Аштан өлген жігіт немесе әжемнің өкініші

Ұлытау мен Жезқазғанның ортасында сонау отызыншы жылдары жан бағу үшін Қарсақбайға қарай жаяулатып бара жатып, жолда аштықтан қаза тапқан жандардың қорымы бар.
Кеше көлікпен Ақтастыбұлақтың тұсынан өтіп бара жатыр едік, үлкен ұлым:
– Бұл қай жер?- деді.
– Бұл ашаршылық жылдары қайтқан кісілердің жатқан жері.
Ұлымның осы сұрағынан кейін анамның айтқан əңгімесі есіме түсті. Анама əжесі айтқан екен.
Отыз екі, отыз үшінші жылдар. Жасанды зауал халықты аштықтан қырған ұлт тарихындағы зұлмат кезең. Бір уыс астықтың өзін талонмен есептеп беретін зар заманның зардабы халықты əлсіретіп жіберген.
Əдеттегідей таңмен таласа бір кесе бидай алуға кезегіне тұру үшін үйінен асыға шыққан əжемнің (əжемнің жастау кезі) алдынан жағына пышақ жанығандай арық, көзі үңірейіп кеткен, қолдарының тамыры бетіне дүрдиіп шығып, қорқынышты көрінген бір жігіт шығады.
– Апа-ау, көмектесші — деді əлгі жігіт əлсіз үн қатып. – Бір тілім нан беріңізші — деді тағы да дауысы дірілдеп.
Əжемнің ойына бірден көмектесу келеді. Алайда, оған бере қояр үйінде бір тілім де наны болмапты. Үйіне кіргізуді ойлайды да ол ойынан тез айнып қалады. «Үйде қартайған енем мен жасқа енді толған қызым бар еді. Бөтен азаматты кіргізуге қорықтым. «Өз баласының сирағын мүжіпті» деген сөздер ел ішінде көптеп жайылып жатқан соң, бөтеннен тіпті қорқатынбыз» – депті əжем кейін еске алғанда.
– Сіз мені күте тұрыңызшы. Мен қазір тамақ əкелемін. Ешқайда кетіп қалмаңыз – деп есіктің алдына отырғызып кетіпті. Кезекте кісі қарасы көп болып, əжем қазан қайнам уақытта үйіне оралады.
Асығып-үсігіп үйіне жеткен əжемді өмір бойы есінен кетпес көрініс күтіп тұрады. Бейтаныс жігіт табалдырықта, босағаға сүйенген қалпында жан тапсырған екен.
Əжем өле-өлгенше осы əңгімені айтып кетіпті. Үйге кіргізіп, қара су ұрттатсам, аман қалар ма еді деп өкінген екен.
Біздер қарны тоқ, қанағаты жоқ заманда өмір сүріп жатырмыз. Аяққа тапталған нанды, желінбей қоқысқа тасталған тамақты көрсем əжемнің осы əңгімесі есіме еріксіз оралады.
Бір түйір нанның да сұрауы барын ұмытпайықшы.

Альмира ОСПАН.