«Өз өлкемді арқау еттім өлеңге»

Жазушы, ақын Əбулақап РАЙЫМБЕКОВ 1923 жылдың 15 желтоқсанында Жезқазған облысының Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» ауылында туған. 1931 жылы Қарсақбай мыс қорыту комбинатына келіп, құрылыс цехында жұмыс істеген. Кейін балалар үйінде, Қарсақбай орта мектебінің жанындағы интернатта тəрбиеленген.


1939 жылдан 1941 жылға дейін Қарсақбай аудандық мемлекеттік банкісінің бухгалтері, 1941 жылдан 1948 жылға дейін Жезқазған аудандық «Қызыл кенші» газетінің əдеби қызметкері, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары болады. 1940 жылы облыстық газетке «Есембектің əңгімесі» деген тұңғыш очеркін жариялаған.
1948-51 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің əдеби қызметкері болып еңбек етеді.
Жерлесіміз 1952 жылы Жезқазған руднигіндегі шахта жұмысына оралып, 1953 жылы сондағы жұмысшы жастардың орта мектебін ойдағыдай бітіреді де, Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті журналистика бөліміне оқуға түседі. 1958 жылы журналист мамандығына ие болады.

Əбулақап Райымбеков Ұлытау ауданының «Шеңбер» совхозында, Жезқазған руднигіндегі №2 орыс орта мектебінде, №22 кəсіптік училищеде қазақ тілі мен əдебиеті пəндерінен сабақ береді, тəрбиеші-оқытушы болып істеп, №44, 51 шахталарда жаңа техника хронометражисі болып забой жұмысшыларымен бірге 3,5 жыл еңбек етеді.
1963 жылы ҚазМУ-дің аспирантурасына түсіп, 1966 жылы «Жұмысшы табы қазақ совет поэзиясында» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.
1971 жылға дейін Ташкенттің Низами атындағы пединститутының қазақ тілі мен əдебиеті бөліміне қазақ əдебиеті пəндерінен дəріс берген. 1971 жылдан 1976 жылға дейін – Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Əуезов атындағы əдебиет жəне өнер институтының ғылыми қызметкері. 1980 жылдың қараша айынан бері – С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің доценті болды.
Ə.Райымбеков кеншілер, шахташылар туралы көп жазады. Өз кейіпкері – Бөпежановтың бейнесін автор былай жасайды:
Сұңқардай қара торы бала жігіт,
Санаулы қатарынан дара жігіт.
Смена шеберінен шахта бастап,
Ақталды қуаныш жүрек жара үміт.
Көмірін Байқоңырдың ағылдырған,
Майданның ас-арқауын сабылдырған.
Жез қазған кен басқарып жұлдызданды,
Мыс толқып шахта астын сағым қылған.

(Ғаламтордан алынды).