МІНДЕТТЕР МЕЖЕСІ БЕЛГІЛЕНДІ
Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ қатысуымен жаңадан жасақталған Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Соның аясында Президент жоғары деңгейдегі атқарушы биліктің алдына қойылатын, алдағы кезеңде атқарылуы тиіс әрі кезек күттірмейтін міндеттер межесін белгілеп берді.
Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы – оған ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мақсатты негізде тартылуына тікелей байланысты екені дау тудырмас ақиқат. Міне, осыған қатысты «Біз ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндердің санын айтарлықтай арттыруымыз керек» – деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сол мақсатта Үкіметке ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандырып, өнімділікті арттыруға, тиісінше, шаруаларды қолдауға бағытталған шаралар кешенін қабылдау қажеттілігін, оның ішінде, бірыңғай жер салығын қолдану талабын қайта қарауды тапсырды. Осы ретте бірыңғай жер салығын қолдануды тағы бір мәрте зерделеу көптеген түйткілді мәселелердің шешімін табуға әсерін тигізері күмәнсіз.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығымен шұғылданушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қолдау шараларын алу мүмкіндігі болуы үшін көрсетілетін қызметтерді цифрландыру жұмыстарын пәрменді ете түсу тапсырылды. Соған сәйкес, цифрлық платформа аясында ауыл шаруашылығын субсидиялау бойынша әкімдіктердің функцияларын бере отырып, Аграрлық несие корпорациясының әлеуетін күшейту міндеттелді. Аграрлық несие корпорациясының әлеуетін күшейту азаматтардың аталмыш салаға қызығушылығын арттыра түсері сөзсіз.
Агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тежейтін негізгі мәселелердің бірі – су ресурстарының жетіспеушілігі. Бүгінгі таңда шаруалардың су тапшылығына қатысты шағымдануы – жиі қайталанатын құбылыс.
Мемлекет басшысы бұл мәселенің шешімін бірнеше құрамдас бөліктерден көреді.
Біріншіден, бұл су үнемдеу технологияларын дамыту, бүгінгі таңда онымен суармалы жерлердің тек 13 пайызы ғана қамтылған.
Екіншіден, әлемдік тәжірибені зерделеп және қолданысқа енгізе отырып, ел көлемінде суды тұтыну мәдениетін енгізу жөніндегі аса маңызды науқанды тиімді жүзеге асыру қажет.
Үшіншіден, сумен қамтамасыз ету және оны ұтымды тұтыну мәселелері экономиканың барлық салаларында, тек аграрлық секторда ғана емес, өнеркәсіпте, коммуналдық шаруашылықта және тағы да басқа салаларда назарға алынуы керек.
Әлемдік тәжірибелерге сүйену арқылы суды үнемдеу шараларын жүзеге асыру, болашақта су тапшылығы қаупінің алдын алуға негіз қалауы тиіс.
Мемлекет басшысы атап өткендей, агроөнеркәсіп саласы мемлекеттің экономикалық әл-ауқатын арттыруда айтарлықтай маңызға ие. Оны қарқынды дамыту, аталған салаға жаңа тұлғаларды барынша тарту – Қазақстанның экономикасы жоғары деңгейге көтерілген мемлекеттердің қатарынан көрінуінің кепілі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы,
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы.