Жастар – қоғамның қозғаушы күші
Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа дайын болатын, жаңалықтар мен тың идеяларға серпін беретін қоғамның ең өзекті бөлігі жастар екендігі даусыз жəне де қоғамның ең иілгіш жəне сенгіш тобы деп айтсақ та артық болмас.
Қашанда адамзаттың даму тарихындағы ең басты жəне маңызды мəселенің бірі болашақ ұрпақ тəрбиесі, яғни жастардың тəрбиелілігі, өнегелілігі. Өнегелі тəрбие адам болмысындағы құндылықтардың өлшеуіші бола бермек. Адамзаттың ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік дүниетанымнан, наным-сенімнен, салт-дəстүрінен, əдет-ғұрпының маңыздысы діни таным. Алдыңғы атап кеткен құндылықтар діннің қалыптастырушы элементтері емес пе. Діннің негізгі функциясы жеке адамнан бастап, жалпы адамзатты дұрыс өмір сүру жолымен жəне рухани құндылықтармен сусындатып, адам болмысын таныту, ақиқатқа көз жеткізу жəне болашақ ұрпақ тəрбиесіндегі имандылық принциптеріне адамды тəрбиелеу.
Тəуелсіз еліміздің кішкене ғана ғұмырында дін саласы көптеген өзгерістерге еніп келеді. Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі əрі өзекті мəселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Жастардың рухани жəне діни сауатты болуы – кезек күттірмес мəселелердің бірі. Көп нəрсе білімсіздіктен туатыны даусыз.
Тағы бір мəселе – отбасы тəрбиесіне келіп тіреледі. Тəрбие – тал бесіктен басталатынын ескерсек, отбасы тəрбиесінде келешек ұрпақтың болашағы жатыр. Соңғы кезде жастар арасында жарасым таппай ажырасу, жанұя құндылығын сақтамау, түні бойы түнгі клубтарда қыдырыстау кəдуілгі əдетке айналып барады. Қазіргі кезде дəстүрлі емес жəне де радикалды діндер өкілдері ұйып отырған отбасының ыдырауына да көп əсер етуде. Қаншама отбасы шайқалып, оның мүшелері жан-жаққа, неше түрлі ағымдардың ізіне түсіп, бала – əкені, қыз – шешені тыңдаудан қалды. Осындай қиын тағдырдың тəлкегіне түскен жастарымызға ауадай қажет нəрсе – біреу-ақ. Ол – жастардың таңдау алдындағы шынайы ақпараттың қажеттігі. Мəселенің мəні осы деп түсінгеніміз абзал. Сапалы діни сарапшылардың қорытындылары – қаншама адасып жүрген жастарымызға көмегін тигізер еді. Жалпы, жастар арасындағы діни тəрбие, əсіресе қылықты қыздарымыздың, бойындағы қалыптасқан қасиетті мінез-құлық мəселесі жəй ғана айта салатын сөз емес. Оның астарында ұлт болып ұйысудың, елін сүйген, жерін сүйген патриотизмнің жатқанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан да, ұлы Мұхтар Əуезов айтқандай, “Ел боламын десең – бесігіңді түзе” деген қағида əр қазақ отбасының өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Еліміздің тұрақты дамуында жастардың үлесі зор екенін ескерсек, сол жастарымыздың бойында патриотизмге, рухани келісімге, татулық пен бірлікке деген қасиеттері еліміздің кемел келешегіне қызмет етуден туындағанын қалар едік.
Қазіргі таңда елімізде халықтың əсіресе, жастардың рухани-танымдық тəрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мəдени дамуына, білім мен тəжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дəстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің басты мəселесі.
Жанболат РАХЫМБЕРДИЕВ,
аудандық мешіттің бас имамы.