ОҢАЛТУ – ҰЛЫТАУЛЫҚ БАЛҒЫНДАР ҮШІН ДЕ ҚОЛЖЕТІМДІ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін арттыруға жол ашты. Оның ішінде көп қаржы мен уақытты талап ететін медициналық оңалту және қалпына келтіру емі қолжетімді бола түсті. Ертеректе бұл ем бірді-екілі мүмкіндігі шектеулі азаматқа ғана көрсетілсе, қазіргі таңда инсульт, инфаркт алғандар, аяқ-қолы сынған, бел омыртқасына ота жасатқандар толыққанды айыққанша дәрігердің бақылауында. Оңалту емінің артықшылықтары туралы «Қарлығаш» шипажайының бас дәрігері Бимұрат Жұмашев кеңірек айтып берді.

Жарты ғасыр бойы бала денсаулығының күзетінде жүрген ақ халатты 2024 жылы Ұлытау облысында ашылатын алғашқы оңалту орталығының басы-қасында жүр.

–Бимұрат Жұмашұлы, денсаулығында кінәраты бар балаларды белсенді өмірге бейімдеп, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптастыруға ықпал ететін оңалту орталығының бағыт-бағдары қандай?
–Оңалту орталығы «Қамқорлық» қорының қолдауымен біздің шипажайдың жанынан ашылмақшы. Күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Қажетті медициналық аппараттар сатып алынды, қазір жеткізілу үстінде. Біздің орталық медициналық реабилитацияның ІІ, ІІІ кезеңдері бойынша тірек-қимыл бұзылыстары, жүйке жүйесі, туа біткен ауытқулары бар 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. 21 күнге арналған оңалту курсы ай сайын 50 балаға тегін көрсетіледі. Себебі, біз медициналық сақтандыру Қорының –жеткізушісіміз. Қор көрсетілген медициналық қызмет үшін МӘМС шеңберінде ақы төлейді.
Бұл жерде тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, церебральді сал ауруынан жұту, шайнау қызметтері нашарлаған және тіл мүкістігі бар балалар мен жасөспірімдер емделеді. Науқастарға негізінен медици¬налық және педагогикалық, коррекциялық емдеу түрлері қолданылады. Оларға ортопед-травматолог, невролог, дефектолог, психолог, физиотерапевт және реабилитолог, эрготерапевт сияқты жоғары санатты дәрігерлер қызмет көрсетеді. Жалпы, орталық ашылғанда 40 адамды жұмыспен қамтимыз. Орталықтың басты ерекшелігі – мұнда дәстүрлі емдеу шараларымен бірге заманауи медициналық оңалту тәсілдері де қатар жүргізіледі. Мәселен, орталықта кинезотерапия, емдік дене шынықтыру, иппотерапия, еңбек және магниттік терапия, ингаляция, гидрокинезиотерапия, тұз шахтасы, шунгит бөлмесі емдеу түрлері болады. Сонымен бірге, балаларды шығармашылыққа баулу мақсатында би, вокал, шу оркестрі үйірмелері мен каратэ, таеквондо спорт секциялары жұмыс жасайды.
– Балалардың жүріп кетуіне осы емдік жаттығулардың қандай көмегі бар екенін айтып өтсеңіз…
– Балалардың аяққа тұрып кетуіне себепші болып жүрген – емдік дене шынықтыру. Ол әр балаға жеке дайындалады. Себебі, балалардың дене бітімі әртүрлі болады. Одан бөлек ДЦП-ның әртүрлі сатысы болады, осыған байланысты әр емделушінің ерекшеліктеріне сәйкес ем тағайындалады. Біздің орталықта қолданылатын әдістер буыны тартылып қалған балалардың буынын босатып, ал керісінше буындары әлсіреп жатқан балалардың буынын қатайтып, жүру биомеханикасын, тепе-теңдік сақтауға үйрететін болады. Емдік шаралардың өзіндік кезеңдері бар. Мысалы, бала 12 айға дейін қалай дамиды, тура солай емделуші жас ерекшелігіне қарамай, сол кезеңдерден өтуге тиіс. Егер сегіз айлық бала мойнын ұстай алмаса, оған ең алдымен осыны үйретеміз. Одан соң аунай алу, ішпен жорғалау, төрттағандап тұру деген секілді қимылдарды үйреніп, балаға тік тұрғызу жаттығулары жасалады. Осы кезеңдерден өткен бала жақсы нәтижеге жете алады. Сондықтан, емдік дене шынықтыру – оңалту курсының ажырамас бөлігі.
