САҚТАНДЫРЫЛМАСАҢ, ДӘРІ ЖОҚ!

«Тегіннің тұзы татымас» демекші диспансерлік есепте тұрған науқастарға берілетін тегін дәрілердің тізбесіне өзгерістер енді.
Денсаулық сақтау министрінің 31 қазандағы бұйрығына сәйкес енді аритмия және артериялық гипертензия диагнозы бар тұрғындардың тегін дәрі-дәрмекті алуы қиындай түспек. Бұған дейін аталған санаттағыларды дәрімен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жүзеге асатын. Яғни есепте тұрғандар МӘМС жүйесінде сақтандырылмаса да дәріні алуға құқылы еді.

18 қарашадан бастап жүрегі жиі соғатын азаматтар «Варфарин», «Дигоксин», «Пропафенон», «Амиодарон», «Бисопролол», «Верапамил», «Дабигатрана этексилат» дәрілерін алуын жалғастыру үшін сақтантандырылуы тиіс. Препараттардың тізімі «Апиксабан», «Ривароксабан», «Пропранолол»-мен толыққанын да айта кету керек.
Бұл жаңашылдық жоғары қан қысымымен есепке алынған қазақстандықтарды да айналып өтпеді. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап оларда да сақтандырылған мәртебесі болуы шарт. Сақтандырылған пациенттерге емхана дәріханасында «Индапамид», «Метопролол», «Бисопролол», «Амлодипин», «Кандесартан», «Эналаприл», «Периндоприл», «Фозиноприл», «Периндоприл» сондай-ақ «Гидрохлоротиазид», «Карведилол», «Нифедипин», кешенді диуретиктермен бірге «Периндоприл» үлестіріледі.
Бүгінде Ұлытау облысында 13 537 гипертоник бар болса, оның 925-і сақтандырылмаған. Ал, аритмия дертіне шалдыққан 390 облыс тұрғынының 14-і МӘМС жүйесінің қатысушысы емес.
Науқасқа тегін дәрі-дәрмекті берудің де өз ережелері мен жолдары барын еске саламыз. Ол үшін науқас емханада тіркеліп, диспанцерлік есепте тұруы қажет. Содан кейін денсаулық сақтау министрі бұйрығында көрсетілген аурулар тізімімен анықталып, учаскелік дәрігер немесе профильді медициналық ұйым маманының көмегіне жүгінеді.

Диана ОРАЗАЛИНА.