3 011 адам екпе алады

Ұлытау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ақпаратына қарағанда 2021 жылы аудан бойынша 3 011 адам індетке қарсы екпе алады екен. Осы құзырлы мекеменің басшысы Ерлан ТАНАБАЕВ жауапты істі өзі бірінші болып бастамақ ниетте екенін де айтып отыр.

Ақпан айынан елде екпе салу басталды. Ушыққан эпидахуалды түзейтін бірден-бір жол деп таңдалған бұл істен Ұлытау ауданының жұртшылығы да қалыс қалмасы анық. Ерлан Танабаевтың айтуынша, еліміздің барлық аймақтарындағы сияқты бізде де дайындық шаралары басталып кетіпті. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен алгоритмге сəйкес, ерікті түрде салынатын екпе жұмысына тартылатын медицина мамандары арнайы кəсіби оқудан өткен. Сондай-ақ, вакцинаны егу үшін аудандық ауруханадан арнайы орталық ашылып, кабинет жабдықталған. Алгоритмге сəйкес, екпе бірінші кезекте дәрігер-инфекционист, реаниматолог мамандар мен қабылдау бөлмесінің мамандарына және инфекциямен сырқаттанғандарға көмек көрсететін медицина мамандарына салынбақ.

Екпелер міндетті түрде қауіпсіз жерде сақталуы керек. Бұл үшін мұздатқыштар болуы тиіс. Оған жауапты – облыстық денсаулық сақтау басқармасы. Вакциналарды да солар жеткізіп береді.

Денсаулық сақтау министрлігінің алдын ала жоспары бойынша, халыққа алғашқы кезекте «Спутник V» екпесі егілуі тиіс. Одан кейін отандық екпе салынатын болады.

Ел арасында екпеге қатысты түрлі қауесеттер тарағаны белгілі. Әлеуметтік желілерде «екпе мәжбүрлі түрде салынады екен», «екпеден жазатайым көз жұмған адамның отбасына 500 мың теңге өтемақы төленеді екен» деген секілді алып-қашпа әңгімелер көбейіп кетті. Бұл, әрине, елдің күдігін ұлғайтып, айтарлықтай алаңдаушылық туғызды. Білікті маман осы мәселенің де анық-қанығын ашып айтып берді.

– Коронавирусқа қарсы екпе салу – бүкіл дүниежүзінде жүзеге асып жатқан ортақ іс. Сондықтан, бұдан тұрғындардың ат-тонын алып қашуына еш негіз жоқ. Осы жұмысты жүзеге асыру үшін, Қазақстанда медицина қызметкерлері арасында оқу-семинарлар өткізіліп жатыр. Алдымен вакцинациялауды қажет ететін адамдар топтарға бөлінді. Бірінші кезеңде екпе медицина мамандарына (инфекциялық аурухана дəрігерлері, орта буын қызметкерлер), педагогтерге, мектеп-интернаттар мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлеріне салынады. Ал, жұртшылық арасындағы екпеге қарсы дүрбелең кейбір іріткі салушылардың негізсіз əңгімесінен туындағанын ескерген жөн. Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау туралы» Кодексінің 77-бабына сəйкес, кез-келген дəрігерлік ем-дом, оның ішінде, екпе егілетін адамның ресми келісімі негізінде ғана жүргізіледі. Егер азамат екпе салдыруға қарсы болып, одан бас тартса, ешкім де мəжбүрлемейді. Бұл – əр адамның өз еркі болғандықтан, қысым көрсету – заңсыз. Екпе салуды қажет ететін арнайы топтағы азаматтарға да əрқайсысының өз келісімінсіз дəрі егілмейді. Орайы келгенде айта кетейін, екпе салу жұмысын осы саланың маманы ретінде бірінші болып өзім бастағалы отырмын. Ал, аудан бойынша 2021 жылы 3 011 адам індетке қарсы екпе алатын болады. Аудан орталығынан сыртқары жерлердегі ауылдардан екпе алатын адамдарды аудан орталығына жеткізу жауапкершілігі аудан әкімдігі аппаратына жүктелген, – деді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Танабаев.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