Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың!

1972 жылы маусым айында Қарағанды облысы қаржы басқармасының басшысы иманды болғыр Қылыш Бадиннің тағайындауымен Ұлытау қаржы бөліміне салық инспекторы қызметіне тағайындалдым. Салық бөлімін марқұм Шаяхмет Жұманов басқаратын. Ел аралап Ұлытау ауданының жеке салық төлеушілердің жер және мүлік салықтары бойынша күні бүгінге дейінгі салық салынатын объектілерінің алғашқы бет есебін жасап едік.

Партия мен кеңес орындары қаржы саласында көп істетпестен мені Ұлытау ауданының жоғарғы кернеулі электр жүиесіне қосылуына байланысты “Целинэнерго” бірлестігі Қарағанды басқармасының Ұлытау ауданында ашылған “Энергосбыт” бөлімшесі н құруға жіберіп еді. Өмір, бір кездері мені Алматыға да апарып еді-ау. Алматы орталық құрылыс трессінің Медеу құрылыс басқармасының, құрамында сылақшы сыршыдан бастап жоғары биіктікте металл құрылғылар құрастыратын сирек мамандары бар, алпыс адамы бар кешенді құрылыс тобын басқарған едім. Табанның ізі, қолымның ісі өшпестей артымда Қазақстан қонақ үйі, «Медеу» тау сырғанағы мен таудағы тоғандағы төрт күнқағар, үлкен Алматы тоғаны т.б сол кезде бой түзеген әсем ғимараттар ел астанасы, күн дидарлы Алматының сәулеті мен дәулеті болып қалып еді-ау.. Басқа кітабымда егжей-тегжейлі жазылған соң қайталап жазбадым. Алматыдан ауылға оралып, Қазақ ССР-і қаржы Министрлігінің Ұлытау ауданы бойынша аға бақылаушы тексерушісі қызметіне 1979 жылы тағайындалып, қырық жыл кәсібім болып нанын жегізген қаржы саласына қайыра оралғанмын. Бірлігі мен берекесі жарасқан мекеме қызметкерлері бір атаның баласындай еді-ау. Уақыт төреші, һәм әділ ғой шіркін.. Жастықтың қызығын бір кешкен құрдасым Сүйіндік Жанұзақов марқұммен, Ұлытау қаржы саласының корифейлері Нұрғали Жарасбаев, Шаяхмет Жұманов, Әлмұхан Танабаев, Тоймағанбет Тұрманов, Қуаныш Байтілеуов, Қуанышбек Қатпаевтармен бірге істедік. Талай қызық күндерді өткізген Сәуле Әубәкірова, Кәмила Досетова, Жайлыбала Түсіпбекова, Ләйлә Ершуманова, Сәкен Шахманова, Мәшкура Ділімбетова, Сәуле Сәулембекова, Күлаш Мұқанбетовалар қаржы мекемесіне келгендегі жап жас кейпі кешегідей көз алдымда. Бүгінгі ардагер, құрметті зейнеткерлер. Әліпбеков Махсұт, Жүкенов Рахымбек, Мұқыш, Қорғанбеков Сәттібектермен әр кезеңде қызметтес болып едік. Нұрекең сырқаттанып, Қарағанды қаласында ұзақ уақыт емделетін болғасын, облыстық қаржы басқармасы өз жұмысым КРУдың үстіне меңгеруші қызметін атқаруды жүктеп еді.. 1986 жылдың жаз айында (ұмытпасам) Целиноград қаржы экономикалық техникумын бітіріп, жас маман Тасболат Шайхин жолдамамен келіп еді.. Ауыл шаруашылығын қаржыландыру бөліміндегі бос орынға тағайындадым. Шеңбер кеңшарының қаржы шаруашылық есебіне тексеріс жүргізіп жатқан кез еді. Бюджет мекемелерін қаржыландыру құжаттарына қол қойып, Шеңберге жүргелі отырғанымда:

– Ағай, маған не тапсырма бересіз? деп, кеңсеге Тасболат келген еді. Тасболаттың зерек, қабілетті, мінезі ашық, жұмысқа ынталы екені бір көргеннен байқағам. Жас жігіттің танымайтын ауылға алғаш келіп, үй жай сұрамай, жұмыс сұрағаны мені таңқалдырды. Ауылды аралап үй жай қарастырсын деп, ертеңнен бастап шығасың деп, бүгінгі жұмыстан босатқаным әлгіде.

