Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам кеселі

Халқымызда «Отбасы – шағын мемлекет», «Тəрбие – талбесіктен басталады», «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген сиякты даналық сөздер бар. Бұл жөнінде ұлы тұлғаларымыз айтқан қағидаға бергісіз қанатты сөздер де жеткілікті. Өкінішке орай, арамызда отбасы құндылықтарына атүсті қарайтын, ұрпақ тəрбиесіне көңіл бөлмейтін жандар да жеткілікті. Сондайлардың кесірінен көптеген өскелең ұл-қыздардың алға қойған мақсаттары өмір бойы арман күйінде қалып жатады. Оның басты себебі ата-аналарының өмір-өзен ағысының екпініне төтеп бере алмауынан, яғни өзара тіл табыса алмауынан туындайды. Көбінесе ер азаматтарымыздың əлсіздік танытып, өздерінің əкелік борыштарын дұрыс атқармауынан. Тағдыр тауқыметі, жанұя жүгі, тұрмыстың ауыр салмағы нəзік жанды əйелдердің мойнына шөгеді.

Ең ауыры, арадағы перзенттері жазықсыз жапа шегіп, тірі жетімге айналады. Олардың өмірге деген көзқарастары күрт өзгеріп, əкеге деген сенім, сезім, махаббат мүлдем жоғалады. Тіпті денсаулықтарында психикалық ауытқулар пайда болып, қатыгез, тасбауыр, мейірімсіз жан болып қалыптасуы ғажап емес.

Əйел қызметінде өз орны бар тұлға болып қалыптасқанымен, қанша жерден алатын жалақысы жоғары болып тұрса да, үйде жолдасы əлімжеттік көрсеткенін байқаймыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық психологиялық тұрғыдан өте ауыр жағдай. Адамның өз-өзіне деген сенімін жоғалтады, өзіне деген құрметінен айырылады. Тіпті, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың суицидтік жағдаймен аяқталып жататын кездері де болады. Сондықтан, отбасы жағдайындағы, тұрмыстық қысымның алдын алу жолдарын күшейткен жөн. Қоғамдағы гендерлік теңдіктің сақталуына аса мəн беруіміз керек.

БАҚ құралдары арқылы əйелдер құқығының қорғалуын барынша ашық насихаттауымыз керек. Жасырып керегі не, біздің қоғамымызда да əйел құқығы көп сақтала бермейді. Көбінесе əйел адамдардың жалақысы төмен болып келеді. Соған қарамастан жұмыстан келе сала үйін жинастырып, балаларының кір қоңын жуып, тамағын істеп, үйдегі де түздегі де тіршілігін қатар алып жүреді. Мұндай жағдайдың барлығы əйелдің иығына ауыр жүк.

Негізгі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен адам бұрын да жағдай асқына келе қылмыстық жауапкершілікке тартылатын. Алайда, айналып келгенде əйелінің жұмсақтық танытуы, яғни, жолдасына кешірім танытуы бұл жазаның орындалуына кедергі жасайтын. Көп жағдайда əйелдер арызды жазғаннан кейін, қайтадан қайтарып алады. «Балаларымның бетіне қалай қараймын, туысқандарым түсінбей қалар, бəлкім, кінəсін түсінген шығар» деп күйеулерін аяйды да арызды қайтарып алады. Ал, бұл зорлықшының жазаға тартылуына кедергі келтіруде.

Сондықтан, жалпы психологиямыз өзгермей қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту мүмкін емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп қуанып отырмыз, алайда, жоғарыда айтып өткенімдей, жұбайының райынан қайтып, арызды қайтып алуы мəселесінің баяғысынша шешілмей қала беруіне алып келеді. Өйткені, тəжірибе көрсеткендей, жылдар бойы күйеуінің тепкісінің астында өмір сүріп келген жандар өмірінің соңына дейін солай өмір сүреді. Ал, зорлықшы жазаланбағаннан кейін ол жағдай қайталана береді. Қазір елімізде көптеген дағдарыс орталықтары да жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Ең болмаса осы кеңінен насихатталса, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға демеу болар еді.

Ақмаржан ҚАЛЕКЕНОВА,

Ұлытау аудандық сотының əкімшісі басшысының м.а.