АРҚАҒА ТАҢСЫҚ КӘСІП БОЛҒАНЫМЕН…
Иә, бақша баптап, көкөністен көл-көсір пайда табу – Арқа қазағына таңсық кәсіп. Десек те, Жер-Ананың төсін еміп, нәпақасын айырып отырған жерлестеріміз баршылық. Сондай еңбекқор жанның бірі – жаңаарқалық бағбан Сержан ТҮСІПБЕКОВ.
Жалпы, жазиралы Жаңаарқаның даңқы біртуар ұл-қыздарымен, брендке айналған бал қымыз, қазақы шапанымен асқақтап тұр. Мейманына тостағанмен қымыз ұсынып, иығына зерлі шапан жабатын Жаңаарқаның бірегей өнімдерінің қатары қарбызбен толыққанына да үш жылдан асып барады.
Жеке кәсіпкер Сержан Түсіпбеков осы бір кәсіпке ниеті ауған сәтте аудан әкімдігіне жер телімін беру жөнінде ұсыныс айтқан. Болашақ бағбанның жоба-жоспарына алғашында тосырқай қараған аудан басшылығы кәсіпкер ынтасына ықылас танытып, 2 гектар жер телімін рәсімдеп береді. Жер-Анаға аманаттап, құба жон, құла түзге дән сіңірген Сержанның тәуекелі «тас жарды». Бірінші жылы өсірген өнімінің көлемімен емес, қарбызының тіл үйірер дәмімен елін елең еткізген-ді. Сөйтіп, Сержанның «Жаңаарқаның қарбызы» атанған өнімі брендке айналып шыға келді.
Кешкілік қарбыз алқабына аңсарым ауып, бара қалдым. Алқап басында аудан әкімі Қанат Шубайұлы, аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қазбекұлы, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұрат Есіркепұлы да осында екен.
…Бәріміз Сержанның бақша алқабындамыз. Картопты да егіп тастапты, жайқалып тұр. Жаңаарқа кентінен Қарағанды қаласынан келетін күре жолдың бойы тынымсыз еңбек алаңына айналған. Мұндағы еңбек дүбірі іргесіндегі этноауылдағы рух дүбірімен үндесе қалыпты. Қостың көлеңкесіндегі сұхбатымыз бүгінгі күннің жемісі мен ертеңгі күннің еншісіндегі жоспарлардың барысын сарқып болар емес.
– Аудан әкімі Қанат Шубайұлына алғыс айтамын. Бақша алқабының ауқымын кеңейту жөніндегі бастамама қолдау білдіріп, 2 гектар жерімді 10 гектарға ұлғайтып берді. Соның арқасында, биыл өнім түрлерін көбейтуге қол жеткіздім. Қазір қауын, картоп, сәбіз секілді көкөніс түрлерін өсіріп жатырмыз, – дейді бақшаның бабын әбден меңгеріп алған бағбан кетпенге сүйенген қалпы. Қалпы – қарапайым. Асыра мақтанып, тасып-төгілмейді. Сұрағымызға бар ықыласымен жауап қайырып, бау-бақшасына алаңдаулы кейіп танытады. Нағыз істің адамы!
– Бақшадағы өскін де өз кіндігіңнен туған бала секілді ғой. Оны баптап, күтпесең, тәрбиесіз өскен бала сияқты үмітіңді ақтамайды. Менің бала тәрбиесіне қалай қарайтынымды Сіз жақсы білесіз, – деп бір қайырды маған қарап.
Шынымен де, Сержан екеуміз мектепте жиі кездесеміз. Ол – көпбалалы отбасының отағасы. Жеті бала (екі ұл, бес қыз) тәрбиелеп отырған ардақты әке. Мектептегі ата-аналар жиналысына өзі қатысады. Балаларының оқу үлгерімі мен тәрбиесіне көңіл бөледі. Ұл-қыздары да тәрбиелі, еңбекқор болып өсіп келеді.
Бау-бақша – Түсіпбековтер әулетінің отбасылық кәсібі. Таңның атысы, күннің батысы тайлы-тұяғымен алқапта жүреді. Күнқақты жүздерінен шаршағандық емес, еңбектің әр түйір дәні тәтті екенін сіз бен бізге ұқтырғандай қанағат сезімін аңғарасың.
…Бүгінде жаңаарқалықтар Оңтүстіктен теріскейге ағылған Шымкент пен Сарыағаштың, Қызылорда мен Шудың қарбызын емес, Сержан баптаған бағландай қарбызды жерік асындай тұтынады. Сержан да үлкен нарыққа асығып жүрген жоқ. Жергілікті халықтың, осы төңіректегі ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып-ақ, кәсібін дөңгелетуде. Қазақстанның төрт құбыласын бал қымызымен тамсандырып, анау жылы «Мың күбі» жобасымен әлемдік рекорд орнатқан Жаңаарқаның ала қарбыз, сары қауыны да брендке айналып барады.
…Бала күнімізде Жаңаарқа совхоздарынан арендаға жер алып, қарбыз егетін кәріс ұлтының өкілдерін көретінбіз. Олар да еңбекқор халық қой. Бірақ, қарбыздары қос жұдырықтай ғана болатын. Әлде, олар қарбызды Арқаның құмдауыт алқабына жерсіндіре алмады ма екен?
Ал, Сержанның құшағыңа әзер сиятын ала қарбызына аңсарымыз ауады да тұрады.
– Жүріңіздер, биылғы өнімнен ауыз тиіңіздер!
Сержан бізді қосқа бастады. Еріп келеміз. Еңбекқор жанның әлденеге алаңдап келе жатқанын да көріп келеміз.
– Біздікі суармалы алқап қой. Ерінбей еңбектенсең, мол өнім алуыңа болады. Ал, Аллаға алақан жайып, көктен жауын тілеген егін еккендердің еңбегі еш кетпесе, жақсы болар еді. Әйтпесе, биылғы қуаңшылық Арқаның арқасын қарып жіберді ғой, – дейді.
Өзін емес, елді ойлаған, халықтың ортақ несібесіне алаңдаған азаматтығына қалай сүйсінбейсің?!
Міне, біздің Сержан – осындай азамат!
Нұргүл ШАМАЕВА,
облыстық «SARYARQA» газетінің меншікті тілшісі.