Өмір жолдары – ұлағат ұстыны

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» – деген тəмсілді айтып кеткен бабалар неткен сұңғыла еді, шіркін! Шынымен де, өмірдің сан бұралаң соқпағында даналық танытар қариялар кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес байлық емес пе?! Өткен шақтың артық-кемін екшеп, болашақты болжап отыратын көрегендік те, өшпес өнеге де сол асыл жандардың бойында тұнып тұрғанына еш күмəн келтіруге болмайды. Сондықтан да, оларға деген сый-құрмет ешқашан түгесілмесі анық.

Ескінің көзін көріп, ауыр еңбекпен жетілген қариялар – əр шаңырақтың берекесі мен мерекесі. Төрінің ажарын енгізіп, балаларының басқан əр қадамына бағдар сілтеп, бағзы күндерден қалған нақыл сөздерімен сусындатып отырады.
Соның нақты мысалы ретінде алысқа бармай-ақ, өзімнің əкем мен анамды айта аламын. Екеуі де 80 жастың асқарына аяқ басқалы отыр. Шеңбер (Қорғасын) ауылының тұрғындары. Еңбекке ерте араласып, қыста – қыстауда, жазда – жайлауда белшесінен бейнет кеше жүріп, туған өңірінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан елге сыйлы кісілер.
Əкем Оразалы Мұсаұлы – ұзақ жылдар Шеңбер совхозында бақташы, механизатор, шопан болып жұмыс істеп, еңбекқорлығымен, іскерлігімен алғыс арқалаған жан. Қазір анам Қамила Күлəлқызы екеуі – жастары ұлғайып, қарттықты мойындап, балалары мен немерелерінің ортасында шөбере сүйіп, шексіз құрмет пен сыйға бөленіп отырған қазыналы қариялар.
Тынымсыз еңбек ете жүріп, 10 баланы тəрбиелеп жеткізді. «Қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады». «Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды». Көрген бейнетінің зейнетін көрген ордалы шаңырақ иелері 2015 жылы өздерінен өрбіген ұрпақтарымен бірге «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық сынында ат оздырып, облыстық деңгейдегі сайыста да жеңімпаз атанды. Нəтижесінде республикалық байқауға жолдама алып, онда I-орынды иеленді.
Бүгінгі күні өз балаларымен қоса немере-шөберелерін де ата дəстүр, қазақы салттан таймай, ескіден жеткен есті ғұрыппен тəрбиелеп келеді.
Ата мен əже тəрбиесін көрген балалар ерекше бауырмал болатыны күмəнсіз. Əр мерекеде, туған күндерінде басымыз қосылып, ата-анамыз отырған шаңырақты думанды ордаға айналдырамыз. Өнегесі өрнекті жандардан тəрбие алған келіндер де, немерелер де ізетті. Соның даусыз айғағы –қарт кісілерді жас балаша мəпелеуі.
«Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» демекші, олардың осы жақсылығы келешекте өздеріне еселеп қайтары сөзсіз.
«Қариялар мектебінен» шыққандар – мейірімді, ибалы, иманжүзді.
Даналықтың алтын кілті – менің əкем мен анам. Екеуінің берген тəрбиесін, үлгі-өнегесін, насихат əңгімелерін, жер жүзін жеті рет айналсам да, кезіктіре алмас едім. Өйткені, олардың өмір жолдары – қайталануы сирек ұлағат ұстыны.

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.

ҚОРҒАСЫН ауылы.