АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Қазақстан халқының 40 пайызы ауылда тұратындықтан соңғы жылдары ауылдық медицинаны дамытуға басты назар аударылуда. Бұл ретте МӘМС жүйесінің енгізілуі де зор үлесін қосқанын айта өту керек.

Медициналық көмекті қаржыландырудың көлемі артқаны есебінен мол мүмкіндіктерге ие болған медициналық мекемелердің бірі – Жаңаарқа аудандық көпбейінді ауруханасы. Бүгінде 29 мыңға жуық ауыл тұрғынына медициналық қызмет ұсынатын емхананың қаржыландырылуы соңғы жылда 900 млн теңгеден 1 млрд 900 млн теңгеге артып, ілкімді істермен ілгерілеп келеді.
Қазір жаңаарқалықтарға алысқа бармай-ақ денсаулығын дұрыстауға түрлі аурулардың алдын алуға бар жағдай жасалған. Келесі жылы ауданаралық аурухана мәртебесін алып, Ұлытау облысының ғана емес сонымен бірге Қарағанды облысына қарасты Шет ауданының тұрғындарына да сапалы медициналық қызмет көрсетуді жоспарлап отырған аурухана қазірдің өзінде соңғы үлгідегі КТ, УДЗ, бейнелі фиброгастродуоденоскопия, колоноскопия, автоматты қан анализаторымен жабдықталған.

Биылдан бастап ақ желеңділердің жұмысын жеңілдетіп, сынаманы таңбалау және талдау нәтижесінде қателіктерді болдырмау мақсатында анализаторға қосымша принтер сатып алынды. Енді сынамаларды штрих-кодтаудың нәтижесінде зертханалық талдаулар автоматты түрде жүйеге енгізіледі. Ертеректе зертханашылар күніне 120-ға дейінгі талдауды «қолымен» енгізуге мәжбүр еді. Бір ай бұрын үнемделген қаржыдан балалар бөлімшесіне құны 3.5 млн теңге тұратын тамыр детекторын сатып алынды. Аталған аппарат науқастың тері тамырларының анық кескінін дәл көрсетеді. Ол – әмбебап. Оны аурухана ішінде ғана емес, сондай-ақ шақыртуларға алып, пайдалануға болады. Биыл қордаланып қалған 300 млн теңге көлеміндегі кредиторлық қарыздан құтылған аудандық ауруханада осыдан кейін ілгерілеу жоқ деп қалай айтасың?!
Ауылды жерлерде тұратын халықты бастапқы медициналық диагностикамен қамтамасыз ету үшін жыл сайын медициналық сақтандыру Қорынан қомақты қаржы қарастырылады. Мысалы, кеңес беру, мамандандырылған медициналық көмек, диагностикалық зерттеулер көрсетуге мүмкіндік беретін жылжымалы медициналық кешеннің қызметіне 48 млн теңге бөлінді. Әр тұрғын сақтандырылған мәртебесі бар-жоғына қарамастан тар буынды мамандардың кеңесіне жүгініп, қант мөлшері, қан қысымын өлшетіп, рентген, момография, УДЗ, ЭКГ аппаратына түсіп, денсаулығын бақылай алды.

2022 жылы профилактикалық тексерулер қатарының ауыл тұрғындары скринингімен толыққаны да қарашаға деген қамқорлықтың белгісі. Енді ауыл тұрғындары 18 жастан бастап скринингтен өтеді. 2023 жылы Жаңаарқа ауданында ауыл тұрғындарының профилактикалық тексерулерін қаржыландыруға медициналық сақтандыру қорынан 55 млн.теңгеден астам қаражат қарастырылып, бүгінде оның 33 млн теңгесі игерілді. Тексерудің нәтижесінде сүт безі обыры күдігімен 63, тоқ ішек ісігімен 60, жатыр мойны обырымен 68, қуықасты безінің қабынуымен 27, қант диабетімен 63, қан айналымы жүйесі ауруларымен 109 науқас анықталып, есепке алынды.
Ауыл тұрғындарына заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында биыл «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында бес ауылда фельдшерлік-амбулаторлық пункт құрылысы жүріп жатыр. Халықтың игілігі үшін 2024 жылы тағы 4 ауылда медициналық нысан бой көтеріп, аудандық ауруханада инсульт, реанимация, травматология бөлімшелерін, ересектер мен балаларға арналған оңалту орталығы ашылады деп күтілуде. Жыл соңына дейін фибробронхоскоп, жоғары санатты УДЗ, эхоэнцефолограф, вертикалитазор, аудиометр, дефибрилятор сияқты барлығы 13 медициналық аппарат жеткізіледі.
Халық денсаулығы – мемлекет дамуының ең басты көрсеткіші. Ендеше, алдағы күндері де ауылдағы ағайынның медициналық көмекке деген қолжетімділігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласы қызметтерінің деңгейі мен сапасын көтеру назардан тыс қалмақ емес.

Диана ОРАЗАЛИНА.