ДӘСТҮРІМІЗ ДӘРІПТЕЛГЕН КЕШ
Еліміздің білім беру жүйесіндегі елеулі өзгерістер мен баянды бастамалар ұлт болашағына деген алаңдаушылықтан туындап отырғаны белгілі. ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен 2023-2025 жылдарға арналған Бірыңғай білім беру бағдарламасы аясында барлық мектептерде «Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары» ашылуда.
Осындай орталық Жаңаарқа аудандық білім бөліміне қарасты академик Е.Шаханов атындағы тірек мектебінде (ресурстық орталық) де салтанатты жағдайда ашылып, «Отбасы құндылығы – орасан игілік» атты алғашқы сырласу кешін өткізді.
Сырласу кешіне ауданымызға белгілі ардақты аналар, ұзақ жыл аудандық кітапханалар желісін басқарған мәдениет майталманы Гауһар Жарылғапова, әйгілі Мұхамеджан балуанның келіні, мектеп ата-анасы Алтын Исина, мектебіміздің ардагер ұстаздары Гүлбараш Түсіпбекова, Баян Алашбаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Әсем Мұхамедина, С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап өңдеу және толықтыру бөлімінің кітапханашысы Әсем Жәкешова және ата-аналар қатысты.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта салт-дәстүр, әдет-ғұрып секілді ұлттық құндылықтарымыз қоғамнан қағажу көріп, өскелең ұрпақ түгілі, ересектеріміздің өзі асыл қазынамызға жатырқай қарайтын күйге жеттік. Бабаның дәстүрін, атаның жолын мансұқ еткен ұлттың болашағы бұлыңғыр болатынын айтып та, жазып та жатқанымызбен, құндылықтардың құнсыздану үрдісі айылын жияр емес. Осының бәрі – әлемдік деңгейде белең алған жаһандану процесінің кері әсері.
Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзінің астарында өмірдің ащы ақиқаты жатыр. Сондықтан да, ұлттық құндылықтарымызға өзіміз қорған болмасақ, ақпараттық технология ғарыштық жылдамдықпен дамыған «ғаламат дәуірде» жаһандану жұтқыншағына жұтылып кету қаупі төніп тұрғанын бағамдауымыз керек.
Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі білім ордаларындағы оқыту жүйесін ұлттық құндылықтарға негіздеу тұжырымдамасын бекіткен болатын. Барлық білім беру мекемелерінде ашылған «Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталығының» да көздегені – осы.
Біздің мектепте аталған орталық аясында «Даналық мектебі» клубы құрылып, білім мен тәрбиені ұштастыра отырып жүргізуді мақсат тұтқан орталықтың тұсауы салтанатты жағдайда кесілді. Клуб тұсаукесерін кеш қонақтары Гауһар Жарылғапова, Алтын Исина және Гүлбараш Түсіпбекова жасады.
Біздің қоғамның тағы бір ащы ақиқаты – ұрпақ тәрбиесіндегі әжелер институты мен жеңгелер мектебі рөлінің төмендеуі. Клуб жетекшісі, мектебіміздің ұлағатты ұстазы Нұргүл Шамаева ұйымдастырған «Отбасы құндылығы – орасан игілік» атты сырласу кеші осы олқылықтың орнын толтырғандай.
Кеш барысында аяулы ана, марқұм Ғазым Жарылғапов секілді қайраткер тұлғаның асыл жары Гауһар апайдың қазақтың көне салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдары жөнінде айтқан танымдық әңгімелері мен өмір сабақтары кешке қатысушыларға ой салды. Басқа меймандарымыз да бір-бірінің ойын толықтырып, өткір пікірлерін ортаға салды.
Әсіресе, бесіктің қоқыс жәшігінде жатуы, кейбір замандастарымыздың домбыраны «харам» деп, өзге де салт-дәстүрлерімізді жоққа шығарғаны туралы пікірталас өте қызықты болғанын атап өткен жөн.
Қоғамда қазақтың ұлттық құндылықтарына ақпараттық шабуыл ашықтан-ашық жүріп жатқанын жасыра алмаймыз. Оның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Оған отбасындағы тәрбие мен мектептегі тәрбие жұмыстарының олқылығы себеп. Мансап қуған ата-ананың ұрпақ тәрбиесіне, ұл-қызымен сырласуға уақыты жоқ. Осы бір келеңсіздіктің себебін анықтадық деп жүргенде, салдарын кім ойлады? Салдары ушығып кетсе, бәрі де кеш болатынын түсінуіміз керек. Біздің мектепте ашылған «Даналық мектебі» клубының бүгінгі сырласу кеші осы сауалдарға толық жауап берді деп ойлаймын.
Мектептің педагогикалық ұжымы мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастыққа серпін беріп, халық арасында абырой-беделге ие аға буын өкілдерінің өрісті өнегесін дәріптеу арқылы мектепте ұлттық тәрбиеге негізделген оқыту дәстүрін қалыптастыруды көздеген орталық жұмысының нәтижелі боларына да осы маңызды кеш арқылы көз жеткіздік.
Қайын сіңілісінің шашын өріп отырып, қыз бала тәрбиесіне қатысты сыр шерткен жеңгенің әңгімесі де өте әсерлі шықты.
Бүгінгі күні жастарымыздың «Гендер пати», «Цветная вечеринка», «Әулие Валентин» деген секілді өзге ұлт, өзге діннің қаңсығына еліктеуі де белең алып барады. Оймақ киіп, іс тігетін, ою ойып, сырмақ сыратын әжелер жоқтың-қасы. Әлгі өзгенің қаңсығын таңсық көру деген үрдіс жастарды қойып, ересектерді де еліктіріп бара жатқанын несіне жасырамыз? Осының бір айтылды «Отбасы құндылығы – орасан игілік» кешінде.
Ұлттық нақышта безендірілген мектеп дәлізі, қонақтарды күймен қарсы алған домбырашылар ансамблі, ою ойып, дәстүрді дәріптеген әжелер мен жеңгелер өнегесі, бәрі-бәрі кешке қатысқандарға керемет рух сыйлады.
Осындай тәрбиелік мәні зор ашық сабақ, салт-дәстүрді дәріптейтін кештер жиі ұйымдастырылса, бесігіміз қоқыста жатпас еді. Ұлттық рухты ұлы құндылық санайтын саналы ұрпақтың қатары арта түсер еді. Телефонға телмірген ата-ана мен бала ортақ тақырыпта сырласар еді.
Міне, бір сәттік қана сырласу кешінің берген олжасы осынша орасан болды.
Клуб жұмысына сәттілік тілеп, батасын берген аяулы ана, ұлағатты ұстаздарымыздың ұмытылмас әсер құшағында тарқасқанын көріп, мектеп ұжымы өз мақсаттарына жеткеніне, істерінің нәтижелі, жобаларының жемісті болғанына көз жеткіздік.
Жансая АСЫЛБЕКОВА,
Е.Шаханов атындағы
тірек мектебі (ресурстық орталығы)
КММ директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары.