Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі
Көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең бір өткір мəселе. Тіл – ұлттың тірегі, ең асыл құндылығы. Жарнама сауатты болуы тиіс, сауаттылық емле мен пунктуация ережелеріне ғана мəн берілу емес, мазмұнға көңіл аудару да болып табылады.
Сондықтан сауаттылық мəселесімен қатар жарнама мəтінінің ішкі мазмұнына да мəн беріп, əсіресе, ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен көрсек игі болар еді. Алайда, қазіргі таңда қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен көрнекі ақпараттар кездесуде. Көшелерде, сауда орындарындағы, қоғамдық тамақтану орындарындағы тек орыс тілінде рəсімделген немесесөзбе-сөз, мағынасыз аударылған көрнекі ақпараттар, баға көрсеткіштері, хабарландыру жəне басқа да жарнамалар тұрғындардың наразылығын туындатады. Кейбір азаматтар кітап оқымауы мүмкін, газет-журналға жазылмауы мүмкін, бірақ көшедегі жарнаманы міндетті түрде көреді, көрген соң оқиды. Визуал дүние адамның есінде міндетті түрде қалады. Сондықтан жарнама мəтінінің сауатты болуы өте маңызды екендігін атап айтар едік. Жарнама берушілер көрнекі құралдарындағы мəтінді сауатты қарап, қате кеткен жағдайда түзетуге дайын болып, бірлесе жұмыс істесек, мемлекеттілігіміздің мерейі артып, қателіктер азаяр еді.
Мемлекеттік тілдің мəртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейтуде көрнекі ақпарат тілінің алатын орны ерекше. Өзгеріске енген «Тіл туралы» Заңның 19-бабына əкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дəстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атауларын мемлекеттік тілде жазу туралы айтылған. Бұған дейін бұл атаулар мемлекеттік тілде жəне басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сəйкес берiлген болса, қазіргі Заң нормасы атаулардың тек мемлекеттік тілде жазылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Заңның 21-бабында көрнекі ақпараттар қазақ тілінде қатесіз жазуға міндеттейді. Яғни, көрнекі ақпарат мəтіндерінің түпнұсқа мағынасын сақтап аудару талабы қатаң ескерілуі тиіс. Сонымен қатар 21-бапта мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мен бланкілерін мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс немесе басқа да тілдерде жазу туралы өзгерістер енгізілді. Ал, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгеріссіз жазылады. Заңға енгізілген бұл нормалар мемлекеттік жəне мемлекеттік емес ұйымдардың деректемелер мен көрнекі ақпараттарының жазу тілін нақтылайды.
Айта кету керек, заңға енгізілген өзгерістерді шағын, орта, ірі кəсіпкерлік субъектілер арасында түсіндіру, насихаттау жұмыстарын кеңінен жүргізу үшін ақпараттық-насихаттық топ құрылды.
Қорыта айтқанда, көрнекі ақпарат, жарнама жазулар – жаңалықтың негізгі жаршысы болуымен қатар, насихат пен тəрбие құралы, сондықтан жарнама тілін реттеуді қоғам болып қолға алуымыз қажет. Көрнекі ақпарат, жарнама – тілді қалыптастырушы негізгі құрал жəне жаһандағы жағымды жаңалықтың жаршысы. Ендеше, жалт еткен жарнамаға жайбарақаттықпен қарамайық, оның тілінің талапқа сай болуына мүдделілік танытайық. Сонда ғана жанға жайлы, жарасымды жарнама тілін қалыптастыра аламыз.
«Ұлытау ауданының мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі».