36 жыл корректор болған (Әлия Әбітова туралы бір үзік сыр)

Өзінен кейінгі жастардың ержеткенін көргенде қариялар «Біз қартаймағанда кім қартайсың…» деп жатады ғой. Кеше ғана құлын мүшесі көздің құртындай болған Əлия қазақ тал түс дейтін алпыс жасқа келгенін естігенде ойыма үлкендердің осы сөзі оралды…

Əлия деп отырғаным газетіміздің корректоры – Əлия Əбітова. Əрине, екеуміздің жас ерекшелігімізде анау айтқандай алшақтық жоқ. Құрдаспыз десек болады. Бірақ, қолыңда өскен түйенің тайлақ аты қалмайтыны сияқты қылшылдаған келіншек күнінен қатар жүрген Əлекеңді алпысқа қимайды да екенсің.

Біздің таныстығымыз сонау 1987 жылы басталды. Ол кезде газет аптасына үш рет шығатын болған соң ба, күндегі жұмыс «пятиминуткадан» басталатын. Сондай бір жиында Мақаң (Мағзұмбек Машайықов) аққұбаша келген, талдырмаш келіншекті ертіп кірді кабинетіне. Жиналғандардың көкейінде «Бұл кім болды екен?» деген сауал айтпай-ақ менмұндалап тұр.

– Ал, таныс болыңдар, – деді Мақаң елдің көкейіндегісін дəп басқандай. – Мына баланың есімі – Əлия, фəмилиясы – Əбітова. Өзіміздің Ұлытаудың қызы. Жезқазғаннан, облыстық «Жезқазған туы» газетінен келіп отыр. Мамандығы – корректор. Гүлдариғаның орнына жұмысқа аламын.

Əңгіме осымен тамам болды. «Гүлдариға» деп отырғаны бұрынғы корректорымыз. Ол кісі декреттік демалысқа кетіп, беттерді кезек-кезек оқып жүр едік. Корректордың келгеніне шын қуанып қалдық. Ал, облыстық газеттен ауысып келді дегенін естігенде таңданғанымыз да рас. «Ел облыстық газетке жете алмай жүрсе, мұнда келгені қалай?» дейміз.

Бəрі кейін мəлім болды. Əлиямыз ұлытаулық Қанат жеген жігітке тұрмысқа шығып, отбасы жағдайымен келген екен. Содан бері осы кешегі «Ұлытау өңірі», бүгінгі «Ұлытау» газетінде абыройлы еңбек етіп келеді.

«Абыройлы» деп əспеттеп айтып отырғаным да тегін емес. Өйткені корректордың жұмысы адамға көп абырой əпермейтін жұмыс. Мəтінді мұқият оқымасаң қате деген бəле «ұры иттей» сумаң ете қалады. Қате кетті дегенше, еңбегің зая кетті дей бер. Аяғында «ұры қаріпті» өткізіп жіберген корректор кінəлі болып, абыройсыз қалады.

Бірақ, бұл тұрғыдан келгенде Əлия мықты болып шықты. Асылы, алғашқы білім алған жерің қандай болса, келешегің де сондай дейтін рас па деймін. Əлия Қайсарқызының ең алғаш тəлім алған жері облыстық газет болды ғой. Ал, ол жерде кілең марғасқалардың қызмет ететіні белгілі. Оны Əлия да əркез мақтанышпен айтып отырады.

– Еңбек жолымды 1980 Жезқазғандағы облыстық «Жезқазған туы» газетінен бастадым. Ол уақыттағы облыстық газеттің редакторы Сабыр Сауытбаев деген кісі болды. Өте сауатты кісі болатын. Ең алғаш жұмысқа қабылданған кезде маған білікті корректорларды тəлімгер етіп қойды. «Мына балаға газеттің кухнясын толықтай үйретіңдер» деп тапсырды. Содан бастап мен жеті жыл облыстық газетте корректор болып жұмыс істедім.

