Елдің өркендеуі – ұлттың ұлы мұраты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы жұртшылықты жасампаздыққа жетелейтін тарихи құжат болды деп, тұжырым жасауға толыққанды негіз бар. Бұл ұйғарымның басты себебі – жылдың басты құжатының елімізде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан ауқымды əрі маңызды реформалардың жалғасы іспетті болуында.
Жалпы, тереңірек зерделей үңілсек, соңғы бес жылдағы Президент Жолдаулары бір-бірімен біте қайнасып жатқанын айқын аңғаруға болады. Соның нəтижесінде ел аумағында былтырғы жылы бастау алған саяси жаңғыру үдерісі бүгінгі таңда ауқымды экономикалық өзгерістерге, жаңғыру үрдісіне ұласып отыр.
Бұл Жолдаудың болмысы бөлек болуының тағы бір айғағы – Президенттің осы Жолдауда елдегі экономикалық-əлеуметтік дамудың таяу жылдардағы эволюциялық даму жолдарын «тайға таңба басқандай» айқындап беруі. Солай болуы – заңдылық. Өйткені, халықтың тұрмыс сапасының артуы, берекелі өмір сүруі экономиканың тұрақты əрі қарқынды дамуымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының Жолдауы осы саладағы күн тəртібінде тұрған, бұқара қауым мен жалпы қоғам күткен өткір мəселелердің шешімін табу жолдарын көрсетіп берді.
Əлемдегі геосаяси ахуалдың аса күрделі болуына қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Негізгі бағыттар бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Алайда жаһандық экономика өзгеріс үстінде. «Түбегейлі өзгерістер дəуірі басталды» деді Президент.
Сын-қатерлерге қалай төтеп бере аламыз, технологиялық бəсекеге дайынбыз ба, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орнықты ілгері басу сияқты өзекті мəселелер өте көп. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жəне жұртшылықты алаңдатқан өзге де сауалдардың бəріне нақты жауап берді.
Ең бастысы, осынау маңызды кезеңде үлкен экономикалық серпіліс жасауға мемлекеттің толық мүмкіндігі бар. Мемлекетте қажетті ресурс жеткілікті. Экономика дегеніміз – ең əуелі, тұрақты жұмыс, лайықты табыс. Халыққа керегі де осы. Бұл орайда əділдік пен үнемшілдік елдің жаңа экономикалық бағдарының өзегіне айналады.
Осы ретте бірнеше жайтқа айрықша мəн беріп, ерекше тоқтала кеткен жөн секілді.
Біріншіден, Президент қазіргі күрделі жағдайда елдің экономикалық моделін қайта қарауды ұсынды. Қазақстанның қай салада да əлеуеті зор. Дегенмен, экономика тиімді болуы керек. Сапалы өнімдермен өзімізді өзіміз толық қамтамасыз ету – маңызды. Ол үшін экономиканы əртараптандыру қажет. Мемлекет басшысы осыған ерекше мəн берді.
Екіншіден, экономиканы қаржыландыру. Қазір экономикаға қаржы керек, инвестиция жетіспей жатқаны жақсы мəлім. Қазіргі уақытта нақты секторды қаржыландыру азайып кеткен, банктердің дені тұтыну несиесіне көп көңіл бөледі. Мемлекет басшысы Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, банктердің мол пайдаға кенелгенін айтты. «Алмақтың салмағы бар». Енді банктер экономиканың нақты секторын қаржыландыруға күш салатын болады, яғни, олар экономиканы дамытудың қайнар көзіне айналуға тиіс. Президент осы жөнінде тиісті тапсырма берді.
Үшіншіден, көлік-логистиканы дамыту. Қазақстан – тоғыз жолдың торабындағы ел, демек мүмкіндігі өте зор. Сондықтан, көлік-логистика саласын экономиканың күретамырына айналдыру – бірегей міндет. Осы мақсатта Көлік министрлігі қайта құрылып, осы жұмыспен тікелей айналысуға кірісті. Жол инфрақұрылымын дамыту тұрғындардың тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға зор септігін тигізуі тиіс.
Бұдан бөлек, Су ресурстары жəне ирригация министрлігі құрылғаны белгілі. Бұл мəселе де аса өзекті. Судың сапасы мен қолжетімділігіне қатысты проблема көп.
Тағы бір маңызды мəселе – табысты өмір сүрудің кілті тек ақша табуда ғана емес. Сонымен қатар, үнемдей білуде. Қазір бүкіл əлем үнемдеуге бет бұрып отыр. Ол су ресурстарынан бастап, қарапайым отбасы табысын үнемдеуге де қатысты. Біз де соны үйренуге тиіс екенімізді Қасым-Жомарт Кемелұлы қадап айтты.
Тұрғындардың несиені шамадан тыс алуы да Президентті қатты алаңдатуда. Ресми дерек бойынша қазір миллионнан астам қазақстандық несиесін төлей алмай отыр екен. Осы орайда азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ауқымын кеңейту туралы тапсырма берілді. «AMANAT» партиясы бүгінгі күні бұл жұмысқа кірісіп кетті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ел болашағына қатысты мəселелерде қашанда халық пікіріне назар аударады. Мəселен, Атом станциясының құрылысы бойынша референдум өткізу – жауапты əрі аса маңызды қадам. Себебі, халық өз болашағын өзі таңдауға құқылы.
Жолдаудан түйген басты ойлардың бірі – тиімділік мəселесі. Біз Президент тапсырмаларын жүйелі əрі тиімді орындағанда ғана нəтижеге қол жеткіземіз. Тиімді экономика қалыптастырып, табиғи игіліктер – жер, су, табиғи байлықтарды əділ де тиімді пайдалану шарт. Сонда ғана халықтың əл-ауқаты артады, сонда ғана мемлекет өркендей түседі.
Ал біздің, яғни, əр деңгейлі атқарушы биліктің, депутаттар корпусының, «AMANAT» партиясының межесі – Жолдауда көрсетілген міндеттердің жедел əрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету. Бұл істен елдің ертеңіне алаңдайтын қарапайым қауым да қалыс қалмауы тиіс. Себебі, Қазақстанның өркендеуі – ұлттың ұлы мұраты.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
Ұлытау аудандық мəслихатының төрағасы,
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы.