Жерлесіміздің жаңа кітабы
Жуырда Астана қаласындағы «Кəусар» баспасынан жерлесіміз, кенші, ақын Мұса Тілеуовтың «Тауларға таулар тамсанар» деген жаңа жыр жинағы жарық көрді.
Кітапқа ақынның сиясы кеппеген жаңа жырлары мен оқырмандар бұған дейін де оқып, сусындап жүрген жыр жауһарлары енген. Кітап үш бөлімнен тұрады. Əр бөлімнің арқалаған жүгі мен көтерген тақырыптары сан алуан.
Жүрекке жылы тиетін, айналасы жұп-жұмыр болып келген ақын өлеңдерінің бірнешеуін бүгін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
ТАУЛАР ДА ТАУҒА ТАМСАНАР
Заңғарға заңғар сыр ашып,
Жаңғырып жартас жар салар.
Биікке, биік шын ғашық,
Таулар да тауға тамсанар.
Үздігуменен күн өтпес,
Үмітін əсте үзбейді.
Тұлпарға тұлпар тілектес,
Сұңқарды сұңқар іздейді.
Сəнімен өмір бағалы,
Сағынған шақта тіл табар.
Жақсы мен жақсы аға- іні,
Жұлдызға жұлдыз ынтызар.
Тəлімі мұра халқымның,
Жақсының жүрдім қасында.
Жарасып өткен əр күнім,
Татиды тұтас ғасырға.
Ғұмырға мынау қас-қағым,
Ізгілік көрсем иланам.
Аман боп жүрші, достарым,
Жаныма шуақ сыйлаған.
ТУҒАН ЖЕР
Қиядағы тасыңа Арғанатым,
Ойып басқан менің де қалған атым.
Биігіңді меншіктеп бала көңіл,
Бала қиял ғасырмен жалғанатын.
Жүз өрмелеп күніне Қотыртастан,
Дуылдаған өкшемнің отын басқам.
Күнгейіңе қыздырып қабырғамды,
Желдіадырдың желіне бетім тосқам.
Құздан құлап еңісті иректеген,
Ақ бұлаққа еліктеп билеп көргем.
Кəусарына қандырып сусынымды,
Жағалауға жата қап жидек тергем.
Құба жонды шаңдатып жалаңаяқ,
Құрбылармен жарысқам
жалаң ойнап.
Жар жағалап Көксудан
шабақ сүзіп,
Шортан ұстап қуанғам алақайлап.
Гəккуімен тербетіп таң самалын,
Аққулардың тыңдадым
əн салғанын.
Туған жерді қия алмай қара күзде,
Айнакөлді айналып жар салғанын.
Қара жаңбыр ұласып ақ қыраумен,
Ақ көбікке малшынғам шапқылаумен.
Ауыл-үйді ұлардай шулатқанмын,
Итін қуып собық қар атқылаумен.
Қызық көріп қар көшіп саулағанын,
Жарқабаққа жата қап аунағанмын.
Бақалының талынан құрық қиып,
Ызғарына ақпанның жаурағанмын.
Балалықтың базарлы тойлап бəрін,
Құлыншақтай құлдырап ойнақтадым.
Он сегізде тұқыртып асау мініп,
Шарт түйініп төскейде
қой баққанмын.
Малға шауып іңірде кəрі шулан,
Шегінбегем жалаң қол алысудан.
Күтір-күтір сындырып омыртқасын,
Бөлтірігін ұлытып əрі қуғам.
Жаныма жат жансебіл шолақ арман,
Шопандықты еркіммен қалап алғам.
Егіз туған қозыны көксоқтада,
Көйлегімді қақ бөліп орап алғам.
Жақсыларға жатсынбай, таянғанмын,
Топқа түсіп тойларда аянбадым.
Өнеріме қол соқты талай өрен,
Өлең менің – өмірлік сая бағым.
Елге сыйлы ерлердің көзін көрдім,
Ізін жалғап көшелі сезімге ердім,
Тал бойымда жұрт таныр
қылық болса,
Бəрін маған туған жер өзің бердің.
ҰЛЫТАУ
Таусылмайды тарқатылар сыры əлі,
Көне тарих жетелейді тым əрі.
Елдігім мен ерлігімнің куəсі,
Көпті көрген қарт Ұлытау тұр əні.
Ай тұтылып күні шыққан арайлап,
Ұлытаудың əр тасында бар айғақ.
Жан берісіп жан алысқан сұрапыл,
Заман өтті ел басынан не ғайбат.
Бабалардың ұран болып ізгі үні,
Бұзылмаған береке мен бірлігі.
Барша қазақ басын қосқан ту тігіп,
Бұл Ұлытау алты Алаштың кіндігі.
Бақытым бар басыбайлы
жұрт болған,
Күнге жеттім халық болған,
ұлт болған.
Ұлтымыздың ұраны боп жасай бер,
Қарт Ұлытау əруақ дарып,
құт қонған.
Қуандырып, сүйіндіріп күллі елді,
Ұшарыңды аймаласын күн лебі.
Ұлар құсың қайта қонып басыңа,
Бағың жансын облыс боп іргелі!
ШЕҢБЕРІМ
(Əнге арналған)
Аймалап жанға дауа жұпар желін,
Келеді қыр басында тұра бергім.
