңге бөлінген. Ұлытау ауданының «Мансап» орталығының дерегіне сүйенсек, 2023 жылы ауданымызға Қызылорда облысынан 4 отбасы, Алматы облысынан 1 отбасы, Жамбыл облысынан 2 отбасы, Түркістан облысынан 2 отбасы, барлығы 10 отбасы көшіп келген. Олардың жетеуі Ұлытау ауылына, екеуі Егінді ауылына, біреуі Қарсақбай кентіне қоныстаныпты. Ерікті қоныс аударушы 10 отбасының ішінде 4 отбасы үй сатып алып, қалған 6 отбасы пəтер жалдап отыр. Аймағымызға көшкендердің бəрі толықтай жұмыспен қамтылыпты.Тақырыпты зерттеу барысында, қоныс аударушыларды да тілге тартқан едік. Тоқталайық.
Жанар Махаш Ұлытауға Тараз қаласынан қоныс аударған. 3 баланың анасы. Мамандығы – медбике. Бұрын Тараз қаласындағы емханада 12 жыл еңбек етіпті. Қазір Ұлытау аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінде жұмыс істейді. Біздің өңірге қыркүйек айында көшкен. Үкіметтен бір реттік көмек алыпты.
– Қоныс аудару туралы іздене бастағанымда, Ұлытау мен Жаңаарқа деген екі таңдауға тап болдым. Маған «Ұлытау» аты ерекше көрінді. Мұндай ұлы аты бар киелі жердің жұрты да киелі шығар деген ой келді маған. Өзіміз жазық жерде туып-өскеннен кейін тауы бар жерге аңсарым ауды. Қоныс аударғаннан кейін Ұлытаудың қысына үйрену оңай болған жоқ. Адам барлығына бейімделеді екен. Қазір барлығы жақсы. 5 жылдық келісім-шартқа отырдық. Анам өзіммен бірге келді. Біз жұмысқа орналастық, балаларым мектептен жаңа достар тапты. Жақында бағдарлама бойынша үйлі болмақпыз. Мұның бəрі қоныс аударушыларға үлкен көмек. Жалпы, Ұлытау халқы бізді құшақ жая қарсы алды десем болады, – дейді қоныс аударушы Жанар Талғатқызы.
Ұлытауға көшкен тағы бір қоныс аударушы Ғалымжан мен Балхияның отбасы. Олар өңірімізге былтырғы жылдың басында Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткөл елді мекеніне қарасты Қарақұм ауылынан келген. 6 баланың ата-анасы келе сала жұмыспен қамтылған. Ғалымжан Елубайұлы Фитосанитария бөлімінде фитопатолог болып еңбек етсе, Балхия Жеткергенқызы Ұлытау ауданының спорт жəне дене шынықтыру бөлімінде қызмет атқарады.
– Мемлекетіміз қоныс аударушыларға барынша көмектесіп жатыр. Бір реттік көмекті əр жан басына алдық. Үй алуымызға да үкімет жəрдем етті. Ұлытауға келгенімізге өкінбейміз. Халқының пейілі кең. Ешкімді жатсынбайды, жатырқамайды. Баяғы өзіміздің ауылымыз сияқты сіңісіп кеттік. Ұлытау жұртшылығының қарапайымдылығына сүйсінемін, – 6 баланың анасы.
Аталмыш бағдарламаны дамыту, қоныс аударушыларға нақты ақпарат беру мақсатында жыл сайын респу бликалық «Қоныс аудару» жəрмеңкесі ұйымдастырылады. Биылғы көш жəрмеңкесі Түркістанда өтті. Ұлытаулық жауапты мамандар осы жобаға арнайы қатысып, біздің өңірге қажетті мамандарды шақыру жұмыстарымен айналысқан. Нəтижесінде, қазіргі таңда Мибұлақ, Сарысу елді мекендеріне қоныс аударушылар құжаттарын жинап жатқан көрінеді.
Ауданымыздың экономикалық əл-ауқатының жақсаруы əлеуметтік халық санының белсенділігіне байланысты екені даусыз. Халық санының артуы бəсекенің өсуіне əкеледі. Сəйкесінше, бəсеке дамудың кілті. Сондықтан көш саясатынан жергілікті халықтың ұтылатын тұсы жоқ. Жалпы, сауатты жүргізілген мемлекеттік саясат миграциялық толқынды ретке келтіріп, елдің əлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ете алады. Себебі мамандардың айтуынша, əлемнің ешбір елінде мигранттар мақсатсыз көшіп-қонбайды, олар қай жерде жұмыс күшіне сұраныс болса, сол аймаққа шоғырланады екен. Яғни, мемлекеттік қолдаудың арқасында солтүстік пен арқаға бағытталған көш даңғыл жолға бір түссе, кейін табиғи түрде үздіксіз жалғасуы əбден мүмкін. Ең бастысы, адамдар санасында өзгеріс туды. Тұрмысын түзеп, жағдайын жақсартқысы келген немесе өмірін жаңа арнаға бұрып, тың жетістіктерге жетуді аңсаған жастар солтүстік пен орталықтағы мол мүмкіндікті игеруге бел буатын болады. Ал, Ұлытау халқы қашанда қонақжайлығымен қоныс аударушыларды құшақ жая қарсы ала бермек.
Альмира ОСПАН