ШЫРАҚШЫ

Алты ай қысы ақ түтек боранды, жазы аптап ыстық Қарсақбайдың адам баласын магниттей тартатын құдіреті бар. Табиғат шіркін шебер ғой. Қумоланың иірімінде орналасқан шағын мекен құсұшар биіктіктен қарасаң тасты жарып шыққан желек секілді. Екі ашаның етегінде ауыл қазағына таңсық тіршіліктің қайнағанына бір ғасырдан астам уақыт болыпты. Жосалыдан кірген қара жолдың екі қапталына шашырай орналасқан қалашықтың әрбір ғимараты, тіпті әр үйдің ауласы жайлы тамсана, мейірлене әңгімелейтін қарияларды көрдік. «Біз осы Ахмедия мұғалімді ұмытып жүрміз», — деді бір кездескенде өлкетанушы Т.Мұқанұлы. Академик Қ.Сәтбаев музей үйін ұйымдастырушы және алғашқы директоры А.Жұмабаевтың туғанына биыл 115 жыл толды.

Ел ішінде ол кісіні «Ахмет мұғалім» дейді. Қарсақбайға қандай тағдырмен келгені, өткен өмірі жайлы ешкім нақты білмейді. Жалпы Қарсақбай тарихында ерекше тағдырлы жандар өте көп. Солардың ішінде Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері Ахмедия Жұмабаевтың бейнесі ізгіліктің, ілім-білімнің шырақшысындай көрінеді. Егер ұлы ғалым Қ.Сәтбаев 1929-41 жылдары тұрған қарапайым мекенжай осыдан 50 жыл бұрын музей үй мәртебесін алмағанда бүгінгі күні іргетасымен сүріліп кетіп, орнына ескерткіш тақта орнатуға мәжбүр болар едік. Ғалымның Музей үйімен қатар орналасқан аудандағы тұңғыш орта мектеп ғимаратының орны бүгінде топырақ үйіндісіне айналған. Уақытты тоқтату пенденің қолынан келмес. Бірақ уақыттың белгісін, ескерткішін сақтап қалу Ахмет мұғалім секілді рухани қуаты мықты жандардың арқасы. Ол кісі ең алдымен қарсақбайлықтардың намысы мен абыройын ойлаған секілді. Егер бұл ғимарат сақталмаса, Қаныш ағамыздың осы өңірде 15 жыл тұрақтап, өмір сүргенін қалайша дәйектер едік. Ұлы тұлға тұрған үйдің сол қалпында сақталып, осы уақытқа дейін келушілер үзілмеуі Ахмет мұғалімнің көрегендігі болар.

Ұрпақ үшін осындай қастерлі іс атқарған жанның артында ауыз толтырып айтар дерек сақталмаған. Өкінішті! Алайда, класс журналының бір бетіне өз қолымен түсірген педагогтық еңбек өтілі жөніндегі жазбасы қалыпты. Онда 1926 жылы Ташкент облысының Шыршық ауданындағы ауыл мектебінен басталған мұғалімдік қызметі, Қарсақбайдағы №1 орта мектептегі еңбек өтілімен қоса есептегенде «31 жыл» деп көрсетілген. 1928-32 жылдары Алматы пединститутында жоғарғы білім алып, 1937-1947 жылдары жалалы болып, педагогтық қызметтен шеттетілген. 1957 жылдың 15 наурызында ҚазССР Жоғарғы Сотының ұйғарымымен ақталып шыққан. Тағдырдың ауыр шырғалаңынан өткен жан 1952 жылдан бастап Қарсақбайда тұрақтап қалады. Қызы Ажар Ахмедияқызының айтуы бойынша Ресейдің Псков облысында айдауда жүргенде орыс қызымен отбасын құрып, екі перзент сүйеді. Жұбайы Қарсақбайға келуден бас тартқан соң әркім өз жолын таңдайды.

Білікті ұстаз қатардағы көп оқытушының бірі емес, ғылыми ізденістермен де айналысқанының 1966 жылы 12 сәуірде республика педагогтарының кәсіби басылымы «Қазақстан мектебі» журналынан жолданған бір хат дәлелдейді. А.Жұмабаев аталмыш журналға «Орта мектептің химия оқулықтары туралы кейбір пікірлер» тақырыбында мақала жібереді. Журналдың бөлім меңгерушісі оқулықтардың авторы, шыққан жылдары, талқыланған беттері жөнінде қосымша деректер жіберуін өтініп жауап хат жазады. Демек, ауыл мұғалімін орта мектептерде химия, биология пәндерінің оқытылу сапасы қатты алаңдатқан. Кезінде Қ.Сәтбаевтың қазақ балаларының математика, алгебраны меңгеруіне қам жегеніне ұқсас ағартушылық ұстаным. Ұлы ғалымның өмірі мен қызметін зерттеуге қызығушылық, Қарсақбайдағы ғалым үйін музейлендіру қызметі А.Жұмабаевтың есімін сәтбаевтанушылардың алғашқы легіне қосары сөзсіз. Ол 1969 жылдан 1978 жылға дейін Сәтбаев шаңырағының шырақшысы, қор сақтаушысы, күзетшісі әрі аула сыпырушысы қызметін қатар атқарды. Мекенжайдың екінші жартысында өзі тұрып, ғалымның отбасы тұрған бөліктегі үш бөлменің алғашқы экспозициясын жасады. 1970 жылы жергілікті газетте жарияланған мақаласында «Үлкенге құрметшіл, кішіге қамқоршыл Қанекеңнің аялы алақанының саясын мен де көрген адаммын… Жылдан аз ғана уақыт ішінде музейге алты мың адам қонақ болды», — деп жазады А.Жұмабаев. 1981 жылы музей аумағы кеңейтіліп, ғимарат толық Музей үй құрамына енгізілді. 2018 жылы «Қазақмыс» ЖШС демеушілігімен академик Қ.Сәтбаев тұрған үй мемориалдық қалпына келтіріліп, экспозициясы жаңғыртылды.

