Шаруалар – шабындықта

Бүгінде ауыл шаруашылығын дамытуда, төрт түлік малдың санын көбейтіп, мал өнімдерін өндірудің көлемін арттыруда, халыққа экологиялық таза азық-түліктерді ұсынуда ауылдықтардың атқарып жүрген еңбегі орасан. Қаймана қазақтың ата кəсібі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқанын айтпағанда, мал өсіруді заман талабына сай жүргізіп, жетілдіруді, мал басын көбейтуді Терісаққан ауылы жақсы жолға қойған. Ауылдықтардың қажырлы еңбегіне, төзімділігіне, еңбекқорлығына қарап, еріксіз риза боласың.

Дала төсін мыңғырған малға толтырып, ата-бабаларымыздың кəсібін жалғастырып, ел-экономикасын өркендетуді, халықтың əл-ауқатын жақсартуды өздеріне мақсат тұтқан, нағыз дала ерлері солар десек, артық айтпағанымыз болар. Əсіресе, малға жайлы жерлерді көздің қарашығындай сақтап, шөбі шүйгін алқаптарды ұтымды пайдалана білген ауыл — Терісаққан. Нəтижесінде, елдің бақ-дəулеті артып, ырыс-несібесі еселеніп келеді. Əйтседе, төрт түлікті бағу, оны ит-құстан, табиғат апаттарынан қорғау əсте оңай емес. «Мал баққанға бітеді» деген сөз тегін айтылмаса керек. Төгілген термен, қажырлы еңбекпен келетін кəсіп. Мұны берік ұстанған шаруалар жауапты науқандардың ең маңыздысы – қыстық мал азығын дайындауда ерен еңбектің үлгісін көрсетуде.

Қазір терісаққандық шаруагерлердің қысқа қапысыз қамдануға кіріскен қарбалас шағы. Шабындыққа шалғы түсіп, көкмайса шөп шабыла бастады. Биыл ауыл бойынша 9 тонна шөп дайындау қажет болса, соның 5 тоннасын дайындап үлгерді. Шөп науқанына 9 МТЗ трактор, 1 комбайн қатысуда. Шаруа қожалықтарына ауылдастары да көмектесуде. «Елде болса, ерінге тиеді» дегендей жем-шөп қоры мол дайындалса, ауыл тұрғындарына да тиімді. Өйткені қожалық иелері өздерінен артылған шөпті келісімді бағамен сатылымға шығарады. Мұның өзі шөп шабуға, тасуға мүмкіндігі келмейтін жекеменшік иелеріне көп демеу емес пе?!

Бұйыртса, малшылар қауымы алдағы қысқа қажетті жемшөп қорын жеткілікті мөлшерде жасап алатын түрі бар. Тек, кездейсоқ табиғат апаттарынан, дала өртінен сақтасын дейік!

– Мал басын қаһарлы қыстан аман алып шығуға ең қажеттісі жем-шөп. Осы жолда фермерлер мал азығын дайындауда жоғары межеден көрінетініне сенімім мол. Қазір шөп шабу, оны тасу жұмыстары ойдағыдай өтіп жатыр, – дейді Терісаққан ауылдық округінің əкімі Жантөре Өскенбаев.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.