Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Ұлытау облысының әкімі: «Экологиялық талаптар сақталмаса, айыппұл салынсын»

Облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ төрағалығымен өткен аппарат отырысында өңірдің экологиялық ахуалы, өңірдегі ірі кəсіпорындарда экологиялық талаптардың сақталуы, облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар, қоршаған ортаны қорғаудан түсетін эмиссиялық төлемдер туралы мəселелер кеңінен тарқатылды.

Алқалы жиында аймақ басшысы Ұлытау облысында қоршаған ортадағы талаптарды бұзатын алты кəсіпорын жəне мекеме бар екенін, өңірдің экологиялық проблемасын шешуді қолға алу үшін арнайы Жол картасы болуы қажеттігін айта келіп, экологиялық талаптар сақталмаған жағдайда айыппұл салынуы тиіс екенін жеткізді.

Белгілі болғандай, 2023 жылы экология департаменті 26 заң бұзушылықты анықтап, ұйымдарға 150 млн теңгеден астам сомаға 31 айыппұл салған.
– Қоршаған ортаны қорғау бөлігінде заңнаманы бұзған кəсіпорындар мен мекемелер басшылығының қатысуымен облыстың экологиялық проблемаларын шешу бойынша Жол картасын келісу үшін қосымша кеңес өткізуді тапсырамын. Заң талап ететін барлық жағдай орындалуы керек. Талап ету керек, ал міндеттемелер орындалмаған жағдайда – айыппұл! – деп кесіп айтты өңір басшысы өз сөзінде.
Орайы келгенде айта кетейік, ҚР Экология жəне табиғи ресурстар министрлігі, Экологиялық реттеу жəне бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дастан Тілеубековтың баяндауынша, аймақтағы ірі кəсіпорындарда экологиялық талаптардың сақталуы бойынша 2022 жылы 5 тексеріс жүргізілген. Оның төртеуі профилактикалық бақылау болса, біреуі жоспардан тыс тексеріс. Нəтижесінде 21 ағаттық анықталып, 21 нұсқаулық берілді. Жалпы сомасы 143 млн 164 мың 035 теңгеге салынған айыппұлдың барлығы дерлік өндіріп алынды. 2023 жылы табиғатты пайдаланушылардың тарапынан экологиялық заңнаманың сақталуы бойынша 11 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Оның алтауында заң бұзушылықтар анықталды. Департамент басшысының айтуынша Ұлытау жаңа облыс болғанмен, мұнда бұрыннан қордаланған мəселелер жетіп артылады. Оның ішінде соңғы жылдары біздің өңірде ауаның, судың ластануы дабыл қағарлықтай жағдайға жеткені жасырын емес. Жалпы, эколгогиялық ахуалды жақсарту мақсатында 2023 жылы табиғи ресурстар басқармасының пəрменімен 49 іс-шарадан құралған, жергілікті қазынадан жəне табиғатты пайдаланушылардың жеке қаржысы салуды көздеген 2024-2028 жылдарға арналған Ұлытау облысы бойынша экологиялық мəселелерді кешенді шешудің жол картасы əзірленіп, бүгінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мақұлдану үстінде.
Дастан Тоғанбекұлы тілге тиек еткендей, соңғы 10 жылда қоршаған ортаны ластауды жою бағытында ауыз толтырып айтарлықтай шаралар жүргізілмеген. Жол картасы ойдағыдай жүзеге асатын болса, аймаққа қаншама инвесторлар келеді, жаңа технология жетеді, бірқатар жұмыс орындары да ашылады. Бір əттеген-айы, елде газ тапшылығына байланысты энергетика министрлігінің мəлімдеуінше, жаңа облыстарға газ тарту мəселесі қаралмаған. Бұл өз кезегінде жол картасында көзделген бірқатар шараға тұсау салып, түзету енгізу қажеттігін көрсетеді. Бұл ретте облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы жол картасында жоспарланған шараларды мейлінше жүзеге асыру қажеттігін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды жауапты мамандарға жүктеді. Заң шеңберінде экологиялық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін де қаперге салды аймақ басшысы.
Күн тəртібіндегі келесі мəселе бойынша табиғи ресурстар жəне табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуат Имантүсіпов Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жəне 2023- 2025 жылдарды қамтитын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары жайында баяндады. Оның айтуынша, облыс аумағындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ауқымды іс-шаралар қарастырылған. солардың кейбірін тереңірек тарқатқан басқарма басшысы бүгінгі күні нақты атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті. Мəселен, өңірдің барлық ірі кəсіпорыны келесі 2 жылда көгалдандырумен санитарлық қорғау аймағының жобасын əзірлеу бойынша міндеттеме алған. Ал егер аумақ шалғай болса, жақын маңдағы елді мекендерде жасыл желектерді отырғызу көзделеді. Ағаштар өлген жағдайда əр компания өтемақы төлеуге міндетті болады.
Сонымен қатар, жиында Жезқазған мен Сəтбаевтағы кəріз-тазарту құрылыстарын жаһандық реконструкциялау жұмыстарын қаржыландыру көздерін анықтау бойынша Үкіметпен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Айта кетейік, ол үшін орта есеппен 30 млрд. теңге қажет.
Кеңес соңында облысы əкімі Берік Əбдіғалиұлы шешімін күткен бірқатар мəселелерге байланысты жауапты мамандарға тапсырма берді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.