Төлеген ЖАМАНОВ, Ұлытау облысының бас ақыны: «Біздің міндетіміз – елді іріту емес, біріктіру»

Айтыс өнері – қазақтың қанына сіңген бекзат өнер. Бабалардан қалған осы өнерге елеңдемейтін қазақ жоқ. Еңсе тіктеген баласынан еңкейген қариясына дейін суырып салма ақындарды тыңдаудан жалыққан емес.

Ұлт ұясы атанған Ұлытау өңірінде осынау ел қазынасы, халық мұрасының келешегі қандай? Бүгінгі әңгімеміз осы сауал төңірегінде өрбімек. «Сабақты ине – сәтімен» дейді дана қазақ. Қаражал қаласының 60 жылдық торқалы тойында белгілі ақын, тарихшы, аңшы, ұлттық дәстүрлеріміздің шынайы жанашыры – Төлеген ЖАМАНОВТЫ жолықтырдық. Осы бір орайлы сәтті пайдаланып, Ұлытау облысының айтыскер ақындарын қалыптастыруда жасалып жатқан жұмыстар жайлы ой бөліскен едік.

Той құтты болсын, Төке! Ортақ қуаныш қой.

– Әумин, айтқаныңыз келсін. Иә, қуаныш ортақ. Кешегі алпыс ақын шыққан Қаражал өңірі ғой бұл.

– «Алпыс ақын» деп қалдыңыз ғой. Әңгімемізді осы тұрғыда өрбітсек қалай қарайсыз?

– Дегеніңіз болсын.

– Жылдың басында сізді елге Ұлытау облысының бас ақыны деп таныстырды. Бас ақынға жүктелген басты миссия не?

–Қазақстанда айтыскер ақындар мен жыршы термешілердің халықаралық одағы құрылған. Оның бас төрағасы, қазақ айтысының жанашыры, қазақтың белгілі ақыны, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері Жүрсін Молдашұлы Ерманов. Ұлытау облысы ашылғаннан бері осы одақтың Ұлытау облысындағы филиалы да құрылып, соның төрағасы ретінде жұмыс жасап жатырмыз. Бұл ешқандай ақысыз, ешқандай мебелі жоқ қоғамдық мекеме. Ал, енді миссиясы ауқымды. Соның ең бастысы өңірде айтыс ақындарының өзіндік мектебін қалыптастыру. Қазір осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз.
Біздің Ұлытау облысы ашылғаннан кейін екі аудан мен екі моноқала – Сәтбаев және Қаражал һәм Жәйрем кентінен жас ақындарды теріп, жинап, таланты мен талабы барлардың бәрін өзімізге тарту жұмыстарын бастадық. Бұған негізінен айтыстың біздің өңірлерде жиі өтуі мұрындық болып отыр. Бұған дейін Қарағанды облысының құрамында болып келген кезде біздің Сәтбаев қаласында жыл сайын дәстүрлі жас ақындардың айтысы өтіп тұрды. Артынан ол республикалық айтыс болып өткізілді. Енді биыл сол Сәтбаев қаласында, Алла қаласа 23-24 қыркүйек күндері тағы үлкен айтыс өтейін деп жатыр. Біздің өңірден бір-ақ бала қосып отырмыз. Ол – Абзал Мақашев деген шәкіртіміз. Осының алдында «Ұлытау үні» фестивалі өтті. Өзіңіз білесіз 2001 жылы «Ұлытау үні» фестивалінде ең соңғы айтыс өтті. Одан кейін фестиваль бірнеше рет өткенімен, оның ішінде айтыс болған жоқ. Әнуар Омар келгелі бұл жұмыс қайта жаңғырды. Биыл фестиваль шеңберінде айтыс өтті. Ұзақ үзілістен кейін. Оның құрамында үлкен-үлкен, қазақтың сақа, маңдайалды ақындары келді. Мен де сол айтысқа Ұлытау облысының ақыны ретінде қатысуым керек еді. Бірақ, мен бас тарттым.

– Неге?

– Бас тартқан себебім, біріншіден мен шыққаннан гөрі менің орныма жаңадан жас талаптың шыққаны, жастардың шығып, олар үлкен айтыста елдің алдында көзге түсіп, көрінуі керек. Оларға басқа мүмкіндік жоқ. Осы мақсатта мен айтыстан бас тарттым да, орныма екі жас ақынды қостым. Оның бірі Абзал Мақаш болса, екіншісі – Сырым Нығызбай. Осындай бір жас ақын шығып келе жатыр. Жақсы ақын. Осы екеуінің қатысқанын қаладым. Екеуі де қатысты. Олар міндетті емес бас жүлде алуға. «Күмісті ысқылаған сайын ағарады» дейді. Олар осындай қара жарыстарға, өз өңірімізде болатын айтыстардың бәріне қатысуы керек. Сонда ғана олар айтысқа қызығады. Сонда олар талаптанады. Ал, әлі ысылмаған, піспеген, шикі ақынды мен басқа облыстарда өтіп жатқан айтыстарға, республикалық айтыстарға апара алмаймын. Себебі бұлардың бәрі әуелі өз ішімізде сынақтан өтуі керек.

– Ол сынақ қай уақытта болады?

– Ол үшін мынау біздің облысымыздың мәдениет басқармасы бас болып, әр өңірдегі соған қарасты мәдени ошақтардың барлығында тұрақты жас ақындардың айтысы өтуі керек. Оған сондай қомақты жүлде тағайындау да міндетті емес, Біз де солай бастағанбыз. Біз қытайлық қол сағатпен де бастағанбыз айтысты. Сондықтан оларды бірден миллионның жүлдесіне, жарты миллионның жүлдесіне салудың қажеті жоқ. Өзіміздің облыстың жас ақындарының арасында оқушылар аралық айтыс өткізуге болады. «Ел іші – өнер кеніші». Неше түрлі таланттар бар. Жастарымыз айтыстың техникасы мен оның методикасын білмегеннен кейін айтыста жүрген ақындардың бәрі осылай туылған шығар деп ойлауы мүмкін. Олай емес. Барлығы да қаратабан кезінен бастап, тұмсықтарының ұшы қарайып, қанаттары бекігенше осындай елде болып жатқан әртүрлі айтыстарда, болмаса бір жерлерде арнау айтып, көрінгендер.

– Осы тұрғыда нақтылы жұмыс қолға алынды ма?

– Жұмыстар жасап жатырмыз. Алла қаласа, қазан айында ма, бұйырса бір айтыс жоспарлап отырмыз. Бірақ, ол оқушыаралық болады. Біз облыстық білім басқармасымен келісім жасадық. Әр мектептің мектепішілік айтыстарын көрейік, солардың ішінен шыққандарды өңірлік оқушылар арасындағы байқауда сынайық дедік. Соларды ішінен тайы құнаннан озған, құнаны құланнан озған жүйріктер шығады ғой. Жоқ деуге болмайды. Тек оларды табу керек, көзін ашу керек. Бір ашқаннан кейін олар біріне бірі еліктеп шығады.

– Жаңа бір сөзіңізде төңіректегі жастарды іздеп тауып жатырмыз деп, айтып қалдыңыз. Солардың ішінде талабы мен талантынан үміт күттіретіндер бар ма?

– Бар. Қазір мен сізге айтайын. Менімен түйдей құрдас, қазір қырықтың үстіне шығып кеткен, біздің мына «Байдалы би» ауылында Дәулетхан деген азамат бар. Оның суырып салма қабілеті деген сұмдық. Бұрын танылмаған жігіт. Бірақ, той-томалақтардан көремін. Мына жаттанды асабалар секілді, болмаса біреудің дүниесін жұлқып айтып жүргендерден көш ілгері. Қаз қалпында, көз алдыңдағы оқиғаны өлеңге айналдырып тұра береді. Сондай талант. Бірақ, біздің Мұқаң – Мұқаш Сейітқазинов ағамыз сияқты бір кемістігі бар. Аса қатты дауысты емес. Оның бәрін қалыптастыруға болар еді. Ең бір қиыны – ер адамның дауысы 25 жастан асқанда икемге көнбей қояды. Енді, ол сол табиғи дауыспен кетеді. Бірақ, енді Мұқаш та ештеңесіз-ақ Мұқаш болды ғой. Сондықтан да табиғи талант, ешкім қайталай алмайтын қалыппен келгені де жақсы. Ол тіпті қызық. Бәрі бір мақаммен айтыса берген елді жалықтырады. Бұрынғы айтыс мектебінде қалай еді. Бұрынғы айтыс мектебінде біз домбырамызды қаққан уақытта-ақ ел біліп отыратын. Мынау Арқаның ақыны, мынау Батыстың ақыны, мынау Жетісудің ақыны, мынау Шығыстың ақыны деп. Қазір ондай жоқ.

Мұны жолға қою үшін не істеу керек деп айтар едіңіз?

– Қазір біздің ақындар мына өнер мектептерімен, саз мектептерімен жұмыс істемейміз. Солармен жұмыс істеуіміз керек. Кәдімгі жүйрік қылып, жал-құйрығын тарап, төрт аяғын тең басатын жүйрікке айналдыру үшін оның бүкіл күйін жасауымыз керек. Оның дауысын қойдыру керек, музыкалық сауатын ашу керек, сосын жыраулық дәстүрді міндетті түрде меңгеруі керек.