– Балалармен жұмыс істеу қиын ба?
– Сырқат кәрі, жас деп талғамайды. Жылдар бойғы тәжірибемде байқағаным балалар ересек адамдарға қарағанда оптимист келеді. Әрі сырқаттан айығып кетуге дәрігерлермен қоса өзінің бар күш-жігерімен атсалысады. Нәресте деген періште ғой, олар сіздің көңіл-күйіңізді бірден сезіп қояды. Бала қажетті ем-домын алып, беті бері қараған соң, ақ халаттылармен тез тіл табысып кетеді. Негізі дәрігерлер адамды дәрімен ғана емес тілмен де емдей білуі шарт. Науқастардың жүрегіне үміт отын ұялатуға жанын салу керек. Балалардың жаны мен тәні таза. Жүректен шыққан сөздерді жанымен сезініп қабылдайды. Дәрігерге біліктілікпен бірге жүректің жылуы керек. Сонда, баланы емдеу жұмыс емес, хоббиге айналады. Мен үшін – дәл солай.
–Отандық медицинаның беталысына баға бере аласыз ба?
–Мен еңбек жолымда қатардағы ауыл дәрігерінен облыстық аурухананың директоры қызметтерін атқардым. Түйгенім, медицина саласы да заман ағымына, талабына сай өзгергереді екен. Қазіргі медицинаның мүмкіндіктерін біздің заманмен салыстыруға мүлде келмейді. Бүгінде сан алуан ауру түрлерін диагностикалаудың тәсілдері көп. Медициналық оңалту да – даму үстіндегі отандық медицинаның үлкен бір жетістігі дер едім.
Бұған дейін сал ауруымен ауыратын балалардың аяқ-қолдары, мойындары сіресіп қозғалмайтындықтан ата-аналарына оларға күтім жасау өте қиынға соғатын. Тәулігіне 24 сағат бала күтіміне байланған ата-аналар бұрын оңалтудан үшін республикалық емдеу орталықтарына баратын. Жолдама алу, ол жаққа бару, кезегін күту қаншама уақытты алатын. Ары-бері шапқылаумен-ақ әбден шаршайтын. МӘМС жүйесіне көшкелі бұл қиындықтардың барлығы да артта қалды. Қаншама ата-ана қасқалдақтың қанындай болған күрделі емнен баласын тұрғылықты жері бойынша өткізуге мүмкіндік алды.
–«Қарлығаш» шипажайын басқарғаныңызға сегіз жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт ішінде МӘМС жүйесінің игілігін көрдіңіз бе?
–Қазір қоғамда МӘМС-ке қатысты дау-дамай көп. Жағымды тұсынан гөрі жағымсыздығы басым. Бірақ, өз басым бұл реформаны қолдаймын. Себебі, бұған дейін денсаулық саласы бюджеттен қалдық принципі бойынша қаржыландырылатын. Қазір салаға бөлініп жатқан қаржы көлемі артты. Соның салдарынан емдеу мекемелері өркендеу жолына түсті. Соңғы бес жылда біз үнемделген қаржы есебінен санаторийде тұзды шахта бөлмесін аштық, соматикалық ауруы бар балаларға оттегі коктейлін береміз. Магниттік және лазерлі терапия сынды жаңашылдықты енгіздік. Шипажайдың айналасын абаттандырдық. Ұжымды қаржылай көтермелеп жүргеніміз тағы бар.
Жылына 3 – 14 жас аралығындағы соматикалық аурулары бойынша тіркелген әлжуаз санаттағы отбасылардың 1000-нан аса баласын бір ай бойы сауықтырамыз. Балғындардың денсаулығын дұрыстап, 5 мезгіл тамақтандырып, оқытып-тоқытамыз. Жұмысызда ешбір іркіліс жоқ. Сондықтан, МӘМС жүйесінің игілігін сезіндік деп ауыз толтырып айта аламын.
– Бимұрат Жұмашұлы, уақыт тауып сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет. Ұлытаулықтардың қуанышын еселеген жаңа оңалту орталығының ашылуында кездескенше!…

Диана ОРАЗАЛИНА.