КЕҢ КЕУДЕЛІ БАЛУАН ЕДІ

Сəттар БЕРДАЛИН десек, көпшілік білетін бұл есімді кейінгі жаңа буын білмеуі де мүмкін. Білмейтін де реті бар. Сəттар марқұмның өмірден өткеніне он жылға жуықтады. Бірақ, қамшының сабындай қысқа ғұмырында артына елеулі із тастап, ел есінде қалған жан. Қазақта «Өмір уақытымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді» деген қағидалы сөз бар. Осы тұрғыдан алғанда, ол өз тіршілігінде парасатты өмір сүріп, Ұлытау ауданының спорт саласына біркісідей еңбегі сіңген адам.

Кейіпкеріміздің өмірдастаны Қытай Халық республикасы Құлжа облысы, Нылқы ауданынан тамыр тартады. 1950 жылы аталған өлкеде дүние есігін ашыпты. 1976 жылы Қарағанды педагогикалық институттың дене тəрбиесі факультетін тəмамдайды. Институтты бітірген соң, Ұлытау ауданы, Сарлық ауылындағы №3 Аманкелді орта мектебіне мұғалім болып келеді. Дене тəрбиесі мен алғашқы əскери дайындық пəнінен сабақ береді.

Уақыт өте келе оның өз мамандығын жетік білетіндігі, спорт саласын дамытуға атсалысқандығы аудан басшыларына ұнап Сəттарды аудан орталығына шақыртады. Мұнда аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, аудандық атқару комитеті жанындағы спорт комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Сол жылдарда облыстық, республикалық спорттық жарыстарға белсене қатысып, өзін де, шəкірттерін де елге танытады. Оның спортты жан-тəнімен сүйетіндігі сол кезден-ақ белгілі болған.

Əңгімені əріден айтсақ, ол студент шағында да самбо, дзюдо, еркін күреспен айналысады. Оның бапкері Қазақстанға еңбек сіңірген белгілі жаттықтырушы И.А.Кнапп екен. Осы бапкердің қарамағында бес жылдай жаттығып, самбо күресінен бүкілодақтық турнирдің жеңімпазы болады. КСРО спорт шеберлігіне үміткер ретінде тіркеледі. Самбодан облыстық, республикалық құрама командалардың мүшелеріне қабылданады. Тізе берсек, жеткен жетістіктері де аз емес. Марапаттары да бір атан түйеге жүк боларлықтай дүние. Нақты айтқанда, спорт саласының жілігін шағып, майын ішкен адам. І дəрежелі төреші, педагог бапкер.

Осындай атақ-даңқы бола тұра, ол Ұлытаудан ұзап шықпады. Ауылда жүріп-ақ балуандығымен көзге түсті. Осы жайында тарқатып айтсақ, Кеңес Үкіметі тұсында жыл сайын шопандар тойы дəстүрлі түрде өтетін. Той аясында балуандар күресі, ат жарыс өтіп, жанкүйерлердің делебесін қоздыратын. Əр ауыл жеңіске жеткен балуандарын, мəре сызығын бірінші кескен сəйгүліктерін мақтайтын жəне солармен мəртебесі көтерілетін. Сондай дүбірлі додада ел аузына Сəттардың есімі ілігетін. Оның боз кілемге шығуын көпшілік асыға күтетін. «Əне, Сəттар шықты» дегенде айналаға тыныштық орнап, қаумалаған жұрттың назары оған ауатын. Ол жайшылықта байсалды көрінгенімен, белдесуге шыққанда мүлдем өзгеріп кететін. Қарсыласына шүйліккенде, қаһарын төгіп айбаттанып кетуші еді. Оның мұндай кейпін көргенде «мықтымын» деген балуандар да сасқалақтап, берекесі кететін. Тіпті, көрермен болып тұрған адамның өзі оған үрейлене қарайтын. Осының бəрі артық айтқандығымыз емес. Шындығында, осылай болғаны рас.

Сол жылдарда кеңшар басшылары өз ауылының атағын шығару үшін басқа өңірлерден балуандар əкелетін. Сыртқары жерлерден келген балуандар ауыл азаматтарының есімін жамылып, белдесуге шығатын. Солардың ішінде «сен тұр, мен атайын» дейтіндей əлді балуандар да болды. Бірақ, олардың ешқайсысы Сəттардың еңсесін түсіре алмады. Сөздің шыны керек, Сəтттар сом болаттай шыңдалған алып күштің иесі еді. Белдескенін алып та, шалып та жығатын атан жілікті балуан болатын. Осындай дүйім жұртты өзіне қаратқан ол аяқастынан ауырып, бұрынғы қалпынан айырылды. Денсаулығы сыр берді. Сонда да аяғын сілтіп басып, шамалы сағатпен мектепте сабақ беріп жүрді. Сол уақытта онымен көшеде кездесуші едік. Кездескен бетте əңгімесінің басын «зейнеткерлікке шығуыма бір ай қалды» деп бастайтын марқұм. Бірақ, оған қатал тағдыр бейнеттің зейнетін көруді жазбады. Зейнет жасына бір ай қалғанда жарық дүниемен қоштасып кете берді.

Қазір қарап отырсақ, оның аудан спортына қосқан үлесі зор. Осы өңірдегі дзюдо, самбо, еркін күресті дамытқан Сəттар еді. Бүгін де аудандағы белгілі жаттықтырушылардың көбісі соның шəкірттері. Осыған қарағанда, оның аудан спортын өркендетуге сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ал, бүгінгі əңгіме Сəттар Бердалин туралы жазылған естеліктің бір парасы ғана.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.