– Айтыстың әлеуетін арттыру үшін не істеген жөн?

– Бүгінгі тұрмыстағы, болмаса бүгінгі әлеуметтік желідегі ақпараттың барлығын жаңалық қылып айтудың қажеті жоқ. Оның бәрін ел біледі. Халық оған қызықпайды. Ақынның, ол айтыскер ме, жазба ма басты миссиясы – біреу-ақ. Ол, Абай айтқандай – ағартушылық. Биліктің кемшілігін айту арқылы халыққа қол соқтыру, халықтың қолтығына тығылып, халықты одан сайын тұңғиыққа батыру емес, халықтың қателесіп тұрған жері болса соны айту керек. Биліктің кемшілігі бола ма, оны да айту керек. Бұқара мен биліктің арасында шынайы алтын көпір орнату керек. Міне, ақынның сәулелігі. Ақынның білімділігі. Ақынның айтары болуы деген осы. Ал енді, күнделікті ел білетін нәрсені төрт ауыз өлеңге айналдырып, елге ұсынып, үлкен сахнада айқайлай беруге болмайды. Менің түсінігім осындай. Екінші бір мәселе – тәрбие керек. Біздің ең үлкен қорқатынымыз, жақсылап, жарқырап келе жатқан таланттарда бір нәрсе болады. Ол – бірінші өзін мойындау. Жастар бірінші өзін мойындап алады, «мен ақынмын» деп. Осының артында не жатады?! Мұның артында тәкаппарлық тұрады. Тәкаппарлықтың арғы жағында «жұлдыз» деген ауру тұрады. «Жұлдыз» дегеннің арғы жағында – құрдым тұрады. Осыны түсінбейді. Мен осы жағына қатты қараймын. Бауырларыма айтып отырамын. Тартын. Тізгініңді тарт. Айыл-тартпаларыңды босатпаңдар деймін. Ер-тұрмандары босап кетеді кейде. Үшіншіден, айтыскер ақын ұйықтағанда да, тұрғанда да, жүргенде де, отырғанда да бар жерден ой іздеп, бар жерден ақпарат жинап отыруы керек. Оны қорыту керек. Сосын, қайсын айтуға болады, қайсын айтпауға болады, соны саралай білуі керек. Бұл енді, мемлекеттің идеологиясы бар ғой. Ұлттық ұстаным деген бар. Соған жұмыс істеуі керек ақындар. Қандай жағдайда болсын. Ал билік деген не, біреу келіп, біреу кете беретін нәрсе. Әлгі айтылып жүр ғой «тақ пен табыстың иесі жоқ» дегендей. Бірақ ұлт қалады. Сол ұлттың негізгі колориттеріне жұмыс істеу керек. Жалпы сөйлемеуге тырыстырамыз. Ақын шәкірттерімізге айтамыз «Кімді мысалдағың келіп тұр, жоғарыдағы көкелер деме. Жоғарыдағы көкелердің ішінде кімдер астын сызып, атын айт. Оны айтпайсың ба, сенікі көшенің әңгімесі, қатын-қалаш пен бала-шағаның өсегі. Атын айтып, түрін түсте, бетіне кемшілігін бас», – деймін. Жүрсін Ерман ағам айтатын, «Бұрын облысаралық айтыстарда бір облыс бірін-бірі зерттейтін еді. Оған бүкіл хатшылар жұмыс істейтін», – деп. Қазір осы жағы кемшін қалып жатыр.

Жергілікті билікке ойыстыңыз ғой. Ендеше соны қаузай түссек. Жалпы биліктің айтыс ақындарына деген көзқарасы қандай?

–Шерағаңша айтсам, бұл бір кем дүние. Біздің Ұлытау облысының билік жүйесінен бастап ақынға деген, осы өңірдің сөзін ұстап жүрген азаматтарға дәл қазіргі уақытта қолдау, қамқорлық жоқ. Сіз барып көріңіз Сырға. Ақындары қалай ұлықталады екен, Атырауға барыңыз, Маңғыстауға барыңыз. Олар кәдімгідей жүйріктерінің барлығының жал-құйрығын тарап, кез келген уақытта топқа салуға дайын тұрады. Елдің намысы, жұрттың намысы деп. Өкінішке орай, біздің жақта бұл нәрсе ақсап тұр. Тіпті жоқтың қасы деуге болады. Бір-екі айтыс өткізіп қойып, «ойбай біз өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз» деуден ештеңе шықпайды. Тұрақты, жүйелі жұмыс жүргізілу керек. Кәдімгі бір жылдық күнтізбелік жоспар жасалу керек. Қазанда оқушылар айтысы, қаңтардың ортасында мектепаралық оқушылар айтысы, одан кейін облысаралық айтыс, одан кейін басқа өңірлердің оқушыларын шақыру, сөйтіп барып алаштың алдында аталы сөз айта алатын ақынға айналдыруға болады. Қазіргідей, жастарды жарқыратып алып шығып, жарқыратып көрсеткен ол жаңалық емес. Ол балалар ұзаққа бармайды.

