Серік ӘБЖАН, «Аңдасай» мемлекеттік қаумалының инспекторы: «ҰШҚАН ҚҰС, ЖҮГІРГЕН АҢ мен ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР енді мемлекеттің қатаң бақылауында болады»

Қазақтың көңілі қандай кең болса, даласы да сондай дархан. Жерінің асты да, үсті де байлыққа толы. Əттең, сол мол байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатады. Жер астының қазба байлығын айтпағанда тарихи жəдігерлеріміздің өзі əркімге жем болып кетті емес пе?!

Киіктің мүйізі қытай асып жатса, өзге де сирек кездесетін аңдарымыздың терілері шет елдердегі бай-манаптардың үйінде тұлып болып тұр. Тіпті, қыбырлаған жəндіктеріміз бен жайқалған көкмайса өсімдіктерімізге де көздерін сүзіп жүргендер аз емес…
Алайда, енді бұлардың бəрі мемлекеттің қатаң бақылауында болмақ. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасы Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі республикалық мемлекеттік қазыналық кəсіпорынның «Аңдасай» мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалы бақылайтын жер көлемі ұлғайтылды. Оған біздің өңір де кірді.
Жуырда біз осы қаумалдың өңіріміздегі жедел ақпарат инспекторы Серік Əбжанға жолығып, қаумалдың арғы-бергі тарихы мен алда тұрған міндеттері жəне елге тигізер пайдасы жайлы əңгімелескен едік.

– Серік Сайлаубекұлы, əңгімені сіздің жаңа қызметіңізден бастасақ. Бұл не қылған мекеме? Сіз мұнда кім болып қызмет етесіз?
– Сұрағыңыз өте орынды. Өйткені, «Аңдасай» мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалы туралы екінің бірі біле бермесі анық. Бұл мекеме Қазақстандағы қорықтар мен тарихи ескерткіштерді жəне табиғаттың бар байлығын қорғайтын арнайы ұйым. Оның мүмкіндігі зор, арқалаған жауапкершілігі ауқымды. Мен осы іргелі ұйымның жедел ақпарат инспекторымын.
– Өте жақсы. Өзіңіз айтқандай, қаумал жайлы көп адам біле бермейді. Сондықтан əңгіме арнасын оның шығу тарихына қарай бұрсақ.
– Жақсы. Қазақтың сайын даласына Тəңір тарту еткен табиғаттың таңғажайыбы көп. Кең-байтақ көсілген осындай жазиралы даламыздың əр бөлшегінде жұрт қызығатын тарихи жерлер мен киелі мекендер аз емес. Сонау Ақтабан шұбырынды дəуіріндегі қанды қырғындардың куəсі болған жерлер, Абылай мен Кенесары хандардың жорық жолдары да, сауда-саттық, қарым-қатынас жолдары да сайрап жатыр. Одан қалды, түгін тартсаң майы шығатын шүйгін даланы мекендеген аң-құстары, жорғалаған, жыбырлаған жəндіктері, өзен-көлдердегі тастай тулаған балықтардың небір түрлері мен дертке дауа, емге шипа болар өсімдіктері қаншама. Осылардың бəрі қараусыз қалғаннан кім-көрінгеннің жемтігі болып кетті. Оны бақылайтын, қорғайтын арнайы мекеме қажет болды. Осы мақсатта Мойынқұм даласының шығыс жақ беті Хантаудан бастау алып, батысы Құмөзек, Сарыөзек, Қарабөгет жəне Ұланбелмен жалғасатын «Аңдасай» мемлекеттік қаумалы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары құрылған екен. Сол жылдары ол алғаш рет Үкіметтің қаулысымен іргесін бекітіп, еңсесін тіктеп, мемлекеттік зоологиялық қорғалым есебінде картаға енген. Осылайша, ғасырға жуық тарихы бар «Андасай» қорығы жабайы аң-құстың өсіп-өнуіне табиғаттың өзі жарасты жағдай жасап келе жатқан киелі мекендердің бірі болып келді. Неге десеңіз, мұнда өсетін өсімдік пен кездесетін жануарлардың барлығы да «Қызыл кітапқа» енген. Қайсыбірін сұрай қалсаңыз, қайсысын іздесеңіз де алдыңыздан сол кітап көлбеңдеп шыға келеді. «Аңдасайдың» ой-қыратын кезіп жүретін құлан, ақбөкен, қарақұйрық, арқар, шұбар күзен, сұңқар, дуадақ, қалбағай, лашын, бүркіт, ителгі жəне тағы да басқа аң-құстар расымен де «Қызыл кітапқа» енген.
– Дұрыс екен. Ендігі жерде біздің өңір де осы қаумалдың құрамына еніп отыр ғой. Солай ма?
– Дəп солай. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасы Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі республикалық мемлекеттік қазыналық кəсіпорынның «Аңдасай» мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалы өзінің аумағын кеңейтті. Бұрын Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының жоғарыда аталған өңірлері ғана кірсе, енді ол Қарағанды облысы Шет ауданының, Ұлытау облысының Жаңаарқа, Ұлытау аудандары мен Жезқазған қаласының аумағын да қамтып отыр.