Көңілге қанат байлап жібергендей,
Киелі топырағы туған жердің.
Желпіп өткен самалы,
Жанға жағып барады.
Жұпарынан жұтсам деп,
Аңсап келдім даламды.
Шежірелі Шеңберім,
Ырысымсың сен менің.
Бақыт дарып, құт қонған,
Менің туған мекенім!
Туған жер, ұшқан ұям, тал бесігім,
Қосылып қалықтайды əнге есімің.
Сыланып құйқылжыған таңсəріден,
Ғажайып бұлбұл үнін жаңа естідім.
Көркіңе қуанбайды қалай жаным,
Айналып Айнакөлге
талай бардым.
Қалқиды аққу əуен ақ айдында,
Сағынған өзің бе екен
арайлы əнім.
БІЗДІҢ АУЫЛ
немесе жолсерік ініге сыр
Жолыма серік болғасын ,
Жолдасым дейін бауырым.
Бұл жердің аты «Қорғасын»,
Осы жер менің ауылым.
Мен өскен ауыл мына жер ,
Мен басқан мынау топырақ.
Қуанып жатыр құба бел ,
Құшағын жайып көк құрақ.
Самалы сипап, сағынған
Жаныма таптым жарасым .
Өзеннің арғы жағынан ,
Қол созды заңғар дара шың.
Қияға біткен еркелеп ,
Елеңдей қапты көк терек .
Өткелді кешіп бұрылдым ,
Еңіске қарай ентелеп.
Балалар кешке қосылып ,
Жағажай міне, мал баққан.
Көшелер жатыр көсіліп ,
Доп қуып талай шаңдатқан.
Мынау үй маған тым ыстық,
Есімде сонау ерте күз.
Көз салсам болды қысылып,
Есімді алған ерке қыз.
Ерке қыз шығып ертемен,
Қарайтын еді ғарышқа.
Ойласам əлі өртенем,
Жүр ме деп жүдеп алыста…
Арғы бет, əне, шахталар,
Көпестер қазған кешегі.
Қараңғы үңгір, қақпалар,
Сұп-суық ызғар еседі.
Айғақтап кеннің ордасын,
Ағыпты тау-тау қорғасын.
Көпестер кері қашыпты,
Қойыны-қоншы толғасын.
«Құлансай» міне, жасақты,
Жолбарыс Кейкі жайратқан.
Күндер де өткен қазақты,
Кісендеп торға айдатқан.
Заманым бүгін жаңғырып,
Тəуелсіз елдің таңы атты.
Тарих бетін таң қылып,
Рухын ұлтым жаңартты.
Аспанның асты арай күн,
Төрт түлік түгел төсінде.
Арманға ғана балайтын,
Шалқиды ырыс, несібе. …
Жолымыз бірге болғасын,
Жолдас боп кеттің бауырым .
Аңыз қып сен де айта жүр,
Ағаңның туған ауылын
КӨЛЕҢКЕ
Балаларымыз ана тілін ұмытты. Бəрінен де осы жанымызға қатты батады. Біз тəрізді қарт адамдар үшін өз балаларымызбен ана тілінде шүйіркелесе алмаушылықтан өткен азап жоқ екен.
(Газетке жарияланған бір топ соғыс жəне еңбек ардагерлерінің хатынан. 1988 ж).
Көрер таңым, жұлдызым,
бөбектерім,
Сенерім жоқ сендерден бөлек менің.
Бесік жырмен тербетіп бесігіңде,
Қара өлеңмен жөргекте өбектедім.
Əлди-əлди талпындың ботам кімге,
Əжең бірге, өзіңмен атаң бірге.
Былдыр-былдыр сөйлей ғой,
балапаным,
Əжем, атам, анам де, Отаным де.
Сөйле-сөйле жан бөпем, тілегің не,
Не бар сенің кішкене жүрегіңде.
Бала бақша барғанда кімді үйрендің,
Ыбырай де, Абай де, Ұлы елім де.
Ұлы бабаң Бұқарды біл, аппағым,
Біл Жамбылдай телегей
бұлақ барын.
Жырын оқып
Мағжан мен Шəкəрімнің,
Айтып берші Сəкеннің бір тақпағын.
Жетпеді ме сауалым жетесіне,
Кішкене ұлым көшті де төтесіне.
– Əкем не деп отыр? – деп сұрақ қойды,
Орысшалап үлкендеу тəтесіне.
Мені ұғатын қызымда бар ма шама,
Осы күні бəрі сол, бала-шаға.
Жаутаң-жаутаң қарайды
жалынышпен,
Түсінбедім дегендей қазақшаңа.
Есңгіреп отырмын жаным жүдеп,
Не шараң бар, төзбесең
жарыл жүрек.
Үміт күткен ұрпағым осы болса,
Ертеңімнің қайтемін барын тілеп.
Ана тілім, киелім күйің міне,
Мен бе жалғыз өртенген күйігіңе.
Құлындарым күн жетті түсінетін,
Кім кінəлі бəрінің түйініне…
Аман болсын Қазағым, қарасыным,
Биік болсын дəстүрім дара шыңым.
Ар-намысым, асылым – Ана тілін,
Ала көрме жоғалтып қарашығым.