– Биліктің салқын болуына мүмкін ақындардың өздері де кінәлі шығар?..

– Оны да жоққа шығармаймын. Қазіргі кейбір ақындарда білім жетпейді, ізденіс жетпейді. Мысалға, сөзді өзіне өлшемей сөйлейтін ақындар бар. Он жеті жастағы ақын шығып, алпыс бестегі адамның философиялық ойларын айтқысы келеді. Сен бірінші шамаңа қарауың керек. Сен сондай сөз айтатын тәжірибеден өтіп көрген жоқсың. Сен оны өз денеңнен өткізген жоқсың. Оны сен санаңа салған жоқсың. Қазақтың бір керемет сөзі бар. «Сүйекті жұтардан бұрын, оның қай жерден шығатынын ойла» дейді. Сол сияқты әрбір ақын, кез келген азамат бір сөзді айту үшін, ол сөзді өзіне өлшеуі керек. Ол өзіне шақ па, шақ емес пе? Жүрсін ағамыздың бір сөзі бар. Айтысқа шығарда әманда ескертетін. «Әй, айтысқа шығарда сөздерің мен істеріңнің арасы алыстап кетпесін», дейді. Мысалға, бір ақын шығады да әдебиетті айтады. Талас жоқ, ол әдебиеттің мұрагері. Мәдениетті айтсын, мұрагері. Бірақ, бір ақын шығады да шахтаның мәселесін айтқысы келеді. Ол шахтаны білмейді ғой. Ол оның маманымен кездескен жоқ қой. Сұрау керек. Сәтбаев қаласының астында қаншама адам жапа шекті, қайтыс болды? Олар неге өліп жатыр. Біз ешқашан оқиғаның салдарын ғана айтпауымыз керек. Біз себебін айтуымыз керек. Міне, ағартушылық деген осы. Неге халық қалғып кетті? Неге қазір халық жайбарақат, неге халыққа қазір бәрібір, неге халық билікке сенбейді, неге халық болашаққа сенбейтін болып барады? Неге халық өзінің ұлттық ұстанымынан гөрі батыс мәдениетіне қатты таңырқап қарайды? Осылардың бәрінің себебін анықтап, айтып отыру – ақындардың миссиясы. Өйткені, халықты кінәлауға болмайды. Халыққа біз өзіміздің ұлттың асыл-маржандарын көрсете алмаймыз. Дәріптей алмаймыз. Әйтпесе біздің ұлттың құндылығымызға барсаңыз, әлемде көш бастайтындай ұлт екенімізді білер едік. Міне, ақындардың қаруы осындай болуы керек. Қазір бізге елді іріту емес, елді біріктіруге жұмыс істеу керек. Қазір біз көбіне қандай жағдайда қорқамыз? «Мынау биліктің ақыны» деп айтады деп халықтың қолтығына тығыла бергенді жақсы көреміз. Ол дұрыс емес. Халықтың қате жері болса айт. Кешегі Бұқардың жолы қалай еді? Кешегі Кенесарының қасында Нысанбай жыраулар қалай жүрді? Қажет жерінде халықтың да айылын тартып беріп отырды. Қателескен жерде ханның да айыбын айтып отырды. Бұл жерде ақын білімді, білікті болуы қажет.

– Әңгімені түйіндеп жіберсеңіз.

– Қазіргі біздің дайындық бағытымыз осындай. Құдай қаласа, біздің Ұлытау облысынан келешекте маңдайы жарқыраған мықты ақындар шығады. Бұл айтыстың көші қызық. Бір замандар болды, Семейден бірінен-бірі озған, ауыздығымен алысқан жүйріктер шықты. Қалың ақын шықты. Сахнада төрт жыл дүркіреді. Бір жылы олар басылған уақытта Қызылордадан шықты қалың ақын. Самаладай шам жағып. Бір жылы келді де Жетісудан, бір жылы Маңғыстаудан, бір жылы Арқадан шықты. Бір алтын домбыраға Арқадан бес ақын қатысқан кез де болды. Сөйтіп бес-алты жыл жүрді. Ақселеу ағамыз айтады ғой «өнер – бұл да құс» деп. «Ол көзге көрінбейді. Сол қонақтаған жерде өнер ұялайды» деп. Сондай бір құбылыс бар шығар. Біздің көзімізге көрінбейді. Қолымызға ұсталмайтын. Мұның бәрін енді уақыт көрсетеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ізбасар ОЙБАС.

«SARYARQA» газетінен.