– Тұратын үй жәйіңді қалай шешпексің? дегем.

– Ағай, үй жайдың бір жөні болар, соңыра жұмыс аяғынан соң қарастырармын деген. Сіз іс-сапарға жүргелі жатқан соң, Сіз келгенше атқаратын жұмыстарды сұрап қалайын деп келдім деген. Жас жігіттің жұмысқа деген ерекше құлшынысы барын көріп, сол кезде басыма бір ой келді. Ауыл шаруашылығы бөлімінің атқарар жұмысы кеңшар экономикасымен тығыз байланысты. Бөлім тоқсан сайынғы жыл сайынғы теңгерімдерді (баланс) қабылдап, ондағы есеп шоттардың байланысына қорытынды сараптама жасайтын. Сондықтан жас маманды кеңшарға апарып есеп құжаттарымен таныстырайын, болашақ жұмысына іс жүзінде бағыт бағдар берейін деген ниетте, “менімен іс сапарға жүресің”, дегем.

Нұрекеңнің және біздің көз алдымыздағы жас маман, бала Тасболат, бүгінде ел басқарып кемеліне келген, дана Тасболат болды. Жас өспей межарлы байымай ма дегендей, Ұлытау қаржы саласының іргетасын қалаған Нұрекеңнен, аға буын біздерден тәлім алды, бата алды. Әр ұстазға өз тәлімгерінің мәртебесі өзінен жоғарлағанын көру- зор Ғанибет ал оны ұрпаққа ұлағаттап кітапқа жазу, елге айту келешек ұрпаққа, келешек қаржыгерлерге — зор Ұлағат. Жастық қуаттың, нұрлы ақылынан туған төзімділігі мен мақсаткерлігі, бар ғұмырын бар бақытын киелі Ұлытаудың босағасынан тілемекші болды… «Жақсы әйел – жігітке біткен бақ, Жақсы жер, жайлы қоныс – алтын тақ» дегендей бақты да тақты да Ұлытаудан тапты, шаңырақ көтерді. Таулықтардың ақ батасын алды. Бір тал жас шыбық бүгінде еліне сыйлы, өнегелі отбасы, немере сүйген, ата мен әже. Киелі Ұлытаудың киесі қонып Қыдыры дарып еңбегі жанды. Жаны адалды әрдайым қолдайды Аллам демекші, адал еңбек, адал ризықпен 30 жыл аудандық қаржы экономика бөлімін басқарып, сеніп тапсырған қаржы қоржынын шашпай төкпей, талан таражға ұшыратпай ел игілігіне жаратумен келеді.. Аттың азбасы – бестісі, Жігіттің азбасы – естісі демекші Тасболат бүгінде Қазақстанға танымал, Ұлытаулық айтулы қаржыгері.

“Атаңа не қылсаң алдыңа сол келер” демекші, қаржы саласының ардагері Нұрғали Жарасбаевтың мыстан құйдырған мүсіні қаржы ғимаратының қабырғасында ілулі тұр. Жансыз мүсінде ұрпақ санасын сәулелендіретін, жан дүниесін тазартатын қасиет бардай. Әруақ ұшпалы, Рух көшпелі демекші Нұрекеңнің әз Рухы өзі салдырған ғимарат пен өзі еккен ағаштары мен өзі тәрбиелеген ұрпағының төңірегін желеп жебеп жүрген де болар. Соңыңда мал қалмасын, тал қалсын дегендей Нұрекең ізгілік пен игілікке тірісінде қол жеткізген тұлға. Ізгілікке ие болған адамның көзі тірісінде де өлгеннен кейін де ел аузында қалары ақиқат. “Ақынның мұрасы өлмес” демекші, жарты ғасырдан асқан әңгімелерді бүгінгі күнге жеткіздім, жаңа ғасырға жаңа ұрпаққа жеткізуді осы жазған дүниелеріме тапсырдым….

Мұханбетжан Әбілұлы,

Қазақстан Республикасы қаржы саласының ардагері, жазушы.