Ол уақытта газет жетісіне үш рет шығатын. Газетке қатты қарайтын сол уақытта ұжымдағы қызметкерлер. Əсіресе – Сапабек Мырзатов, Мақұлбек Рысдəулетов, жұбайы Дəметкен Ахметова, Балтабек Əбеуов, Аппаз Қаражігітов, Сайлаухан Нəкенов, Ғалым Жайлыбай, Көбейсін Еңсебаев, Əлібек Əбдірашев, Батырбек Мырзабеков, Амандық Рахов ағаларымыздың талабы күшті болатын. Сол кісілерден сөз естіп қалмайық деп жанымызды да барымызды да салып оқитынбыз. Бақыт Балғарина, Шахмұрат Ибадатов, Қасым Орынбаев, Сара Смағұлова, Қуаныш Сихымбаев, Нұрперзент Домбаев, Төлеш Асанов сынды аға, апаларымыздан тəлім-тəрбиені көп алдым деп ойлаймын, – дейді Əлия өзінің жастық шағын сағына еске алып.

Əңгімеміздің басында айтып өткеніміздей, Əлия Əбітова 1987 жылы отбасылық жағдайына байланысты облыстық газеттен аудандық «Ұлытау өңірі» газетіне жұмысқа ауысты. Сол кездегі əріптестері – Болат Дəулетияров, Мұхтар Дəуітов, Аманкелді Бейсенбаев, Қуат Құрмансейітов, Құрманжан Сламахунов, Асанəлі Тəліпов, Рахымжан Молдыбаев, Ізтай Бейсенбаев, Мақсұт Дүйсеков, Аманбек Сүлейменов сынды қаламы қарымды журналистермен көп жыл қызметтес болды. Əсіресе, газеттің корректорлығынан жауапты хатшы қызметіне дейін өскен Гүлдариға Сыздықованы Əлия өзіне ұстаз тұтады.

– Осы газетте жұмыс істей жүріп Жезқазғандағы педагогикалық институтқа сырттай оқуға түстім. 36 жыл осы газетте қызмет істеп келем. 2018 жылы газетіміз «Ұлытау» болып өзгертілді. Оған редактор болып Елтынды Дүйсенбаев келді. Жаңадан оқу бітіріп келген мамандар Альмира Оспан, Перизат Шəмшібек, Жаннұр Тілеміс, Ақгүл Құдайберген сынды сіңілдерім келді. Бір кезде өзім алдыңғы буын аға-апаларымнан үйренсем, енді өзім кейінгілерге білгенімді үйреттім, – дейді Əлекең əңгіме арасында.

Бүгінде Əлия əріптесіміз үлкен бір шаңырақтың отанасы. Жолдасы Қанат Иманғажы аудандағы жоғары кернеулі электр желісі мекемесінде ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді. Əуелде монтер болып орналасқан ол бүгінде осы мекеменің мастері. Бір орында 40 жыл жемісті еңбек етіп отырған жан Қанекең.

Қанат пен Əлияның Ернар, Ажар, Мирас атты үш баласы бар. Олар да əр салада қызмет етіп, ата-анасына жəрдемші болып жүр.

– Немерелерім – Айша, Əділхан, Осман өміріміздің мəні мен сəні болып өсіп келе жатыр. Мен бақытты анамын. Өйткені анамның жасы биыл 88-ге толып отыр. Үйге барған сайын анамнан бата алып, марқайып шығамын. Бұрынғы біз білмейтін аңыз-əңгімелерді естіп, қуанып қаламын. Сондықтан да «анасы бар адам қартаймайды» дегендей, жасымның 60-қа келіп қалғаны «анамның батасының шапағаты» деп ойлаймын, – дейді Əлия ерекше бір марқайған көңілмен.

«Алпысқа келдіңіздер… Алпысқа келсек екен енді біздер…», деп жырлаған екен Мұқағали қырықтың қырқасында жүрген шағында. Сол айтқанындай, біздің буын да алпыстың асқарына шығып жатыр. Деңгейі бір болғанымен шығу жолдары əртүрлі. Солардың ішінде Əлияның жолы бір бөлек. «Ұлытау» газетінің ұжымы Əлиямен мақтанады. Ол заңды да.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.