Ажар Жұмабаева – А.Жұмабаевтың қызы:

– Әкем 1905 жылы Жамбыл облысы, Байқадам ауданында дүниеге келген. Өмір бойы педагоктық қызметпен айналысты. Өткен өмірі жайлы шешіліп әңгімелеген жан емес. Зейнетке шыққаннан кейін академик Қ.Сәтбаев Музей үйін ұйымдастырумен айналысты. Ұлы ғалымның отбасы мүшелері, әріптестерімен жақын қарым-қатынаста болды. Ғалымның туған жері Баянауылда болып, көп деректер жинақтады. Әсіресе, Томскіге барған сапары ерекше. Вокзалға түсімен Қ.Сәтбаев оқыған политехникалық институтқа келеді. Қонақүйде орын жоқ. Институттың кіре- беріс дәлізінде қонып шығады. Музейдегі экспонаттарды Алматы, Баянауыл, Томскіні аралап, өз қолымен жинақтады. Қаныш атамыздың Баяндағы туыстары, ауыл ақсақалдары ерекше құрметтеп, өмірінің соңына дейін олармен байланысын үзген жоқ. Музейге мыс өндірісінің жетекшілері, Қарсақбай заводы ерекше қолдау көрсетті.

Күләш Байғонова – А.Жұмабаевтың келіні:

– Біздің апамыз Рабиға алғашқы жолдасынан ерте жесір қалып, Ахмет мұғаліммен бас қосқан. Бұл кісіні қарсақбайлықтар үлкен жерде білім алған, оқымысты адам деп бағалады. Мен осы үйге келін болып түстім. Сол кісінің қолында ұлым 4 сыныпқа дейін оқыды. Апамызбен екеуі Нұрлан, Ажар есімді екі ұрпақ көрді. 70-ші жылдары қалаға көштік. Ахмет жездемнің үйінде бір бөлмесі үнемі жабық тұратын. «Осы бөлме неге жабық тұрады. Тәуір, мықты деген кісілер ғана келіп-кетеді», — деп апамыздан сұрайтынбыз. Сөйтсек, ауылдағы білімді деген адамдардың өзі жездеммен кеңесуге келеді екен. Адамдарды сағатпен қабылдайтын, әлгі құпия бөлмеден бірі кіріп, бірі шығып жататын. Қызы Ажарды ерекше еркелетіп «Ажаркенім» дейтін. Білімді, ерекше тұлғалы, мәдениетті жан еді.

Рахымберді Сейтжаппаров – туысы:

Ахмет мұғалім туыстық жағынан жездем болып келеді. Бізге 8-9 сыныпта химиядан сабақ берді. Білімдарлығымен қоса қазақи ұстанымы мықты адам еді. Біздің әулеттің үлкен-кішісін атымен атамайтын, «наймандар» дейтін. Маған қойған жеке есімі «найсап найман». Сабақ арасындағы қоңырауда буфетке барып үлгермейміз. Жездемнің сабағында балалар маған ақша жинап береді. Жездем тақтаға жаза бастағанда бұғып шығып, буфетке барып келемін. Оқушылардың көзінше ұрыспайтынын білемін. Есесіне үйге барғанда «Әй, найсап найман, сен ер жетіп, балалы болғанда балаларыңа не айтасың? Сабақтан қашып кеткеніңді айтасың ба?» деп ұялтатын. Ол кісіден көптеген белгілі азаматтар дәріс алды.

Қази Ербосынов – білім беру саласының ардагері:

– А.Жұмабаев 1955 жылдары маған сынып жетекшісі болды. Бізге химиядан сабақ беретін. «Халық жауы» атанып, қызметтен шеттетілген, қудалауды көп көрген адам. Өте сауатты, байсалды ұстаздың жеке басынан көп тәрбие алдық. Менің көзалдымда ол кісі нағыз ғалым адам ретінде сақталып қалды. А.Жұмабаевтың ұстаздығы бір төбе, Қ.Сәтбаевтың өмірін зерттеудегі, музей ашудағы қайраткерлігін ерекше еңбек деп есептеймін.

Зейпін ҚАЗАНБАЕВА,

 М.Төрегелдин атындағы

Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының директоры.

ҚАРСАҚБАЙ кенті.

(Академик Қ.И.Сәтбаев Музей үйі қорының деректері негізінде дайындалды).

Суреттерде:

1. Ғалым А.Жұмабаев.

2. Ғалым А.Жұмабаев туған жерінде жақындарымен.

3. А.Жұмабаев экскурсия жүргізуде.

4. А.Имановтың қызы Мәкен апай қолтаңба қалдыруда.