Осы жерде мына мəселеге ерекше тоқтала кеткім келіп отыр. Бұрындары Ұлытау, Жаңаарқа өңіріндегі аймақтар ерекше қорғалатын табиғи аймақтар қатарына жатпайтын еді. Ендігі жерде, біздің өңірдің жануарлар əлемі, өсімдіктері, тарихи орындар, құстар ерекше қорғауға алынады. Басқаны айтпағанда Ұлытау өңірінде мыңнан астам тарихи ескерткіштер бар. Аң-құстың, өсімдіктердің де ерекше түрлері аз емес. Кезінде келеңсіз жағдайлар да көп болды. Емдік қасиеті бар шөптердің тамырларын кім көрінген келіп қазып алып кетіп жатты. Тарихи ескерткіштеріміз де солай. Еріккеннің ермегіне айналды. Тіпті, анабір жылдары өңіріміздегі шылаушын құрттарын да қазып əкеткен жағдайлар орын алды емес пе. Ендігі жерде арнайы құжаты, құзырлы орындардан рұқсаты жоқ бірде бір адам, бірде бір мекеме аң-құс аулауға, қазба жұмыстарымен айналысуға, өсімдіктерімізді теруге кіре алмайды. Мұның бəрі үкіметтің қатаң бақылауында болады.
– Археологтар мен геологиялық барлау экспедициясына да осындай шектеулер бар ма?
– Əрине. Жоғарыда айтып өттім ғой, арнайы зерттеулермен айналысатын мекемелердің өзінің Үкіметте бекітілген жоспары болады. Ол да шектеулі. Сол жоспарына сай рұқсат алғандары ғана қазба, зерттеу жұмыстарымен айналыса алады. Олардың өзі қаумал инспекторларының ұдайы бақылауында тұрады. Солардың атын жамылып, өз беттерімен қазбамен, зерттеумен айналысқандарға заң талаптарына сай шара қолданылып, хаттамалар толтырылып сотқа жолданады.
Тіпті, қазір өңірде өзен көлдерді, жер қойнауларын жалға алып, жұмыс жүргізіп жатқан тұлғаларға да тексеріс жасап, олардың Үкімет алдындағы уəделері орындалмай жатқанын аңғарсақ, міндетті түрді шара қолданылады. Мысалы, көлдерді жалға алғандар су көзін таза ұстауға, балығын, басқа да жəндіктері мен құстарын құртып жібермеуге, оларды шамалары келгенше өсіруге міндетті. Егер, құсы жоқ, балығы таусылған, басқа да жəндіктері құрыған болса арнайы мекемелер тарапынан оларға да хаттамалар толтырылып, ісі сотқа беріледі.
– Қаумалдың өңіріміздегі аумағы қандай? Олардың бəрін бақылауда ұстауға мекеменің материалдық-техникалық қауқары жете ме?
– Аумағы үлкен. Бір шеті Жамбыл облысы Мойынқұм ауданымен, бір шеті Ақмола облысының Баршын өңірімен, бір шеті Қызылорданың құмдарымен, енді бір шеті Торғайдың тарабымен шектеседі. Осылардың бəрін қарап бақылап тұру мақсатында 40-тың үстінде арнайы инспекторлар қызметке алынады. Бүгінгі күні бізде 8 топ жұмыс істейді. Оларға 30-дың үстінде инспекторлар топтастырылған. Инспекторлар арнайы бөлінген техникалармен бекітілген маршруттар бойынша жұмыс жасап, заң бұзушылықтарды болдырмау үшін жұмыс жасайды. Мекемесінің инспекторлары мекеме басшысының басқаруымен мемлекеттік қорғауды іске асыратын болады. Халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Заң бұзушылық болған жағдайда əкімшілік жəне қылмыстық істер қозғалады.
Сонымен бірге Қарағанды облысының жəне Ұлытау облысының табиғатты қорғау мекемелерімен, жергілікті құқық қорғау органдарының барлығымен, бірлескен іс-шаралар өткізілетін болады. Бұл мемлекеттің табиғат қорғау саласындағы жасап жатқан үлкен қолдауға ие ауқымды шаруасы. Болашақта барлық атқарылған жұмыстар, жеткен нəтижелер газет бетінде жарияланып отырады. Негізгі мақсат, миллион гектарды алып жатқан Табиғат-ананың байлығын қызғыштай қорғау. Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру.
Əрине, бұған дейін де аңқұстар, табиғи, тарихи ескерткіштер құзырлы орындардың бақылауында болды. Балықшылар мен аңшылар қоғамы, табиғат қорғау ұйымдары, экологтар, ұлттық жəне табиғи-тарихи қорықтар шама-шарқынша жұмыс істеді. Табиғат ана берген байлықтарымызды көздің қарашығындай сақтау жолында заңсыз əрекеттерге барушылармен күресті. Шара қолданды. Жазалады. Ендігі жерде бəріміз бірігіп бұл жұмысты одан əрі жандандыра түсеміз.
– Əңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.