Дағыстандықтардың дархан көңілі жиһанкезді жігерлендіре түсті
Сонымен, Сəрсенбай атамыз 2 тамыз күні Атырау қаласынан əлемдік үлкен саяхатқа аттанғанынан ел хабардар. Бүгінде жүздеген шақырымдарды артқа тастаған ақсақал Ресей шекарасын кесіп өтіп, Дағыстан жеріне табан тіреді. Мұнда жерлес жиһанкез атамызды дағыстандықтар дархан көңілмен қарсы алып, сый-қошемет көрсетті.
Орайы келгенде айта кетейік, Сəрсенбай ақсақалды Атырауда ТОР (Туризм, охота и рыбалка) ұйымы қарсы алып, қонақүйге орналастырды. Жерлесіміз Абай орталығында жастармен кездесу өткізді.
Атыраудан 2 тамызда шыққан жиhанкез Сəрсенбай ақсақал 8 тамыз күні Қазақстаннан Ресей шекарасына өтті. Жердің шалғайлығына, ауа райының қолайсыздығына қарамастан осынша жол жүрген оның табандылығына ел шын таң қалып отыр.
Жиhанкез атамызды Ресей шекарасынан Қазақстанның Астрахань қаласындағы консулдығының бас хатшысы Болат Көкенов мырза бастаған топ қарсы алып, барынша құрмет көрсетіп, шығарып салды.
Сəрсенбай Оспанұлы Астраханнан шыққан соң, үш күнде 175 шақырым жүріп, Қалмақ республикасының территориясынан өтті. Қалмақияның Лаган аудандық Ұланкөл (Улан-Хол) ауылының азаматы Мансұр жиһанкез ақсақалды үйіне қонақ қылып, шығарып салды.
Сəрсенбай ақсақал сəрсенбі күні Дағыстанға келіп кірді. Бұл жерде жиһанкезді шешен ұлтының өкілі Гамзат деген жігіт үйіне апарып қонақ етті.
– Мені өз бауырындай қарсы алды. Бар құрметін көрсетті. Тіпті кіріме дейін жудырып берді. Гамзатқа мың да бір алғыс, – дейді Сəрсенбай ақсақал ағынан жарылып.
Бүгінде жер шарын бағындыруға жолға шыққан Сəрсенбай Қотырашов сапарын жалғастыруда. Дағыстан бауырлардың дархан көңілінен жігерленген жиһанкездің жүрісі де ширай түскен. Сапары сəтті болсын!
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.