Ұлттық Құрылтай – ұлт мүддесін көздейтін басқосу

Ұлыстың ұлы күні – əз Наурызда Атырау облысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ қатысуымен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысы өтті. Алқалы жиынға Ұлытау облысынан «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы, Қазақстанның Құрметті металлургі, Қарағанды облысы мен Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Төлеген Нұрмағанбетұлы БҮКІРОВ қатысып, ұлттық мүддені көздейтін өзекті мəселелерді ортаға салған болатын.

– Төлеген аға, əңгімені Ұлттық Құрылтай туралы азды-кем анықтамадан өрбітсек.
– Көшпенділер құрылтайы – ғұн дəуірінен басталып, түркі дəуірінде іргеленген жүйе. Дала философиясы қоғамдағы сан-қырлы топтар мен тайпалардың басын біріктіріп, тізесін қосып, түрлі бастамалары мен ой-пікірлеріне құлақ асып отырған. Демократияның дала философиясындағы көрінісі – Ұлттық Құрылтай құрамында 117 азамат бар, олар əр өңірдегі қоғамдық кеңестердің мүшелері, түрлі саланың өкілдері. Басқаша айтқанда, Ұлттық Құрылтай ел ішінде халықтың сөзін сөйлеп жүрген, бірақ, парламент пен мəслихат құрамына кірмеген азаматтарға мемлекет дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік беретін алаң деуге болады. Сондай-ақ Құрылтай құрамын əрдайым жаңартып, ротация жасалып отырады. Алғашқы отырыс Ұлт ұясы – Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналды.
– Сіз Ұлттық Құрылтайға қашаннан бері мүшесіз?
– Бұл мен үшін төтенше хабар болды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 23-ші күні Жезқазған, Сəтбаев қалаларының бір топ еңбек ардагерлерімен Сарысу кеңшарына қонаққа барған болатынбыз. Сол жерде жүргенімізде Президент əкімшілігінің жанындағы Ұлттық Құрылтай хатшылығы қызметкері телефон шалып, менің Ұлттық Құрылтайға мүше болғанымды хабарлап, құттықтады. Құрылтайдың үшінші отырысы қарсаңында 27 қаңтарда, Астана қаласында өтетін секция жұмысына қатысуымды хабарлады. Бардым. Қатыстым. Ұлттық құрылтай мүшелерінің басым көпшілігі қатысқан жиынды ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин ашып, өткен екі құрылтайда айтылған ұсыныстардың орындалуынан мағлұмат берді жəне Ұлттық Құрылтайдың кезекті үшінші отырысы наурыз айында Атырау қаласында өтетінін хабарлады. Кезекті Ұлттық Құрылтайға дайындық мақсатында, тың ұсыныстар мен көтерілетін сұрақтарды алдын-ала талқылау үшін құрылтай мүшелерін төрт секцияға бөлінгенін айтты. Олар: 1. Азаматтық қоғам; 2. Мəдениет. Өнер. Руханият.; 3. Білім жəне ғылым; 4. Əлеуметтік-экономикалық даму.
Мен «Əлеуметтікэкономикалық даму» секциясының жұмысына қатыстым. Секция жұмысын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жүргізді. Ұлттық экономика министрі А.Қуантыров қатысты. Секция жұмысына қатысқан құрылтай мүшелерінің барлығы сөз алды, өздерінің сұрақтары мен ұсыныстарын ашық ортаға салды. Бұдан мен де сырт қалған жоқпын. Өңірге қатысты өз ұсыныстарымды ортаға салдым. Олар мыналар еді:
1. Жер қойнауынан өндірілетін кендерді толығымен игеру керек. Кен құрамындағы негізгі металдарды өндіріп қана қоймай, қосалқы-леспе металлдарды өндіруді қолға алу керек. Жер қойнауындағы кен байлығы шектеулі екенін ескерсек, оны неғұрлым тиімді пайдалануды қолға алатын уақыт келді. Қажет болса Заңдарға тиісті өзгертулер енгізуді ұсынамын.
2. Кеңес дəуірінде Қазақстанды шикізат қоры ретінде пайдалаған саясат əлі жүріп жатыр. Көп айтылды, бірақ үлкенді-кішілі жобалар əлі толығымен орындалмауда. Өндірілген металдарды шикізат күйінде сатамыз. Дайын өнімдер шығаруды қолға алу керек. Бұл екі ұсынысты толығымен орындауға Қазақстан ғалымдары мен өндіріс инженерлерінің білімі мен тəжірибесі жеткілікті.
