Жездіде жаңа зауыт салынады
«Мемлекет ірі кəсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін жəне ынталандыратын түрлі тəсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркəсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек», – деген болатын Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ биылғы Жолдауында.
Жолдауда көтерілген мəселе біздің өңірде де іске асып жатыр. Күні кеше Жезді кенті əкімінің аппараты ғимаратында жаңа өндіріс нысанын салу жəне оны дамыту жолдарын түсіндіру мақсатында жергілікті тұрғындармен арнайы кездесу өтті. Қоғамдық тыңдауға аудан əкімінің міндетін атқарушы Алмаз Қайырбек, Ұлытау ауданының прокуроры Рахымжан Рахатов, ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Болатбек Есназаров, кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова, «Атамекен» өңірлік кəсіпкерлер палатасы филиалының директоры Аманбек Сүлейменов, «Ұлытау кремний» ЖШС директоры Ғалымжан Даржанов, серіктестіктің инженер-технологы Шао Ханминг, қаржылық директоры Ми Ронг жəне Жезді кентінің тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан əкімінің міндетін атқарушы Алмаз Қайырбекұлы Жезді тұрғындарына жиынға қатысушыларды таныстырған соң, қоғамдық тыңдаудың мақсатын түсіндірді. «Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа жоба болады жəне өндіріс орнының ашылуы өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосады деп сенім білдіріп отырмыз. Жаңа зауыттың құрылысын бастауға рұқсатты халық береді. Біз сіздердің жауаптарыңызға байланысты əрекет ететін боламыз»,- деді А.Қайырбек.
– Жобаның жалпы құны – 7,5 млрд. теңге. Оның 80 пайызын біз, 20 пайызын Қытайдан келген серіктестеріміз береді деп жоспарлануда. Мақсатымыз – осы аймақта кремний зауытын салу. Жылына 15 мың тонна өнім өндірмекпіз. Кремнийді шикізат күйінде өндіріп, оны дайын өнім күйінде шығарғымыз келеді, – деді Жезді аумағына зауыт салуға ниеттеніп отырған «Ұлытау кремний» ЖШС директоры Ғалымжан Ержігітұлы.
Сонымен қатар, Қытайдан келген инженер-технолог Шао Ханминг зауыт салуға рұқсат берілсе, онда 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырғандарын айтты. «Қытайдан 40-қа жуық маман шақыртамыз, 160 орын жергілікті тұрғындарға беріледі. Қытайлық мамандар жаңа технологияны үйрету мақсатымен келеді. Зауыттың арнайы кеңсесі мен қызметкерлерге арналған жатақханасын да салу жоспарда бар», — деді Ш.Ханминг.
Аудан прокуроры Рахымжан Көшкінбайұлы екі ел азаматтарының жалақысы тең болуы керектігін жəне зауыт құрылысының заң шеңберінде жүруін қадағалайтынын айтты.
«Шетел азаматтарының Қазақстанда жұмыс істеуі үшін Үкімет тарапынан арнайы квота бөлінеді. Квота алу уақытты қажет ететін жұмыс. Егер зауыт құрылысына келісім берілсе, бұл шаруаны бүгіннен қалдырмай, өтініш беру керек», – деді кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова.
Жезді тұрғындары да зауыттың сумен қамтамасыз етілуі, электр энергиясының қуаты туралы көкейдегі сұрақтарын қойып, қонымды жауап алды. Сонымен қатар зауыттың қоршаған ортаға əсері хақында, өндіріс қалдықтарының шығарылуы туралы да сауалдар болды. Жұмыс барысында қоршаған ортаға шаң-тозаң, зиянды қалдықтар бөлінбейді. Өйткені зауытта шаңды фильтрлеу жүйесі орнатылады. Өндіріс қалдықтарын іске асыру үшін болашақта цемент, кірпіш зауытын салу туралы жоспарларын ортаға салды.
Талқылау соңында Жезді тұрғындары атынан ауыл ақсақалы Қадыр Құлахметов өндірістің өңір үшін тиімділігін айта келе, жаңа зауыт салуға халықтың келісімін берді.
Жезді аумағындағы жаңа зауыттың құрылысы келер жылы аяқталып, 2024 жылдың 1 тамызында іске қосылады деп күтілуде. «Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», – деген болатын Мемлекет басшысы. Жаңа жоба өңірдің өркендеуіне, ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді деп сенеміз.
Альмира ОСПАН.