КӘСІПКЕРЛЕР НЕГЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ?

Бүгінде Ұлытау облысында МӘМС жарнасы бойынша берешегі бар кәсіпкерлердің саны мыңға жуықтады. Оның үстіне аталған борышкерлердің қоластында жұмыскерлері бар. Тиісінше жұмыс беруші жұмыскері үшін 2 және 3 пайыздан тұратын МӘМС жарнасы мен аударымын уақытылы төлемей отыр. Соның салдарынан Ұлытау облысында сақтандырылмаған азаматтардың қатары 28 мыңға жетіп, олар медициналық көмектің шектеулі көлеміне ғана ие болуда. Борышкер кәсіпкерлердің басым бөлігі Жезқазған қаласына тиесілі. Атап айтқанда, мысты өлкеде МӘМС жүйесіне берешек 444 жеке кәсіпкер бар. Олардың қатарын Сәтбаев қаласындағы 202, Жаңаарқа ауданындағы 176, Қаражал қаласындағы 55, Ұлытау ауданындағы 48 кәсіпкер толықтыруда.

Жеке кәсіпкер жарналар мен аударымдарды төлеуден жалтарса, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 92-1 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жұмыс берушiлер, жеке кәсiпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылар, адвокаттар, кәсiби медиаторлар МӘМС-ке аударымдары мен жарнасын уақытылы төлемесе – ескерту жасауға тура келеді. Бір жыл ішінде тағы қайталанса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз сомасының 20%, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30%, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50% мөлшерінде айыппұл салынады
Сонымен бірге жарна мен аударымды уақытылы төлемегені үшін кәсіпкерлер төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті. Өсімпұлды болдырмау үшін жалдамалы қызметкерлері болса, жарналар мен аударымдарды уақытылы, яғни әр айдың 25-інен кешіктірмей төлеуі қажет.
Жеке кәсіпкер мен оның жұмыскерлері 18 жасқа дейінгі бала, зейнеткер, мүгедек, студент, көп балалы ана санатына жататын болса жарна мен аударымнан босатылған. Ескеретін жайт, 4-5 баласы бар аналар мұндай жеңілдікке іленбейді. Яғни МӘМС заңына сәйкес «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар ғана көп балалы аналар санатына жатады.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылы жеке кәсіпкерлер ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе ай сайын 4 900 теңге төлейді. МӘМС төлемін екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі немесе оның мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы аударуға болады. Төлем коды – 122. Ай сайын да, ұзақ мерзімге де алдын ала төлем жасауға болады.

Өз тілшімізден.