3. Қазақ жеріндегі сирек кездесетін металдарды өндіру жəне өңдеу туралы кешенді бағдарлама қабылдауын ұсынамын.
4. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп, халық тұтынатын дайын тауарлар шығару жұмыстары толығымен атқарылмауда.
5. Кеңес Одағы кезінде Ертіс өзені суын Жезқазғанға жеткізу жобасы бекітіліп, қаражат бөлініп, бірқатар жұмыстар қарқынды жүргізілген. Тəуелсіздік алғалы ол жұмыс тоқтап қалды. Орнатылған қондырғылар мен құбырлар қолды болды. Ұлытау облысы шөлейт жерде орналасқанын ескерсек жақын уақытта су тапшылығы болатыны сөзсіз. Үкімет осы жобаны қайтадан қолға алуын ұсынамын.
6. Қазақстан халқына Ұлттық идеология керек. Ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту, ғасырлар бойы шыңдалған қазақ халқының мəдениеті, салт-дəстүрі мен əдет-ғұрыптарын мектеп оқушыларына арнайы оқытуды ұсынамын.
Төрт сағатқа созылған секция отырысын қорытындылаған Тамара Дүйсенова көтерілген сұрақтар мен ұсыныстарды сараптап тиісті құзырлы органдарға тапсыратынын жəне алдағы болатын Ұлттық Құрылтай отырысына секция атынан бір-екі құрылтай мүшесіне сөз берілетінін мəлімдеді.
– Құрылтайдың үшінші отырысына қатыстыңыз, қандай əсер алдыңыз?
– Атырауда Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысы шеңберінде жұмыс секцияларының мəслихаттары өтті. Түске дейін ҚР Президентінің көмекшісі Руслан Желдібайдың модераторлық етуімен «Азаматтық қоғам» секциясы, сондай-ақ Мəдениет жəне ақпарат министрі Аида Балаеваның модераторлығымен «Мəдениет. Өнер. Руханият» секциясы жұмыс істеді. Ал түстен кейін Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жетекшілігімен «Əлеуметтік-экономикалық жəне аймақтық даму» секциясы ның, Ғылым жəне жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің модераторлық жасауымен «Білім жəне ғылым» секциясының отырысы өтті. Жалпы алғанда, төрт секцияның жұмысында Ұлттық Құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден аса ұсыныс пен бастама көтерілді. Секцияларда айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғам бірлігін одан əрі нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дəріптеуге, елдің ғылыми əлеуетін көтеруге, мəдениет саласын қолдауға, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға, көші-қон мəселесін реттеуге жəне қоғамдағы өзге де өзекті мəселелерге қатысты жасалды. Ұлттық Құрылтай мүшелерінің мұндай белсенді қызметі аталған азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналғанын көрсетеді.
Секция отырысында мен төмендегі сұрақтарды көтердім:
– Кеңес үкіметі кезінде Жезқазған-Ұлытау аймағына байланысты үлкен екі жоба толық аяқталмай қалды. Біріншісі – Ертіс өзенінің суы (канал) Жезқазған қаласына 200 шақырым жетпей қалды, екіншісі Жезқазған-Қызылорда тасжолының 200 шақырымы бітпей қалды. Екеуі де стратегиялық құрылыс, осы жұмыстарды тездетіп қолға алынуы керек;
– Жезқазған қаласының тұрғындары сапалы ауызсуға əлі зəру;
– Еңбек адамдарының еңбектерін бағалап Мемлекеттік марапаттармен марапаттау мардымсыз. (Жезқазған байыту фабрикасының 70 жылдығына байланысты мақала дайындағанымда, архивтен 1954-1991 жылдар аралығында Кеңес дағының мемлекеттік орден-медальдармен тек осы фабриканың 400-дей еңбеккері марапатталыпты, ал 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін небəрі 12 фабрика еңбекері Тəуелсіз Қазақстанның орден, медалімен марапатталыпты). Еңбек адамдарына лайықты марапат жасау керектігін көтердім.
– Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының баяндамасынан қандай əсер алдыңыз?
– Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысының баяндамасы жəне Құрылтайда көтерілген мəселелермен Қазақстан халқы ақпараттық құралдар жəне əлеуметтік желілер арқылы толық мағлұмат алды деп ойлаймын. «Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Əйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды əкімшілік жəне сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мəдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мəңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар», – деп бастады Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Басты ерекшелігі – Мемлекет басшысы осыған дейін айтқан идеологемаларды қорыта келе, жалпыұлттық құндылықтардың нақты тізімін ұсынғанында. Бұл – Тəуелсіздік жəне Отаншылдық, Бірлік жəне Ынтымақ, Əділдік жəне Жауапкершілік, Заң жəне Тəртіп, Еңбекқорлық жəне Кəсіби біліктілік, Жасампаздық жəне Жаңашылдық. Осы құндылықтар тұғырнамасы мемлекеттің білім беру саласындағы, өскелең ұрпақ тəрбиесіндегі жəне мəдени-ағарту жұмысындағы басты бағдары болады. Бұл құндылықтар қазіргі кездегі идеологемаларды ғана емес, сонымен бірге бəріміз қалыптастыруға тиіс жаңа əлеуметтік этиканың контурын айшықтайды. Мемлекет басшысы құрылтайда сөйлеген сөзінде «Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз əрдайым өрлеуді таңдаймыз», – деді. Өрлеуге ұмтылу – елдің дамуына кедергі келтіретін барлық нəрседен бас тартуды ғана емес, барша азаматтардың өзін-өзі дамытуға деген белсенді ұмтылысын да білдіреді. Сондықтан бұл құндылықтар, қоғамда бүкіл еліміздің жəне əрбір азаматтың мүддесін тоғыстыратын прогрессивті мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруды көздейді. Жалпы отырыста сөз алған құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын, Мемлекет басшысының баяндамасын зейін қойып тыңдадым. Жақсы əсер алдым.
– Құрылтайдың жалпы отырысында кімдер сөйледі жəне қандай ұсыныстар айтты?
– Құрылтайдың жалпы отырысында сөз алған академик, Қазақстан ғалымдар одағының төрағасы Оразалы Сəбденов негізінен екі мəселені көтерді, біріншісі Ұлы Абайдың толық адамына оралу, екіншісі жалпыхалықтық мың жоба. Абайдың ілімін төменнен бастап ұлттық идеологияға енгізу керектігін ұсынды. Мəжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын лайықты атап өту жолында бірқатар ұсыныстарын жəне Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуіне алаңдаушылығын айтты. Заңгерлер Айман Омарова, Динара Закиева, сенат депутаты Н.Шаталовтар тұжырымды ұсыныстарын жеткізді.
– Əлеуметтік желілерде Елтаңбаны өзгерту жəне насыбайға тыйым салу туралы қызу талқылаулар жүріп жатқанынан хабардар шығарсыз, Сіздің пікіріңіз қандай?
– Құрылтай жиналысы аяқталысымен əріптестеріме осы екі сұрақтың тұрғындар арасында қызу талқыға түсетінін айтқан едім. Солай болды да. Менің пікірім Елтаңбаны өзгертуге асығыстық жасамаған абзал. Мəжіліс депутаттарымен болған бір кездесуде, орталық қаламыздың атын өзгерту мен тіркелген саяси партиялардың атауларын өзгертуден басқаға да, өзімізге де күлкілі болдық, сондықтан келешекте бұндай сұрақтарды, асықпай, көпшілікпен ақылдаса отырып шешкен орынды деп ойлаймын. Ал, насыбайды бабаларымыз ертеден атқан. Біртуар ғалым, ұлтымыздың мақтанышы болған Қаныш Сəтбаев та насыбай атқан екен. Насыбайға тыйым салынғанды қолдамаймын, бірақ тəртіпті қатаң сақтап, мəдениетті болғанымыз абзал.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пəрменімен жүзеге асып келе жатқан Құрылтайдың ел үшін рөлі қандай деп айтар едіңіз?
– Ерекше. Əлгінде айтып өттім ғой, Ұлттық Құрылтай ел ішінде халықтың сөзін сөйлеп жүрген, бірақ, парламент пен мəслихат құрамына кірмеген азаматтарға мемлекет дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік беретін алаң деп. Сөзсіз солай. Бір сөзбен түйіндеп айтсам – Ұлттық Құрылтай ұлт мүддесін көздейтін басқосу.
– Əңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Досан ДУЛЫҒАЛЫ.