Байғараның баласы…
Алды ғой деп ұлымның көңіл бұрдың,
Ат мінгізіп астыма, тебіндірдің.
«Байғараның баласы» деген сөздің,
Жарты бақыт екенін кейін білдім.
Қалыптасқан қадірің, сірə, бастан,
Əр сөзіңе дүйім жұрт құлақ асқан.
«Байғараның баласы» – десе, болды,
Мəртебе жоқ мен үшін бұдан асқан.
Əр атқан күн жетелеп, арман алға,
Қанаттандым сен мені қолдағанда.
Мен бүгінгі Бейсенбек болар ма едім,
Байғараның баласы болмағанда.
Тегіне тартқан тұяқ тұрады нық,
Жас кездегі тəрбие қылады ұлық.
Өзіңнен өнеге алып, тауға айналды,
Қаламгер Камал аға Смайылов.
Небір жақсы-жайсаңдар сенен өнді,
Кім ұмытар жасында демегенді?!
– Байекеңнен қамқорлық көрдім, – дейді,
Тағамтану атасы – Төрегелді.
Аттасаң, қызметте талай белді,
Көп қолдады, сүйініп талайлы ерді.
Сен ұсынған совхоздар ауыл болды –
Қаракеңгір, Ұлытау, Аманкелді.
Халқы үшін қадам басқан қара нардың,
Қабілетін салмақтап шамалар кім?!
Қаламымен жазылды сан мақала,
Мағзұмбек пен Батырбек ағалардың.
Ұлытаудың киелі шоқылары,
Бұл сөзіме бас изеп отыр, əне.
Əке, саған разы шығар деймін,
Тоқтамыс жатқан жердің топырағы.
Ата-ана мейіріне жетеді не,
Не берсек те, тең келмес өтеуіне.
Он екі ұл-қыз мəңгілік қарыздармыз,
Алтын құрсақ анамыз екеуіңе.
Заман өтер, ұрпақтар келе берер,
Айтқаным зердесіне шегеленер.
Қадіріңе қылаудай дақ түсірмес,
«Байғаратегі» атанған немерелер.
Немерелер, бүгінгі шөберелер.
Шөпшектер, одан туған неменелер.
Байғараны байрақ қып көтеретін,
Баба ізімен текті ұрпақ ере берер.
Əкешім, өзің салған жолда мына,
Өмір маған ұқтырды зор мағына.
Əйтеуір бақыттымын, байдың емес,
Байғараның баласы болғаныма!
Бейсенбек ƏБІЛДИН,
Əділет полковнигі, «Айбын» орденінің иегері.